4-5 мамыр күндері Алматы қаласында өткен GITEX AI Kazakhstan 2026 халықаралық технологиялық көрмесі Қазақстанның жасанды интеллект, цифрлық экономика, стартаптар және халықаралық инвестиция саласындағы жаңа кезеңге өткенін көрсетті. Форумға 60-тан астам елдің өкілі, жүздеген технологиялық компаниялар мен стартаптар, инвесторлар, мемлекеттік сектор, бизнес және ғылым өкілдері жиналды. Цифрлық мемлекет құру, AI-экономиканы қалыптастыру, халықаралық технологиялық ынтымақтастықты күшейту және Қазақстанды Орталық Азия нарығына кіру нүктесі ретінде таныту басты назарда екені байқалады. Сонымен қатар бұл алаңның тағы бір бірегей ерекшелігі ретінде көптеген жаһандық бренд Cisco мен Cloudflare, Dell және H3C, сондай-ақ Hikvision, Huawei, Kazakhtelecom, Lenovo, Presight, QazCode, Redington, Salesforce және Yandex секілді әлемдік деңгейдегі алпауыт компания өздерінің жасанды интеллект, машиналық оқыту мен гиперскейл-бұлттар саласындағы озық әзірлемелерін ұсынды. Бұған қоса, көрме қонақтары киберқауіпсіздік, финтех, 5G технологиялары мен «ақылды қала» жүйелеріне арналған жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік алды.
Стратегиялық келісімдер мен инвестициялық мүмкіндіктер
GITEX AI Kazakhstan-тың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша мазмұнды пікірталастар мен қабылданған шешімдер елдің стратегиялық хаб ретіндегі рөлін тағы да растады. Мұнда жаһандық қатысушылар, инвесторлар меморандумдарға қол қойып, кеңес шешімдерін қарастырып, Қазақстанның цифрлық бағытын іс-шара аясынан әлдеқайда кең деңгейде айқындайтын инвестициялық кездесу өткізді. Көрме алаңында 43 елден келген 336 компания мен стартап, сондай-ақ 186-дан астам инвестор өз жобасын ұсынды.
Солардың ішінде «Atlassian» компаниясының көрмеге қатысуы ерекше назар аудартты. Бірлескен жұмыс платформаларын әзірлейтін жаһандық компания Қазақстан нарығына алғаш рет шығып қана қоймай, бірінші рет GITEX іс-шарасына қатысты. Компания System of Work атты AI-платформасын, соның ішінде жеке және мемлекеттік секторда қолдануға болатын Rovo AI құралын таныстырды.
– Rovo AI-ды әлем бойынша күн сайын 5 миллионнан астам адам қолданады. Оның ерекшелігі – әзірлеушілер мен IT-қызметтерден бастап HR және бизнес бөлімдерге дейінгі командалардың барлығына арналған интеллектуалды қабат ретінде жұмыс істеуінде. Бұл жаңа нарық, ал GITEX AI Kazakhstan бізге тамаша бастау нүктесі болды, тұтынушылармен және технологиялық серіктестермен кездесіп, өңірдің нақты қажеттіліктерін түсінуге мүмкіндік берді. Біз тіпті шифрлау, деректерді басқару және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бейінді мамандармен таныстық, осылайша телеком және банк секторындағы жергілікті бизнеске бейімделген шешімдер әзірлей аламыз, – дейді «Atlassian» компаниясының Орталық-Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы серіктестермен жұмыс жөніндегі жетекшісі Яна Кунакбаева.
5G және цифрлық трансформация
Елдегі 5G технологиясын алғашқылардың бірі болып енгізген ең ірі мобильді операторлардың бірі Kcell форумға ұлттық цифрлық трансформацияның нақты тәжірибесін ұсынды. Компания үшін жасанды интеллект тек болашақ тренд емес, желілерді тиімді басқару мен клиенттерге қызмет көрсетудің құралы ретінде қарастырылды.
– Kcell компаниясында біз жасанды интеллектіні клиентпен жұмыс істеуді жақсартуға және желілерді тиімдірек басқаруға көмектесетін практикалық құрал ретінде қарастырамыз. Бұл, әсіресе, бизнеске тұрақты әрі қорғалған байланыс ретінде қажет болатын Private LTE/5G үшін маңызды. Бүгінде біз Қазақстанда Private 5G шешімдерін енгізу бойынша бірінші орындамыз және компаниялардың цифрлық трансформациясына қолдау көрсетіп келеміз. Біз үшін GITEX AI Kazakhstan – серіктестермен кездесіп, Орталық Азиядағы цифрлық нарықтың қалай дамып жатқанын талқылауға арналған тамаша алаң, – дейді Kcell компаниясының бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин.
Инвесторлар Орталық Азия нарығына назар аударды
Форумның экономикалық мазмұны инвестициялық күн тәртібімен де ерекшеленді. GITEX AI Kazakhstan 28 елден келген, жалпы басқарудағы активтері 200 млрд АҚШ долларын құрайтын 100-ден астам инвесторды біріктірді. АҚШ, Жапония, БАӘ, Франция, Түркия, Ұлыбритания және басқа елдерден келген қорлар Орталық Азияның қарқынды дамып келе жатқан стартап экожүйесіне назар аударды.
GITEX AI Kazakhstan конференция бағдарламасы көрменің мазмұнын тереңдетті. Мұнда жасанды интеллект тек бағдарламалық өнім ретінде емес, өнеркәсіптің, энергетиканың, климаттық саясаттың, деректер орталықтарының, қаржының және қауіпсіздіктің жаңа негізі ретінде қарастырылды. Конференцияда гиперскейл инфрақұрылымнан бастап климатқа бағытталған инновацияларға дейінгі тақырыптар қамтылды.
Trusted Kazakhstan сессиясы шараның негізгі мазмұнын ашты. Егер негізгі павильондарда технологиялық шешімдер мен инвестициялық келісімдер талқыланса, бұл панельде елге келетін адамдардың таңдауы, олардың кәсіби жолы, өмір сапасы, экожүйеге бейімделуі және Қазақстанды ұзақ мерзімді даму алаңы ретінде бағалауы сөз болды.
– Trusted Kazakhstan еліміздің жаһандық цифрлық экономикамен ықпалдасқан, ашық әрі бәсекеге қабілетті технологиялық орта қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді. Қазақстан халықаралық IT және ЖИ мамандары, кәсіпкерлері мен технологиялық компаниялары ұзақ мерзімді жұмыс істеп, ауқымын кеңейтетін елге айналып келеді. Біз IT-таланттарды тарту тетіктерін дамытып жатырмыз. Олардың қатарында Digital Nomad Visa, Digital Nomad Residency және E-residency бар. Сонымен бірге өмір сүру мен жұмыс істеуге арналған тұтас инфрақұрылым қалыптастырудамыз. Бұл тек мамандарды тартуға ғана емес, білім алмасу, команда дамыту және жаңа құзыреттер қалыптастыру арқылы адами капиталды күшейтуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде технологиялық кәсіпкерлік пен IT-экспорттың тұрақты өсуіне негіз қаланады, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.
GITEX AI Kazakhstan 2026 көрмесі елдің цифрлық болашағын айқындаған маңызды белес. Алматыда өткен екі күндік алаң жасанды интеллект пен озық технологиялардың ендігі жерде жекелеген салалардың ғана емес, тұтас экономиканың даму қарқынын өзгертетін күшке айналғанын көрсетті. Ірі жаһандық компаниялардың келуі, инвесторлардың қызығушылығы, отандық стартаптардың белсенділігі және мемлекеттік цифрлық саясаттың нақты мазмұнмен толықтырылуы Қазақстанның Орталық Азиядағы технологиялық хаб ретіндегі орнын нығайта түсті.
Бетті дайындаған София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!