Сенбі, 21 желтоқсан, 20:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жетістік бастауы болған тарихи мектеп

16.11.2021

2181 0

Бүгінде өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім алуы үшін тиісті жағдай жасалуда. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, мұғалім біліктілігін арттыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар нәтиже беріп келеді. Аймақтағы мектептерде де балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мүмкіндік мол. Соның ішінде Жақыпбек Махамбетов ауылындағы №143 орта мектеп осы үдеден шығуға қабілетті білім ошағының қатарында.

Ғасырлық тарих

1925 жылы ағарту істері жөніндегі Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы жарияланып, жер-жерде мектеп ашу жұмысы жаппай қолға алынды. Қызылорда ел астанасы болған уақытта Ж.Махамбетов  ауылында да бастауыш мектеп ашылады. Нақтырақ айтқанда, 1927-1928 оқу жылында «КазЦИК» атындағы бастауыш мектеп жұмысын бастаған.

Бұл мектептің ашылуына Халық Комис­сарлары Кеңесімен қатар сол тұстағы бірқатар зиялы азаматтардың ықпалы зор. Оның ішінде ҚР ішкі істер Халық Комиссариаты Орталық  әкімшілік басқармасының басшысы және ҚР Милиция басшылығында ұзақ жыл қызмет атқарған Нұрмұхамед Өткелбаевтің қолдауы ерек. Сондай-ақ Перовск уездік комитет хатшысы, БКбП Орталық  Комитетінің Орталық Азия бюросында лауазымды қыз­метте болған Әбу Құдабаевты да атап өткен жөн. 1927 жылы еденіне қыш төселген еңселі мектеп бой көтеріп, сол жылы 27 оқу­шы мектеп табалдырығын аттаған. Ал оқу­шыларға Бекмағанбет Құрманбаев, Кенжебай Жанғабылов сынды білікті ұстаздар сабақ бергені аңызға айналған. «КазЦИК» бас­тауыш мектебі 1927 жылдары Қызылорда облысындағы 149 мектептің бірі болды. Сол кезеңде мектептердегі оқушылар саны – 12495, мұғалімдер саны 407 болған еді.

Міне, осылайша №143 орта мектептің тарихы «КазЦИК» бастауыш мектебінен бастау алады. Жаңадан іргетасы қаланған бастауыш мектептің келешек жандануына колхоз құрылысының дамуы себеп болды. Сол кезде ел басқарған Ешпан Жанбосынов, Нұржан Дәрменбаев, Әбіш Желдербаев, Шобдар Шатенов сынды азаматтар ауыл балаларының білім алуын қамтамасыз етіп, мектептің мате­риалдық-техникалық жағдайына ұдайы кө­мектесіп отырған. Кейін осы мектептің негі­зінде «Жас қайрат» жеті жылдық мектебі ұйымдастырылды. Сол жеті жылдық мектептен партия, кеңес органдары мен халық шаруа­шылығы саласында абыройлы қызмет атқарған азаматтар тәрбиеленіп шыққаны көпке аян. 1961 жылы сегіз жылдыққа айналған мектепке көрнекті партия және мемлекет қайраткері С.М.Киров есімі берілді. Ал 1967 жылы білім ошағы орта мектеп статусын иеленіп, жаңа деңгейге көтерілген. Айта кететін жайт, бүгінге дейін білім ошағының басшысы болып 25 адам қызмет атқарған. Ең алғашқы тізгінді Бекмағанбет Құрманбаев  алса, 2017 жылдан бері директор қызметін Фарида Тапалова атқарып келеді.

Жетістік бастауы болған тарихи мектеп

Бүгінде екі қабатты зәулім мектепте бар­лық жағдай жасалған. Яғни оқу, әкімшілік, білім беру, және спорт кабинеттері қарастырылған. Онда сынып кабинеттері, шет тілдерін үйренуге, еңбек тәрбиесіне арналған, физика мен химия мамандандырылған кабинеттері, компьютерлік сауаттылық пен информатиканы оқуға арналған кабинет, оқу залымен қамтылған кітапхана, асхана, акт залы, спорт зал, дәрігер кабинеттері бар.

Мектеп директорының айтуынша, биылдың өзінде мектеп табалдырығын 95 бала аттаған. Қазіргі таңда оқу ошағында 975 оқушы, мектепалды даярлық тобын қосқанда 1051 бала білім алуда. Мектепте 112 педагог жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жоғары санатты мұғалімдер.

– Өткен жылы «Ауыл мектебі» республикалық жобасы аясында мектепте біршама жұмыс атқарылды. Оқушылардың оқу үлгірімі 2019-2020 оқу жылы 47 процент болса, 2020-2021 оқу жылының білім сапасы 52 процентке көтерілді. Бұрын жаратылыстану және орыс тілі, шет тілі пәндері бойынша көрсетіш төмендегені жасырын емес. Ал жоба нәтижесінде мектептің педагогикалық құрамы үздік дипломмен бітірген мамандармен толығып, педагогикалық шеберлік орталығы мен педагогикалық өлшемдер орталығы мұғалімдерімен тәжірибе алмасудың сәті түсті. Осылайша жаратылыстану бағыты бойынша дәріс беретін ұстаздардың біліктілігін арттыра алдық.

Одан бөлек жоба бойынша мектептің мате­риалдық-техникалық базасы жаңарып, физика және биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ оқушылардан алынған сауалнамаға сүйеніп, мектепте спорттық, ән үйірмелері ашылды. Қазіргі таңда мектептегі күрделі жөндеуден соң үйірмелердің тоқтаусыз жұмыс жасауына мүмкіндік туды, – деді мектеп басшысы Фарида Қараманқызы.

Айта кетейік, 2019 жылы мектепке «Мұнай құрылыс» компаниясының демеуімен күрделі жөндеу жүргізілген. Сол арқылы есік-терезе, еден жөнделіп, қабырға жаңадан сыланған. Әрі мектеп сырты қайта қапталған.

Түлектер тағылымы

Осы орайда ғасырлық тарихы бар мектеп түлектері туралы айтып өткен жөн секілді. Солардың ішінде ғылым жолындағы ізденістері арқылы жетістікке жеткен ғалымдар, лауазымды қызметті абыройлы атқарған тұлғалар жетерлік. Халыққа қызмет етіп, жетістікке жеткен елге сыйлы азаматтардың алғаш әріп танып, дүние-танымын қалыптастырған қасиетті білім ошағы қашанда түлектердің жадында.

Жетістік бастауы болған тарихи мектеп

Айтулы түлектің қатарында Байзақ Момынбаев бар. Ол – Қазақстандағы инженерлік педагогиканың дамуына үлес қосып, жастардың техникалық, бастауыш, орта және кәсіптік білім сабақтастығының теориялық, педагогикалық негіз­дерін қалыптастырушы ғалым. Ғылыми атақ-дәрежесі де баршылық. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан-Ресей білім ака­демияларының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Сыр өңіріне белгілі Наурызбай Байқадамов та мектептен түлеп ұшқан арманшыл түлектің санатында. Бірнеше лауазымды қызмет атқарып, ел дамуы жолында қызмет еткен азамат білім алған мектебін үнемі мақтаныш етеді. Мұндай тұлғалардың аядай Ж.Махамбетов ауылынан шығуы тұрғындар мерейін асыруда.

ҰБТ – білім көрсеткіші

Мектеп бітірушілерге жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ мен мемлекеттік грант конкурсының маңызы зор. 2019-2020 оқу жылында №143 мектептегі 22 түлектің 17-сі ҰБТ-ға қатысқан. Тестке қатысушы оқушылардың орташа балы 72,2 процентті құраса, 2 оқушы «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестат» иеленген. «Алтын белгіге» бітірген Сара Нұрсұлтан, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік  медицина университетінің жалпы медицина мамандығы бойынша мемлекеттік грантының иегері атанды. Ал Сәулет Камал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің физика-математика мамандығы бойынша грантқа түскен. Жалпы 2019-2020 оқу жылында бітірген 22 оқушының 12-сі мемлекеттік грант иегері болыпты. Ал 2020-2021 жылы оқу жылында 20 оқушы мектеп бітірген.

– Биыл да мектеп бітірушілердің барлығы ҰБТ-ға толық қатысып, оқушылардың орташа балы 65,5 процентті құрады. «Үздік аттестатқа» бітірген оқушылар Асылзат Әділбекова, Назгүл Қойшыбай жоғары балл жинап, мемлекеттік білім грантын иеленген. Осылайша мектеп түлектері 100 процент мемлекеттік білім грантына қол жеткізіп, ЖОО-ға оқуға түсті. ҰБТ-ның электронды форматқа көшуі, оқушылардың ақысыз екі рет тест тапсырып, жоғары көрсеткішін мемлекеттік білім грант конкурсына ұсынуы да мүмкіндікке айналды. Аталған бастама мектеп бітірушілері үшін тиімді тәсілге айналғаны анық. Осылайша түлектер республиканың түкпір-түкпіріне оқуға аттанып, тіпті шетелде білім алуға кеткендер де бар. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, А.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік университеті секілді білім ордаларына жол алды. Сондай-ақ Мәскеу ақпараттық техно­логиялар университетінде білім алуға мүмкіндік алғандар да бар, – деді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жұмаділдаева.

Биыл мектептен 41 бала бітіреді. Оның үшеуі «Алтын белгіге» үміткер. Олардың қыркүйек-қазан айындағы сынамадан кейінгі көрсеткіші 98, 103, 118 баллды көрсетіп отыр. Былтыр орташа көреткіш 86 баллды құраған.

Жетістік бастауы болған тарихи мектеп

Үйірменің үйретері мол

Қазіргі таңда №143 орта мектепте 13 мектепішілік спорт үйірмесі жұмыс істейді. Аталған үйірмелерге 300-ден аса оқушы қатысады екен. Әсіресе мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері жетекшілік ететін спорт үйірмелеріне сұраныс жоғары. Атап айтқанда, дойбы, шахмат, үстел теннисі, волейбол, баскетбол үйірмелері табысты нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар оқушыларды футбол, жеңіл атлетика, күрес, бокс және ұлттық ойын үйірмелерінен білікті мамандар жаттықтырады. Жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің арқасында үйірме мүшелері республикалық, облыстық жарыстардан олжалы оралып жүр.

Бекзат Боздақбаев, спорт шеберлігінен үміткер:

– Оқушыларды еркін күрестен жаттықтырамын. Бір ерекшелігі сол, мұнда қыздар мен ер балалар бөлек жаттығады. Бүгінде үйірмеге 100-ге тарта оқушы қатысады. Тізім бойынша бірінші және екінші ауысым кезегімен жаттығуға мүмкіндік бар. Жетістіктер де жаман емес. Оқушылар қалалық, облыстық, республикалық турнирлерде топ жарып келеді. Мәселен, Құдайберген Мұрат екі мәрте Қазақстан чемпионатында үздік атанып, әлемдік турнирге дейін барып қайтты. Ал Ағжан Қонысбекова Қазақстан біріншілігінде қола жүлде иеленді. Жыл соңына дейін Шымкент қаласында қыздар арасында еркін күрестен Қазақстан чемпионаты өтеді. Қазір сол жарысқа дайындық үстіндеміз.

Әзиз Қанатбаев, бокстан Қазақстан чемпионы:

– Үйірме 5 жыл бұрын құрылды. Осы жыл аралығында жұмыс жүйеленіп, тәжірибе толыса түсті. Қазір бокс үйірмесінде 50-ден аса оқушы бар. Барлығы қалалық және облыстық жарыстарда нәтиже көрсетіп жүр. Жақында Қармақшы ауданында өткен облыстық турнирде бірнеше оқушы республикалық жарысқа жолдама алды. Енді мүмкіндігімізді күрделі додаларда сынаймыз деп сенемін.

Сондай-ақ басқа да үйірме қатысушылары біршама жетістікке жеткен. Мәселен, Бекнұр Сайрамбек волейболдан үш дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ ол Қызылорда облысының волейболдан «Қайсар» құрама командасының мүшесі. Ал Құдайберген Мұрат еркін күрестен ҚР-ның жеңімпазы атанып, әлем чемпионатына қатысты. Сондай-ақ Аяжан Қонысбекова спартакиададан қола жүлде иеленді.

Айта кету керек, мектептің жаттықтырушылар құрамы да үнемі бабында. Мысалы, ІІ рес­публикалық мұғалімдер спартакиадасында дене­шынықтыру пәнінің мұғалімдері Венера Саутбаева, Бауыржан Кеңесов облыстық кезеңінің І орын иегері атанды. Ал республикалық кезең бойынша ІІІ орын алды.

Оқу ордасында білім берумен қатар тәрбие жұмыстары да жолға қойылған. Мектеп оқушылары тәрбие саласы бойынша көптеген іс-шара мен жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. 2019-2020 оқу жылында Талсуат елді мекенінде ауылдық округтер арасындағы «Көңілді тапқырлар» клубы сайысында І орын, «Достық кубогы» атты жарыста ІІІ орын алған. Ал республикалық ән байқауы бойынша Гүлім Шалабаева І орын иеленсе, Ажар Рахатқызы ІІ орын, Эльдар Бақытжан І орын еншілеген.

Жалпы білім ордасы талантты шәкірттерге кенде емес. Биыл Икрам Мүталапов халықаралық Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойын­ша Әл-Фараби атындағы олимпиададан І орын алды. Сондай-ақ республикалық «Қазақстанның 100 үздік дарынды оқушысы» байқауының жеңімпазы атанды. Ал Инабат Темірбек 2020 жылы республикалық «Абай әлемі» байқауынан І орын алды. Бұдан бөлек, ағылшын тілінен республикалық «Big ben» байқауында мектептің онға жуық оқушысы І орын иеленді. Тізе берсек, жарыстардан «жүзден жүйрік» шыққандар жетерлік.

Әлеуметтік жәрдем – әлеует деңгейі

Мектепте біліммен қатар әлеуметтік көмек те назардан тыс қалмаған. Білім ошағы 2020-2021 оқу жылында «Жалпыға бірдей міндетті оқу қоры» есебінен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына көмек көрсетуді жалғастырып келеді.

Жыл сайын «Жалпыға бірдей міндетті оқу қорының» есебінен әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларын тегін тамақпен қамтылады. Мұнда 1-11 сынып аралығындағы  138 оқушыға тегін ыстық тамақ беру ұйымдастырылған. Үйден оқитын 7 оқушыға да мектеп ұжымы көмек көрсетіп келеді. Әсіресе пандемия басталған тұста мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың бала­лары ноутбук, планшеттер мен өзге де құрал-жабдықтармен қамтылған.

Жетістік бастауы болған тарихи мектеп

– Қашықтан оқыту жүргелі біраз қиындықтар болып, оқу сапасы төмендеген еді. Себебі мұндай тәжрибе бұрын-соңды кездеспеген еді. Бірақ бүгінде біртіндеп мектеп көрсеткіші жоғарылап келеді. Қазір түрлі үйірмелерге ден қойдық. Қосымша би мен ән үйірмелерін қостық. Көбіне ауыл балалары ұяң келеді. Сондықтан биылдан бастап дебатқа көңіл бөлмекпіз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қалыс қалып жатқан асық, ләңгі өзгеде ұлт­тық құндылығымызды дәріптейтін спорт түрлерінен үйірмелер ашу ойда бар. Ал енді мұғалімдердің  біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақса­тында облыстық семинарлар ұйым­дастыруды ойлап отырмыз. Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш. Отан алдында ой-өрісі дамыған, талантты, білімді және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, – деді мектеп басшысы.

Иә, балаға тәрбие мен білімді сіңіру мұғалімдердің негізгі борышы десек, мектеп ұжымы бұл үдеден шығуда тосылған кезі жоқ. Бүгінде  білім ошағы білікті шәкірттерімен, қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан атақты түлектерімен мақатанады. Жалғыз білім саласы емес, спорттан да бұл мектептің өзгелерден бәсі жоғары. Жыл сайын білім саласында жаңалық көп жасалып келеді. Заман талабына сай оқу ордасында оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік жасалған. Келешекте бұл білім ұясы талай жетістіктің бастауы болып, түлеп ұшқан түлектері елдің тұтқасы болардай. Біздің бүгінгі көргенімізден түйгеніміз – осы.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: