Ұлт ұстанымындағы ізеттіліктің ұстыны – алғыс пен қайырым. Құшағы кең қазақ тағдырдың тәлкегіне түскен қаншама жанға қамқор болып, мұқтажға мейірім төкті. «Алғыс алған арымас» деген мәтелді жадына тұтып, тарыдай шашылған өзге ұлт өкілін бір шаңырақ астына жұмылдыруға күш салып, дархан пейілін көрсетті. Нәтижесінде жақынға балап, жылылық көрсеткен халықтың жақсылығын өзге ұлт өкілдері де ұмыт қалдырмай, қайда жүрсе де айта жүрді. Қайырымға қарымта, ізетке ілтипат білдіріп, бірлікте екенін көрсетуге барын салды. Қай салада болмасын еңбек етіп, туған жерге, өскен ортаға адалдығын, алғысын білдіріп келеді.
2016 жылғы 14 қаңтарда еліміздің сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялаған еді. Елбасы арнайы Жарлыққа қол қойып, егемен елдің ертеңін бағамдайтын маңызды шешімнің бірін қабылдады. Алғыс айту күнінің басты мақсат-мұраты да өткеннен сабақ алу, келешекке оң үлгі аманаттау екені даусыз.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халық даналығы. Шындығында, тыныштық пен үндестік үстемдік құру үшін мейірім биіктемей бейбіт күннің орнамасы белгілі. Әбіш Кекілбаевтың «Азаттыққа үйрену – ең алдымен ынтымаққа үйрену» деген қанатты сөзінің мәні де осында жатса керек. Мейірімсүйгіш қасиет қазақтың қанында болғасын ба, әйтеуір жан баққан адамға жәбір көрсетпей, тағдыр айдап келген қай ұлт пен ұлысты болсын бауырына басты.
Бүгінде тағдырдың тәлкегімен Отанынан жырақтап, қазақтан пана тапқан қаншама ұлт пен ұлыс еркін елдің толыққанды мүшесіне айналып, ұрпақтары Тәуелсіз елдің дамуына қызмет етуде. Тіпті 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, өзге ұлт өкілдері бір арнаға тоғысуға мүмкіндік алды. Мемлекет өзге ұлттың өзіміздей құқы бар екенін білдіру үшін Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріп, ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығын сыйлады. Осылайша этнос өкілдерінің қазақ қоғамындағы саяси-мәдени өмірінің жаңа кезеңі басталған еді.
Алғысқа бөленген күн
Биыл карантин талабы мен індет салдары Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтуге мүмкіндік бермеді. Алайда аймақтағы өзге ұлт өкілдері әлеуметтік желі арқылы құттықтауын жолдап, алғыс артқан алғаусыз тілегін арнап жатыр. Оған қоса өзге ұлт өкілдері бас болған онлайн шаралар апта бойы айтулы датаның мән-маңызын ашпақ. Осындай өнегелі іске ұйытқы болып жүрген «Lev ami» Еврей этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Вера Иванова:
– Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Алғыс айту күні ғана емес, өзге күндерде де қазақ елінің жанашырлығын, қамқорлығын ұмытқан емес. Өзара сенім мен құрмет бір шаңырақ астына біріктіріп, кемел елдің іргетасын қалауға жол ашты. Бұл күн – Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының сәтті нәтиже бергенінің көрінісі. Бұл күн – этнос өкілдерінің киелі мекені болған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген шексіз алғысының көрінісі. Себебі саяси ықпалмен қоныс аударуға мәжбүр болып, қиын-қыстау кезеңге тап келген этнос өкілдерінің ауыртпалығын қазақ елі бірге көтеріп, қилы сәтті бірге еңсерді. Мұны өзге ұлт өкілі ешқашан ұмытқан емес. Өткен тарих өнегесімен құнды. Ата-баба бастан кешірген қиын сәтте жанынан табылған қайырымды халық әлі талай этносқа қамқор боларына сенемін. Сондықтан қуғын-сүргін мен күштеп жер аударылған ұлт өкілдеріне қамқор болған қазақ халқына алғысымыз шексіз, – деді.
Өзгелер қалай алғыс айтады?
Алғыс айту күні тек қазаққа тән мереке емесі белгілі. Әлемде мұндай мәндегі мереке көп кездеседі. Мәселен, 1621 жылы жергілікті үндістер Америка құрлығын отарлаушыларды қаһарлы қыстан аман алып қалып, ерекше ерлік танытқан. Кейіннен бұл күн Жаратушыға құлшылық ету мен көмек бергендерге ризашылық білдіру күні есебінде тойланған. Ал Джордж Вашингтон 1789 жылы ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялап, маңызын арттыра түсті. Мұндай мазмұндағы мереке Израиль, Вьетнам, Қытай, Барбадос, Жапония секілді елдер де мереке есебінде аталып өтіледі.
Әрине біздегі алғыстың орны бөлек. Бұл – қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің кең пейіл жұртқа алғаусыз алғыс білдіретін күні. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегенді қаперге алсақ, айтылған алғыс ұлт болашағын жарқын етуге жол ашары сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!