Сенбі, 20 сәуiр, 06:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Жезкиік, біздің жаққа қайдан келдің?

05.07.2022

949 0

Қазақстанда күзде киік ату басталады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті. Ол күз мезгілінде Қазақстанда Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киікті ату туралы шешім қабылданғанын айтты. Министрдің сөзінше, бұл шара киік санын реттеуге және оларды көбейтуге бағытталған. Соңғы статистикалық мәлімет бойынша, қазақ даласында 1,3 миллион киік мекендейді. «Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киіктер мәселесін реттеу қажет екенін айтып отыр. Бұл Жайық популяциясына қатысты болмақ. Қазір бұл популяцияның саны 800 мыңнан асады, соның он проценті реттеледі. Яғни 80 мың бас киік», − деді министр Брекешев мәжіліс кулуарында. Министр бұл шара киік санын реттеуге және оларды көбейтуге бағытталғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ ол киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейтінін де ескертті.

− Оның ішінде кейбір популяциялардың санын көбейту де көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл – қажетті шара. Ауыл шаруашылығы жануарларымен қайшылықтар болмау үшін осылай істеу керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тірлік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз», − деді министр.

Алайда осы бір киікті ату туралы шешім қабылдаған ведомство басшысына қоғамда қарсы келгендер де, жануардың киесін алға тартқандар да бар.

КИІКТІ АТҚАНЫҢ – ҚАЗАҚТЫ АТҚАНЫҢ

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақберен Елгезек киелі киікке араша түсті. «Киік − қазақ даласының киесі. Киік − ол Қазақ. Киікті атқаның − қазақты атқаның. Табиғаттағы тепе-теңдікті реттейтін жаратушы Тәңір, адам емес. Ал әгәрәки, адам Тәңірінің ісіне араласса, онда оны Құдай тас төбесінен ұрғаны. Қорықпаңдар, далаға киік қаптаса, ол басқа жаққа өзі-ақ шұбырып көшеді. «Мәселені» жауыздықпен шешкен адамның оңғанын көргем жоқ.

Киікті қынадай қырған екі адам туралы білемін. Екеуінің де өмірі дұрыс аяқталған жоқ. Ал егер мемлекет киікті қырам десе, оған да зауал келетіні толықтай аян. Байқаңдар! Ойланыңдар! Құрығанда осыған шешім шығарған адам өз үрім-бұтағын ойласа нетті…» − деп жазды ақын.

Міне, осындай сөздермен киікті қорғағандар, қазақты бақытсыздықтан құтқарғысы келгендер қатары көп қазір. Бұған дейін де қазақ даласында жазықсыз жануарды заңсыз қырып, мүйізін ақшаға сатып, киесінен қорықпағандар аз емес еді. Ал енді бұл жануарды атуға мемлекеттің өзі рұқсат берген кезде қазақ қоғамы барынша қарсылық білдіруде. Себебі, киік – қасиетті аң.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі «Шұбар киік» аңызында құралайды көзге атқан мерген киікті көріп, атқысы келгенде әлгі жануар: «Ей, Сұрмерген, жаныма сауға сұраймын. Әлі бауыр көтеріп үлгермеген егіз лағым бар еді. Сол панасыз лақтарымды аңсап, жүрегім елжіреп, желінім дертіп келемін. Мені атпа. Тілімді алсаң, «атқан оғың жерге түспесін» деп батамды берер едім. Сонда сен ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқармас несібелі аңшы боласың. Өле-өлгенше тарықпай өтесің! Жаныма сауға сұраймын, атпа!» − деп жалынады. Жануардың бұл сөзіне құлақ аспаған аңшы садағын тартып жібергенде киелі киік көз алдында шұбар тасқа айналып кетеді. Ал сол күннен бастап аңшының жолы болмайды.

Енді бір аңызда егіз лағын емізуге мұрша беруін сұраған киік аңшы алдына қайтып келерін айтқанда мерген мұның сөзіне сенбей: «Мен сені атпай жіберер едім, бірақ қайтып келетініңе кім кепіл болады?» − дегенде көктен Мұхаммед Пайғамбар «Мен кепіл боламын», − дейді. Айтқанындай, егіз лағын емізіп келген киік аңшы алдына қайтып келгенде киіктің киесіне, оған Пайғамбардың өзі сенетініне аңшы аң-таң болады.

Мұның барлығы аңыз, әрине. Алайда аңыз да жайдан-жай тарамайтынын назарға алсақ, киіктің расымен киелі екенін түсінеріміз хақ.

ДҮНИЕЖҮЗІНДЕГІ КИІКТІҢ 95 проценті ҚАЗАҚСТАНДА

Археологиялық қазба жұмыстары анықтағандай, бөкендер ертеректе Ұлыбритания аралынан Аляскаға дейінгі аралықта тіршілік еткен. Қазақстанның солтүстігіндегі Ямышево мен Подпуск ауылында, Семей қаласы маңынан, Нұра өзенінің жағалауынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірінен ежелгі және орта антропогеннен қалған ақбөкендердің сүйектері табылған.

Қазір бөкендер Монғолияда, Қалмақ даласы, Ресей және Қазақстан аумағында мекен етеді. Бес мыңға жуық киік Қазақстан мен Өзбекстан аралығында көшіп жүрсе, ҚХР мен Түркіменстанда мүлдем жойылған деген мәлімет бар. Теңіз көлі жағалауынан Бетпақдала аумағына дейінгі аймақтарда кеңінен таралған ақбөкендердің бұрын көптігі сонша, жолдар жағалауынан да, елді мекендер маңынан да аз кездеспейтін.

Жалпы киіктер бес популяцияны құрайды. Олар Монғолияны және Ресейді, қалған үшеуі, яғни: Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциялары Қазақстанды мекендейді. Дүниежүзіндегі ақбөкеннің 95 проценті Қазақстанда тіршілік етеді.

Орал мен Бетпақдала популяцияларына қарағанда, Үстірт популяциясы жойылу шегінде. Яғни 2016-2017 жылдардағы санақ нәтижесі бойынша киіктердің саны 1900-2700 болды. Ал 1980-1990 жылдары 250 000-нан астам киік басы саналған еді. Бұл дала еркелерінің шамамен 99 процентке дейін азайғанын білдіреді. Алайда министрлік мәліметінше, киік күрт көбейіп, жайылым мен егіс алқаптарын таптап жатыр-мыс.

2019 жылдағы санақ бойынша киіктің саны 334 400 болса, 2021 жылдың көктемгі санағы 842 000 басты құрады. Яғни жыл сайын киіктің саны артып келеді. Биыл 1 млн 300 мың бас киік қазақ даласын мекендеп жүр.

ҚЫЗЫЛОРДАДА КИІКТЕН КЕЛЕР ЗИЯН ЖОҚ

Жоғарыда жазғандай, Қазақстанда киіктердің Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясы бар. Киіктер сәуір айында төлдемей тұрғандағы есеп бойынша 1 млн 300 мың басты құрады. Киік төлдегеннен кейін санақ жүргізілген жоқ. Алайда барлық киіктің 30 проценті аталық болса, 70 проценті аналық. Ал әр аналық екі лақтан туатынын есептесе, киіктің қатары көбейгенін байқауға болады. Алайда Қызылорда облысында киіктен келер қауіп жоқ. Бұл туралы «Охотзоопром» Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Берік Жорабеков айтты.

− 830 мың киік Орал популяциясыныкі. Қалғаны біздің Бетпақдала мен Үстірттікі. Қазір біздің мекемеде жалпы саны 630 қызметкер бар. Олардың 450-і инспекция мамандары, яғни тікелей киіктерді қорғаушылар деуге болады. Қызылорда облысының солтүстік-шығыс беткейінде орналасқан Құмкөл мұнай кеніші жағында маусымдық 2-3 мың бас киік қалады. Ал қыс мезгілі басталысымен, желтоқсан айында 30 мың бас киік Бетпақдалаға, біздің өңірге қоныс аударады. Биыл бұл көрсеткіш 40 мыңға дейін жетті, − дейді филиал басшысы Берік Сейітқасымұлы.

Алайда маманның айтуынша, киіктердің Қызылордадағы егіс алқаптарына келтірер еш залалы жоқ.

КИІК КӨБЕЙГЕННЕН ҚАУІП ЖОҚ

Ақпарат саласының үздігі Айткүл Шалғынбаева киіктерді ату туралы шешімге үзілді-кесілді қарсы. Өз сөзінде тәуелсіз сарапшы журналист киік егістікті неге басып жатқанын, оның киесі мен пайдасын, проблеманы шешу жолын да тілге тиек етті.

− Ұлы даламен бірге жасасып келе жатқан бір жануар бар, ол − киік. Миллиондаған жыл бойы ақбөкен осы ұланғайыр далада өзінің миграциялық жолынан адаспай, желіп жүрген тіршілік иесі. Киікті қазақ кие тұтқан. Оның мәні бар. Киіктің тұяғынан қалған із, топырақты қопсытып, пәленбай шақырым алаптарда өсетін өсімдіктердің тозаңын басқа жайылымға тасымалдап, өсімдік әлемін де жаңалап отырады. Киіктің ізімен көшпенді қазақ малын жайып, шүйгінді ареалдарын кеңейтіп отырған. Демек киіктің жайылым алаптары табиғи балансты ұстап, оның жаңаланып, тыңаюына да әсер етеді. Сар далада жөңкіген ақбөкеннің қарасынан мал саны кем түспейтін қазаққа бұдан артық не керек?

Ақбөкеннің еті мен мүйізінің бағасын кеңес үкіметі тұсында да браконьерлер жақсы білді. Бірақ ол кезде заң қатаң болғандықтан киіктің популяциясына айтарлықтай зиян келген жоқ. Осы заманда киіктің мүйізін қытайға сатып, дәніккен «атжалмандар» жануардың санының кемуіне әкелді. Десек те киік санының кемуіне маң даламыздың гептил уымен улануының да факторы жоқ емес. Қайсыбір жылы киіктердің ұрғашыларының лақтарымен бірге неше мыңдап қырылып қалу себебін мамандар әлі де ашып, бағасын бермей отыр. Ол туралы мен өзімнің парақшамда ашық жаздым. Тағы айта кетсем, артық етпес, − дейді эколог журналист Айткүл Шалғынбаева.

Сондай-ақ ардагер журналист өз сөзінде киіктің қайта азаюы мүмкін екенін де ашық айтты. Оның сөзінше, ғарышқа ұшқан зымыранның қалдығы жерге құлап, гептил киікке де зиян келтіреді екен.

− Киік төрт аяқтылардың ішінде төлдегенде төлін жалап тазартпайтын жалғыз жануар. Бұл жарықтықтың төлін жаңбыр жуады. Сондықтан буаз ұрғашылары жаңбырдың иісімен жауын жауатын бағытқа қарай, текелерінен бөлініп шығады. Ол 500 шақырым болуы мүмкін. Сол жағдайда киіктің ұрғашылары Торғайдың алабына келіп төлдеген. Төлдеген аналықтар жаңбырмен жасарған шүйгін шөпте жайылғаны анық. Гептилмен уланған шалғында жайылған енесі де, енесін емген лағы да теңкиіп қырылып қалды. Неге гептил? Өйткені зымырандардың көбі Қызылорда, Қарағанды, Ұлытау облыстары, Торғай аумақтарына құлайтыны белгілі. Менің зерттеп білгенімдей, гептил уы жаңбыр мен қар түскенде зиянды күшін 100 есеге күшейтеді. Құрғақ жағдайда «ұйқыда». Міне, киіктің популяциясына кедергі осы. Сондықтан табиғи, техногендік, адам қолымен жасалатын қауіпқатер түз еркесі ақбөкендердің кез келген уақытта азайып кетуіне себепкер болуы мүмкін. Мұны ұмытпауымыз керек. Ал «киіктің саны 2 млн ға жетті, жануар егістікті таптап жатыр» деген қисынсыз әңгіме. Миграция жолдары жабылған жануар егіске жақындамағанда, қайда барады? Сексеуіл-Жезқазған бағытындағы жол киіктің табиғи көшіп жүретін жолына салынған. Автожол салғанда да жобалаушылар экология басқармасымен келісіп жасауы тиіс.

Киік өсімі − жақсылықтың нышаны. Біріншіден, малмен айналысуға мүмкіндік ашады. Мал жайылымдары кеңейеді. Одан бөлек, табиғи тепе-теңдігінен айырылған қазақ даласының табиғи балансын қайтарады. Үшіншіден, егер киік саны 5 млн-нан асса, мемлекеттік кәсіпорын арқылы, ғылымға сүйене отырып, киік саны 4 млн-нан түсіп кетпейтіндей етіп, киіктің еті мен мүйізін өңдеуге болады. Ал қазір 2 млн болды деп, популяциясын 30 жылдан бері енді жөнге келтіріп жатқан киіктерді атуға рұқсат беру – барып тұрған бассыздық, − деді Айткүл Жетібайқызы.

P.S. Соңғы уақытта жануарларға қатысты қоғамда пікір көбейді. Соның ішінде адамға шауып, біреуді жаралап, тіпті өлімге дейін апарған қаңғыбас итті атуға рұқсат берілмей жатқаны. Ай сайын бағуға миллиондап ақша бөліп, гуманизмді алға тартқан шенділер ит атуға қарсы келіп отыр. Ал дархан даланы мекендеген киелі киікті аздығына қарамастан атуға рұқсат берілгені көпті таңдандырды. Атқаннан гөрі сатқан, болмаса өлтірмейтін шешімін тапқан дұрысырақ сияқты. Қоғам ит киіктен биіктеп кетпесе, киікті де аяса дейді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: