Сәрсенбі, 13 мамыр, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 (2247)
13.05.2026
PDF мұрағаты

Құрылыс алаңына айналған қала

13.05.2026

23 0

Облыс орталығында құрылыс қарқынды жүруде. Жолдар жөнделуде. Бүгінге дейін бірқатар жаңа нысан, тұрғын үйлер ел игілігіне берілді. Шаһарда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, жаңарған жолдар, салынып жатқан әлеуметтік нысандар қатары аз емес.

Атап айтқанда, «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, Әлем, Азия ойындары секілді халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған. Пайдалануға берілгеннен кейін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге ыңғайлы болмақ. Нысанды осы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар сол жағалаудағы 600 пәтерлік 5 және 9 қа­батты 10 тұрғын үйдің  құрылысы аяқталғанын тұрғындар асыға күтіп жүр.  Жобаға 11 млрд 364 млн теңге қаралған. 33 мың шаршы метр заманауи тұрғын үй кешенінде 8 ойын және воркаут алаңы, 3 демалыс аймағы орналасады.

Қаламызда салынып жатқан ірі медициналық жобалардың бірі – 300 төсектік көпбейінді аурухана. Ауқымды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асуда. Жоба аясында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана да қарастырылған. Құны 36 млрд 416 млн теңгені құрайтын жоба өңірдегі халықаралық стандарттарға сай ең ауқымды медициналық кешендердің бірі саналады. Құрылысты «Мелиоратор» серіктестігі жүзеге асыруда. Аурухана зама­науи техникалық шешімдер негізінде жобаланған. Мұнда диагностика мен емдеудің инновациялық тәсілдері енгі­зіліп, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ онкологиялық бөлімшенің ашылуы да маңызды.

Қала тұрғындары үшін маңызы бар жобалардың бірі – ауысымына 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхана­ның жаңа ғимараты. Бұл нысан әсіресе, Титов шағын ауданы мен оған іргелес аумақтарда тұратын халық үшін аса маңызды. Жалпы құны 9 млрд 823 млн теңгені құрайтын нысан­ның аумағы 9 мың шаршы метр болады. Заманауи талаптарға сай салынатын ғимарат жоғары сапалы технологиялар­мен жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Емхана халыққа амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық медициналық қызмет көрсететін көпсалалы орталық болмақ. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімімен қатар, акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, профилактика, мамандандырылған және шұғыл көмек бөлімдері жұмыс істейді.

 «Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: