Сейсенбі, 24 ақпан, 12:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

11 көлік пен 4 пәтер: жоқ сүттен «ақша жасағандардың» мүлкі тәркіленді

24.02.2026

41 0

Фото: shutterstock

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген бюджет қаражатын заңсыз иемденген кәсіпкерлерге қатысты сот үкімі шықты. Көкшетау қаласында өткен сот отырысында сүт өнімдерін өндіруді сылтау етіп, бюджет ақшасын қалтаға басқандардың қылмыстық әрекеті әшкереленген, – деп хабарлайды  kursiv.media

Қағаз жүзіндегі «өндіріс»

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу амалдары екі жылға созылған жымқыру схемасын анықтады. Іс материалдарына сәйкес, «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры А.С. Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов өзара сөз байласып, сүт өнімдерін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алып келген.

Қылмыстық схеманың мәні мынада: «Рассвет» шаруа қожалығында құжатта көрсетілгендей мол көлемде сүт беретін мал басы мүлдем болмаған. Соған қарамастан, күдіктілер электрондық шот-фактуралар жүйесіне 3 мл келіден астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған мәліметтер енгізген.

Бұл «виртуалды» сүт кейіннен сары май мен ірімшікке өңделді деп көрсетіліп, мемлекеттен негізсіз қаражат алуға негіз болған.

Жымқырылған ақша қайда кетті?

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 миллион теңгені құрады. Қылмыскерлер ізін жасыру үшін жымқырылған қаржының бір бөлігін Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударған.

Кейін бұл ақшаға мобильді ғимарат сатып алынып, оны жалға беру арқылы заңсыз табыс тауып келген.

Сот үкімі және тәркіленген мүлік

Тергеу барысында қылмысқа қатысы бар тұлғалардың заңсыз жолмен келген мүлкін қайтару мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда:

  • 6 жер учаскесі;
  • 4 пәтер;
  • 11 автокөлік;
  • Өндірістік нысан мен мобильді ғимаратқа тыйым салынды.

Сот шешімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкинаның кінәсі толық дәлелденіп, олардың әрқайсысы 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған мобильді ғимарат мемлекет меншігіне тәркіленді.

«Мемлекетке келтірілген шығын толық өтелгенше, өзге мүліктерге салынған тыйым күшінде қалады», – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін Шығыс Қазақстанда кәсіпкер «геобарлау» желеуімен заңсыз қазбадан 1 млрд теңге тапқаны хабарланған 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: