Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата заң барлық құжаттың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстан халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елмен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екенін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл – мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата заңы – халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.
Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата заң барлық құжаттың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстан халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елмен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екенін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл – мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата заңы – халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.
Ата заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. Екінші бөлімнің 10-бабында «Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайтындығы» көрсетілген. Олардың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып демалуына барлық мүмкіндік жасалған.
Ата заңымыздың өзгешелігі – Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек. Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлттар тұрады. Бүгінде олар достық туын жоғары көтере біліп, Қазақстан мемлекетінің экономикасын өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді.
Конституцияда бекітілген жеке тұлғаның құқығы оны жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселенің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилығының белгісі.
«Адам бостандығына» қарағанда «адам құқығы» терминінің аясында адам қызметінің нақты бағыты бекітіледі. Мемлекет заңда көрсетілген салада адамның іс-əрекеттерінің заңдылығын қамтамасыз етуге жəне қорғауға міндеттеме қабылдайды.
Ата заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азамат тең құқылы. Егер олар заң бұзушылық жасаса, жауапкершілікке тартылып, жалпыға бірдей тәртіпте шартты жазасын алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында «Ата заңның ең жоғары заң күші бар және республиканың барлық аумағына тікелей қызмет етеді» деп айқын жазылған. Басқа да шығарылып жатқан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар еліміздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ал 74-баптың 1-тармағында Қазақстан Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық келісім-шарттарға қол қойылмайды делінген. Демек, Ата заңымызда адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі.
Адам құқықтары мен бостандықтары тек қана бір мемлекеттің ісі емес, бүкіл халықаралық бірлестіктің субъектісі болып табылады. Адам құқығы саласындағы жалпы танылған халықаралық нормалар қазір ұлттық заңдарды қалыптастырудың негізі болып табылады. Сондықтан да мемлекет ішіндегі адам құқығын қорғау механизмі, халықаралық құқық нысандарымен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Адам құқығын қорғау жөнінде нормалар қабылдаған халықаралық ұйымдар құқықтың бұзылуына жол бермеуге нақты механизмдер қарастырды.
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Ата заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты.
Сот үш биліктің біреуі. Конституцияның 7-бөлігі соттар және сот төрелігіне қатысты, онда «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды» делінген.
Біздің Конституциямыз мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Ең бастысы, Ата заңымыз Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді.
Мемлекетіміздегі әр адам Ата заңның шеңберінде өмір сүргенде ғана біз өзімізге тән ұлттық құқықтық жүйемізді жетілдіретін боламыз. Сондықтан ең басты міндет заңды және жеке тұлғалардың, қоғамдық құрылымдар мен азаматтардың Ата заңға деген құрметін барынша дәріптеу болып табылады.
Ата заңымыз анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, құт-береке болсын, көк байрағымыз ашық аспан астында желбірей берсін.
М.ТҰРҒАНБАЕВ
Қызылорда қаласының мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!