Отбасы – шағын мемлекет. Адамның бойындағы барлық қасиет отбасында жетіледі. Әр адам отбасында өз жауапкершілігін, қоғам алдындағы міндетін дұрыс түсінуі тиіс. Өмірлік тәжірибеге сүйенсек, егер біз дамыған, қылмыссыз қоғам құрамыз десек, ең алдымен отбасындағы жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп-көріп, ұстап-татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды танитындығы сондықтан. Білгені-көргені көп адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады екен. Бала жақсы болу үшін оған әсер етуші ортаның да жағымды болуы қажет» деген. Қай замандағы ұрпақ тәрбиесінде де осы сөздің мағынасы мен маңызы өміршең деп білемін.
Қазақ халқы қай кезде де отбасы, ошақ қасы мәслелелеріне немқұрайлық танытқан емес. Ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрлер мен адами ізгі қасиеттердің «қайнайтын қазаны» – отбасы. Бала отбасынан өнеге, тәрбие алады, ата-анаға қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана отбасының берекесін сақтауға жауапты. Отбасындағы береке қай істі болсын, жоспарлы, келісіп пішілгеннен бастау алады. Мәселен, отбасындағы қаржыны бөлу, әр баланың қажетін реттеп отыру, үй тіршілігінде үнемді, ұқыпты болу әйелдің жауапкершілігінде. Бұл балаға да әсер етеді, оны ұқыпты, үнемді, еңбексүйгіштікке баулиды. Бала тәрбиелі болу үшін ата-ана білімді, кез келген мәселеге әділ, қоғамдық құбылыстарға сын көзбен қарай білуі, баланы еңбекке, үй тіршілігіне, қолғабыс етуге үйреткені абзал. Еңбексүйгіш бала өмірде батыл, белсенді болады. Бала үйде көргенін жасайды. Сондықтан қазақ отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген, баланың көзінше бейәдеп іске бармаған, бейпіл сөйлемеген. Ата-ананың қоғамда, отбасында беделді болуы мінез-құлқында, іс-әрекетінде, әрдайым өзін ұстай білуіне байланысты. Әке мен ананың еңбексүйгіштігі, сыпайы мінезі мен шыншылдығы, қоршаған ортаға дұрыс көзқарасы баланың ой-өрісіне, мінез-құлқына тікелей әсер етеді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалы бекер емес. Бүгінде бала тәрбиелеуді қарнын тойдырып, айтқанын істеп, қажетін өтеу деп түсінетін ата-аналар да жоқ емес, бұл – үлкен қателік. Өйткені тәрбие тек баланың қажеттілігін өтеуден тұрмайды, бастысы, баланың уақытты дұрыс пайдалануына, пайдалы іспен айналысуға көңіл бөлу қажет.
Жалпы, адамға ең бірінші тәрбие берілуі керегі дәлелдеуді қажет етпейтін өмір сабағы. Мектеп пен ата-ананың міндеті – әр баланың бақытын, қабілетін ашу, қоршаған ортаның әсемдігін сезіну, өзгелерге жақсылық жасауға үйрету, бір сөзбен айтқанда, нағыз адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – өте күрделі де нәзік іс. Баланың өмірге келуі – әке, ана атандым деген сөз емес, ата-ана болудың өлшемі шынайы адами достықтан бастау алады. Ата-ана бір-бірімен, одан қалды екеуі баламен рухани қарым-қатынас орнатпайынша, тәрбиелеу мүмкін емес. Бірін-бірі түсініскен ортада нағыз тәрбие қалыптасады. Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтірмейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Ол үшін тәрбиешілердің әлеуметтік мәселесін арттырып, жалақыны көбейту керек» деген-ді. Шындығында біздің қаламызда да жеке балабақшалар баршылық. Олардың ішінде өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бүлдіршіндерді тәрбиелеуде тынымсыз еңбек ететін балабақшалар бар. Дегенмен өз жекеменшігі санаған, балабақша ісіне бизнес деп қарайтын кәсіпкерлердің жеке үйден ашқан балабақшасында бала тәрбиесі қалай болып жатыр? Жеке балабақшалардың жұмысы қоғамдық ұйым, тиісті мекеме тарапынан тексеріліп отыруы тиіс деп санаймын.
Әйелдік тағдыр қай кезде де жеңіл болмаған. Біздің әже-аналарымыз бастан кешкен қиындықтар шын ерлік. Өмірлері қандай ауыр, қиын болса да, отбасы берекесін қашырмады, бала тәрбиесіне үлкен мән берді. Бар тірлікті қолмен атқара жүріп, ұлттық салт-дәстүрді де, қолөнерді де, ұлттық тағам даярлауды да ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білген аналарымыздың орны бөлек. Сонымен қатар ел ішіндегі дау-дамайды шешуге, керек болса, қолына қару алып, атқа мінуге де әзір болды. Бар қиындықты ермен бірдей көтере жүріп, отағасының абыройын асқақтатты. Отбасында әкенің орнын жоғары бағалап, «әкеңнен сұра» деген бірауыз сөзбен тәрбиеледі. «Қайран, біздің аналар, арды ойлаған» демекші, аяулы аналарымыздың өмірі өнегеге толы.
Халқымыз қашанда ер-азаматты шаңырақ иесі, асқар тау, отбасы тірегі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы дейді. Заман көші ілгері озған сайын аналарымыз қоғамдық жұмысқа белсене араласты, басшылық қызмет тізгінін де ұстады. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық саласында әйел араласпайтын жұмыс жоқ. Өмірге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеу – әйел үшін ең қасиетті, ең үлкен парыз. Өмір оның тағдырын осы тұрғыдан өлшеп, осы тұрғыда бағалауын талап етеді. Бала тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесі тікелей анасына байланысты. Себебі халқымыз «Анасын көріп, қызын ал» демей ме? Ал әкенің орны қашанда төрде. Әкеге артылар жауапкершілік те жоғары. Әрбір азамат әке деген құрметті де, құдіретті атқа дақ түсіріп алмай, өнегелі тәрбие бере алса, ардақты әке атына лайық болары сөзсіз.
Еліміз дамыған елдердің көшбасынан, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көрінуі үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды ескеруіміз керек. Сол үшін күнделікті тіршілікте ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды, ізгі қасиеттерді дендеп енгізу қажет. Ұрпақ тәрбиесіне келгенде аға буын алдындағы жауапкершілік жоғары. Біз соны ұмытпауымыз керек.
Рәзия ҚАЛЖАНОВА,
ардагер
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!