Жұма, 26 сәуiр, 17:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлт рухын ту еткен тау тұлға

18.04.2023

469 0

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде тарихта есімі алтын әріппен жазылған мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлт рухын ту еткен тау тұлға» атты  тарихи-танымдық іс-шара өтті.

Өзінің 40 жыл ғұмырында түрлі салада еңбек етіп, өшпес із қалдырған қайраткердің мәдениет, өнер саласына қосқан үлесі зор. Ұлттық құндылығымыз бен мәдени мұралардың жойылып кетпей, бүгінгі күнге дейін сақталуына оның сіңірген еңбегі орасан. Шараны өткізудегі басты мақсат – жас оқырмандарға қайраткердің өнегелі өмір жолын, қызметін таныстыру, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату, ел жолында аянбай еңбек етудің үлгісін қалыптастыру.

Шараға шығармашылық үйінің қызметкерлері, С.Лапин атындағы №261 мектептің ұстаздары мен оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Рухани кеш барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Жұмабекқызы Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ал қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист, ұлттың кемел келешегі үшін аянбай қызмет еткен қайраткер тұлғаның ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы жайлы ой өрбітті.

Сонымен қатар жас оқырмандар Н.Қанибек, Қ.Барысбай, Ә.Ізбасар, Н.Зейнулла қазақ өнері мен әдебиетінің  кең қанат жаюына орасан үлес қосқан Алаш ардақтысы Т.Жүргеновтің монологын, аймаққа танымал ақын Ә.Рахымбекұлының, А.Рахметовтің, Ж.Әбдірейімұлының арнау өлеңдерін оқыды. Өнерлі оқырман С.Жаппасбай мен Н.Зейнулла халық әні «Ақ толғайды» нақышына келтіре орындап, кеш ажарын ашты.

Шығармашылық үйінің фойесінде Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік және қаламгерлік тұлғасы жайлы кең көлемді «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі қойылып, библиографиялық шолу жасалды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: