Сәрсенбі, 13 мамыр, 01:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 (2247)
13.05.2026
PDF мұрағаты

Камила Досанова, №3 қалалық емхананың микрореакция мейіргері: Халықтың алғысы қымбат

13.05.2026

24 0

Мейірбике – науқастың саулығына жауапкершілікпен қарайтын жанашыр маман иесі. Осы орайда, науқастардың дертіне шипа табуына атсалысып жүрген денсаулық сақшыларының еңбегін ерекше атауға болады. Адам жанының арашасы болу, науқасқа мейірім мен қамқорлық сыйлайтын мейіргерлердің еңбегі қашанда бағалы. Осы мереке қарсаңында №3 қалалық емхананың микрореакция мейіргері Камила Досановамен сұхбаттасқан едік.  Көп жылдық тәжірибесі бар маман өз мамандығына деген адалдығы, науқастарға деген жанашырлығы арқылы әріптестері арасында сыйлы.

– Медицина  саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мейіргер болу бала күнгі ар­маныңыз ба?

– Иә, бұл менің бала күнгі ар­маным десем болады. Анам хирургия бөлімінің аға мейіргері болып жұмыс істеді. Кішкентай кезімде оның жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтынын, адамдарға көмектесіп жүргенін көріп өстім. Ақ халат киген анам маған әрдайым ерекше көрінетін. Сол кісіге қарап қызығып, дәрігер болуды армандадым. Дәрігер бол­масам да арманыма біртабан жақындадым. 

– Еңбек жолыңызды қай жерде бастадыңыз? Осы уа­қыт аралығында медици­на саласындағы қандай өзгеріс­тердің куәсі болдыңыз?

– Еңбек жолымды ауылдан бастадым.  2003 жылдың қаңтар айында Жанақорған ауданында­ғы  перзентханасының реанима­ция бөлімінде балалар мейіргері болып жұмысқа орналастым. Жас маман ретінде алғаш жұмысқа кіріскен кездер әлі есімде. Ол кезде қазіргі кездегідей заманауи технологиялар көп емес еді. Көп жұмыс қолмен жасалатын. 2012 жылы Қызылорда қаласына көшіп келуіме байланысты осы №3 қалалық емханаға жұмыс­қа орналастым. Алдын алу және әлеуметтік және психоло­гия­лық  көмек көрсету бөлімінің мик­рореакция кабинетінде мейір­гер болып қызмет атқарамын. Осы салада жұмыс істегеніме  24 жыл болды.  Осы жылдар ішін­де медицина саласы айтар­лықтай өзгерді. Қазір жаңа тех­нологиялар, заманауи аппараттар, цифрлық жүйе енгізілген. Бұрын кейбір зерттеулер ұзақ уақыт алатын болса, бүгінде нәтижелер жылдам шығады. Бұл – дәрігерлер мен мейіргерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.

– Мейіргер деген кім, қыз­меті қандай, міндеті не? Осы жайында толық айтып берсеңіз.

– Мейіргер – денсаулық сақ­тау саласындағы маңызды мамандық иесі. Ол дәрігердің кәсіби көмекшісі ғана емес, науқастарға күтім жасайтын және емдеу процесіне тікелей қатысатын орта буынды меди­циналық маман. Мейіргер диаг­ностикалық жұмыстарға қа­тысады, науқастың жағдайын бақылайды, дәрігердің тағайын­дауларын орындайды. Сонымен қатар науқасқа психологиялық қолдау көрсету де маңызды мін­деттердің бірі. Кейбір адамдар ауруханаға түрлі аурруларын ой­лап, қорқып келеді. Сондай кезде жылы сөз айтып, сабырға шақырудың өзі үлкен көмек.  

– Сіздіңше, мейіргердің нау­қасқа деген қарым-қаты­насы қандай болуы керек? Науқастармен жұмыс бары­сында қандай қиындық­тар кездеседі?

– Ең алдымен мейірімді болу керек. Сонымен қатар сабыр­лылық, жауапкершілік, ұқып­ты­лық маңызды. Себебі біз адам денсаулығына жауаптымыз. Науқастардың мінезі де әртүрлі болады. Біреуі ашулы, кейбірі уайымдап келеді. Осындай жағ­дайда әр науқасқа түсіністік­пен қарап, сабыр сақтай білу қажет. Кез келген жұмыс қиындықсыз болмайды. Кейде науқастар өз жағдайын дұрыс түсінбей қалады немесе ем қабылдаудан қорқа­ды. Кейбір науқаспен тіл табы­су қиын болуы мүмкін, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарды көру психологиялық тұрғыдан да әсер етеді. Бірақ осындай қиын­дықтарға қарамастан, біз әр науқасқа көмек көрсетуге тырысамыз. Себебі медицина қыз­меткерінің басты міндеті – адам денсаулығына жауапкер­шілікпен қарау.

– Мейіргер қызметіне не нәрсеге рұқсат, не нәрсеге тыйым бар?

– Дәрігердің тағайындауын­сыз өз бетінше диагноз қоюға немесе тағайындауға болмайды. Бұл – өте маңызды талап. Сонымен қатар науқастың жеке мәліметтерін жариялауға, ме­ди­циналық этиканы бұзуға болмайды. Әр науқастың құ­пия­сы сақталуы тиіс. Одан бөлек санитарлық талаптарды сақта­мау үлкен қателік болып саналады. Себебі тазалық – меди­ци­надағы ең маңызды та­лап­тардың бірі.

– Жұмыс барысында есіңізде қалған оқиға…                  

– Бір күні емханаға кіш­кентай бала келді. Ол қатты қорқып, жылап, дәрігерлер мен мейіргерлерге жақындамай қой­ды. Ем қабылдағысы келмей, анасынан айырылмай қалды. Сол кезде мен баламен жай сөйлесіп, оны тыныштандыруға тырыстым. Оған ойыншық беріп, көңілін басқа жаққа аудар­дым. Біраз уақыттан кейін бала тынышталып, маған сенім біл­діре бастады. Кейін емін де жыламай қабылдады. Осындай сәттер тек медициналық көмек емес, адамға психологиялық қолдау көрсету қажет екендігін аңғартады.

– Мейіргер бойында қандай қасиет болу керек?

– Менің ойымша, мейіргер мамандығына ең алдымен мейі­рімді, сабырлы және жауап­кершілігі жоғары адам келу керек. Себебі науқастар әртүрлі жағдайда болады: біреуі ауырып қиналса, біреуі қорқып немесе уайымдап жүреді. Сондықтан мейіргер оларға түсіністікпен қарап, жылы сөйлей білуі қажет. Тағы бір атап айтарлығы, мейір­гердің психологиялық тұрғыда мық­ты болуы. Кез келген жағ­дайда эмоцияға берілмеуі керек. Ауырып келген адаммен бірге жылап, онымен бірге сас­қалақтап, эмоцияға беріліп тұр­саң, уақыт өтіп кетеді. Кө­мектесіп үлгермей қалуың мүмкін.

– Халықтан алғыс алған кез­дегі әсеріңіз…

– Науқастың шынайы алғысы бізге үлкен мотивация береді. Кейде жұмыста шаршаған сәттер болады, бірақ науқастың «рахмет» деп шын көңілмен айт­қаны барлық еңбектің ақтал­ғанын сездіреді. Әсіресе нау­қастың жағдайы жақсарып, кү­лімдеп шыққанын көру бізге қуаныш сыйлайды.

– Мейіргер жұмысын одан әрі жақсарту үшін не істеу керек? Маман ретінде пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Ең алдымен мейіргерлер­дің еңбегін бағалау қажет.  Олардың жұмыс уақыты мен демалысы дұрыс ұйымдастырылса, олар өз міндетін сапалы атқара алады. Сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтар мен таза жұмыс ортасы да маңызды. Тағы бір маңызды нәрсе – білімді үнемі жетілдіру. Мейіргерлер жаңа меди­циналық әдістерді үйреніп, тәжірибесін дамытып отыруы керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: