Бейсенбі, 10 қазан, 03:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Жеке тұлғалардың банкроттығы несиеден құтылуға мүмкіндік бере ме?

25.01.2022

1672 0

2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесі 9,93 трлн теңгені құраған. Оның 5,77 трлн теңгесі тұтынушылық мақсатта рәсімделген. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының көбінде несие бар екенін дәлелдейді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Үкімет отырысында бұл мәселеге арнайы тоқталған болатын.

– Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын, – деп Президент жауапты салаға мәселені шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысының 11 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова несие беру шартына енгізілген бірқатар өзгерістерді баяндады. Одан бөлек агенттік төрайымы елде орын алған төтенше жағдай кезінде жеке және заңды тұлғаларға несие саласындағы енгізілген жеңілдіктер туралы айтты.

Ол өз баяндамасында бүгінгі таңда қазақстандық банктер капиталының жеткіліктігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асатынын айтты. Осы орайда төтенше жағдай кезінде агенттік жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге шегеруге мүмкіндік беру бұйрығын қабылдаған. Төлем мерзімінен асып кетсе де банктерге айыппұл немесе өсімпұл есептеуге тыйым салған.

Ал Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаға, яғни тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік бірнеше шешім қабылдаған.

– Біріншіден, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу шеңберінде жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданатын болады. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшемшарттары алып тасталады. Тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады, – деді Мәдина Ерасылқызы.

Яғни ендігі кезде банктер төлем жасау қабілеті жеткіліксіз, бұрын қарыздарын уақытында өтемегендерге кредит бере алмайды. Агенттік төрайымы сондай-ақ Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданатынын айтты. Әзірге агенттік қандай шара қабылдайтыны белгісіз.

Айта кету керек, қазіргі кезде қоғам арасында микроқаржы ұйымдарына алақан жайып, «займ» алушылар көбейді. Есесіне әр қадам басқан сайын «айлыққа дейінгі қарыз берушілердің» де саны артты. Ал агенттік қабылдаған шешім бойынша енді екінші деңгейлі банктер сізге несие бермесе, МҚҰ-ларға да бас тартуға тура келеді.

Агенттік тарапынан қабылданатын тағы бір шара – жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу. Бұл өз кезегінде жаңадан берілетін несие бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектеуге мүмкіндік бермек.

– Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп осы жылғы 10 қаңтарда трансшекаралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары бойынша қаржылық мониторинг субъектілерінің іс-қимыл тәртібі белгіленді. Агенттік аталған бұйрық шеңберінде банктердің клиенттерді тиісінше тексеру жөніндегі күшейтілген шараларды сақтауын бақылайды, сондай-ақ банктер клиенттерінің ірі трансшекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұрғысынан күнделікті мониторинг жүргізетін болады, – дейді агенттік басшысы.

Бұл шешім де өз кезегінде елдің теңгесін шетелге бума-бума етіп алып шығып, өзге елде «сұлтан» болып өмір сүретіндерге тежеу болмақ. Олардың қалтасындағы әр тиын тексеруден өтіп, қайдан және қалай келгені тексерілетін болады.

Тоқтала кететін тағы бір жайт – жеке тұлғалардың банкроттығы. Президент өз сөзінде Үкімет қазіргі таңда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастағанын айтты. Бұл заң жобасын күтіп жүргендер, шыны керек, біздің елде аз емес. Қазақстанда несиесін жабу үшін несие алып, өмірін тек қарыз төлеумен өткізіп жүргендер бар. Аталған заң жобасы осындай азаматтарға жәрдем болмақ.

Жеке тұлғалардың банкроттығы – азаматтың заң жүзінде несие берушілер алдындағы қарызын толық өтей алмауын дәлелдеу немесе міндетті төлемдерді жүзеге асыруға қабілетсіз екенін айқындау. Яғни азаматтың өз несиесін, коммуналдық төлемдерді, салықты төлей алмайтынын заңды түрде дәлелдеуі. Дегенмен бұл көмекті «көмек» деудің өзі қиын. Себебі бұл заң қабылданған кей елдерде қарапайым адам өзін «банкрот» деп жарияламайды.

Мәселен, АҚШ-та жеке тұлғаны банкрот деп тануға небәрі 3-4 ай кетеді. Дегенмен заң бойынша банкрот болған америкалықтың барлық қарызы емес, білім несиесі, алимент, әкімшілік айыппұл мен медициналық қарызы кешіріледі. Одан бөлек, адам өзін банкрот деп тек 8 жыл сайын жариялай алады. Ал банкрот болған ұлыбританиялықтар өмір бойы қаржы саласында қызмет ете алмаса, Жапонияда өзін банкрот деп жариялағандар компания басқару, адвокат, нотариус, есепші болу құқығынан айырылады және кәмелеттік жасқа толмағандардың қамқоршысы бола алмайды.

Жалпы өзін банкрот деп жариялауға әлемдік тәжірибе қарыздан құтылу үшін барлық іс-әрекетті көрген, ешқандай нәтиже шықпаған адам ғана барады. Қазақстанда бұл заңды сонау 2015 жылы ұсынған болатын. Алдымен «Ақ жол» партиясы борышкерлерді қаржылық оңалту жүйесін ұсынып, кейінірек Қаржы министрлігі бұл жобаны дамытумен айналысты.

Министрлік дайындаған заң бойынша, борышкерді екі жолмен банкрот деп тануға мүмкіндік болды. Біріншісі – борышкер ерікті түрде банкроттығын жариялап, өз қарыздарын бес жыл ішінде біртіндеп төлеу. Одан бөлек, борышкерді заңды түрде банкрот деп танып, оның мүлкін сату арқылы қарыздан құтылу шарты ұсынылды. Алайда ол кезде Үкімет ең алдымен жалпы кірістер туралы декларация қабылдауы керек деп, заңды кейінге шегерді.

Дегенмен елдегі азаматтардың қарыздық ахуалы кезінде бұл заң қабылданатын секілді. Алайда оның әзірге қандай болары белгісіз. «Капитал» ақпараттық агенттігінде Андрей Чеботаревтың «Банкротство физических лиц» атты мақаласы жарияланды. Автор мақалада Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қандай болатынын бағамдап көрген.

«Қазақстан ресейлік тәжірибені негізге алатын шығар. Онда 2015 жылы 500 мың рубльден асатын сомаға банкроттық енгізілді, ал 2020 жылдың күзінен бастап 50-ден 500 мың рубльге дейінгі шағын қарыздар бойынша соттан тыс банкроттық қызметі қолжетімді болды. Соттан тыс банкроттық қызметі тегін болып, оны бір жылда 2400 ресейлік пайдаланды. Бұл ретте, қайта қаржыландыру әрекетінен қарызды өндіріп алу мен реттеудің барлық сатыларынан өткен кредитор ғана пайдалана алатындықтан тағы 7,6 мың адамға қызмет көрсетуден бас тартылды», – деп жазады автор.

Заң жобасы Қазақстанда қандай механизм бойынша жұмыс істейтіні белгісіз. Дегенмен А.Чеботарев Ресей мен өзге елдерде өзін банкрот деп жариялау үшін орындалуы керек шарттарды жазып, Қазақстан да осы шарттарды қолдануы мүмкін деп болжады. Оның ішінде, біріншіден, елде банкрот болған азаматтарды баспанадан айырмайды. Екіншіден, банкроттық заңын қолданған азаматтарға қайта несие алу мүмкін болмайды. Үшіншіден, ең алдымен азамат кірісі туралы декларацияны толтырып, оны бақылауға келісім беруге мәжбүр болады. Сондай-ақ банкрот деп жариялаудан бұрын жағдайды басқаша шешу мүмкін еместігін дәлелдеу қажет.

Андрей Чеботарев мақалада сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттығы заңы біздің елге керектігін, алайда ол көп адамға көмек бола алмайтынын жазады. «2021 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша мерзімі өткен төлемдері 90 күннен асатын «нашар» несиелердің үлесі 4,1 процентті құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 8,1 процент, ал он жыл бұрын ол 31,4 процентке дейін жеткен еді. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың несиелік қарызы болғанымен, оны төлеуге мүмкіндігі бар екенін, яғни банкроттық жариялауға еш себеп жоқ екенінің дәлелі», – делінген мақалада.

Бірақ бұл заң жүйесі несиесін жабу үшін несие алып, әр күнін тек қарыз өтеумен өткізіп жүрген азаматтар үшін қажет екені сөзсіз. Ол азаматтар бұл заңның арқасында жаңа өмір бастап, қарыздан құтылу мүмкіндігіне ие болмақ.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: