Ақтөбеде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйелге қатысты үкім шықты, – деп хабарлайды kursiv.media
Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушы әлеуметтік желілер арқылы онлайн-казино ұйымдастырып, тікелей эфирде азаматтарды құмар ойындарға қатысуға ашық түрде шақырып отырған.
«Ақтөбе қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру») бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот мәліметінше, ойыншылардан банк шоттарына аударылған қаражаттың жалпы көлемі 52 млн теңгеден асқан», – делінген хабарламада.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Алайда оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, банк үзінді-көшірмелерімен және іс материалдарына тіркелген өзге де фактілермен толық дәлелденген.
Сот үкімімен әйел 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу 4 жыл мерзімге кейінге шегерілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
