Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда алатын орны қашанда жоғары екені белгілі. Сондықтан да ашық ақпараттық кеңістік және мықты медиа билік құру біздің елге қажет. Бүгінгі күннің басты мәселесі ретінде бұл тақырып талқылауда тұр. Елдің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму тенденциясын ескере отырып, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу қажет. Мемлекет басшысының айтуынша, тәуелсіз әрі жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз демократиялық қоғам қайта құру мүмкін емес.
Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту үшін бірқатар міндет қойды.
– Отандық БАҚ-тың өңірлерде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек, – деді Президент.
Осы Жолдауда берілген тапсырмаға сәйкес, БАҚ туралы заң қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде қайта қаралуда. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін, мәртебесін және жауапкершілігін нығайту бойынша алда бірқатар міндет тұр.
Осыған байланысты министрліктің жұмысы, ең алдымен, келесі міндеттерді шешуге бағытталмақ. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров кеңінен айтып өтті.
«Біріншіден, қоғамның сұранысы мен мемлекет мүддесін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң қайта қаралады. Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. Осылайша, журналистік қоғамдастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселелері ескеріледі. Екіншіден, азаматтық бақылауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамиды. «Үшіншіден, мемлекеттік ақпараттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірленеді», – деді министр
Талқылауда тұрған заңнан БАҚ өкілдері жақсы нәтиже күтіп отырғаны анық. Журналистерге ең алдымен қажет сөз бостандығы екендігі жасырын емес. Анығын айтқанда, «елімізде сөз бостандығы мен шығармашылыққа жол ашық» дейміз. Алайда шектеу болатыны жасырын емес. Мәселен, ата заңымыздың 20-бабының 1-тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазылған. Дегенмен қоғамдағы ащы шындықты жазған немесе айтқан бұқаралық ақпарат өкілдерінің қызметіне бөгет жасалатыны рас. Сондықтан да ел алдындағы кәсіби міндетін атқаратын журналистердің қызметі мемлекеттік тұрғыда қорғалуы тиіс.
Отандық журналистиканы дамыту үшін журналистердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік кепілдікпен және қараумен қамтамасыз ету маңызды екенін сөз етіп, депутаттар мінберде мәселе етіп көтерді.
– «БАҚ туралы» заңда және еліміздің Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдігі туралы бап жоқ. Салалық заңда журналистердің құқығы мен міндеті ғана жазылған. Мұның барлығы журналистердің өте жауапты және қауіпті жұмысын ескермеудің белгісі. Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан оларды арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамыз. Бұл үшін «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын, – деген болатын депутат Нұртөре Жүсіп.
Ең алдымен журналистерге керек заң – әлеуметтік жағдайдың көтерілуі. Әрине, БАҚ тәуелсіз болуы қиын мәселе, дегенмен журналистерге заңдық тұрғыдан еркін жазуға рұқсат берген де дұрыс секілді.
Заңның түбегейлі өзгергенін қалайтын тілшілер үшін құжатқа қандай өзгеріс енетіні қызық. Алайда құзырлы министрлік нақты қандай өзгеріс енетінін айтқан жоқ. Тек журналистер қауымдастығы мен басқа да сарапшылардан ұсыныс қабылданып жатқанын мәлім еткен. Ең бастысы, қоғамдық бақылаудағы БАҚ-тың рөлі айқындалып, қолжетімді ақпаратқа мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оларға ең алдымен мемлекеттік мүддені қорғау міндеттеледі. Қалай десек те БАҚ өкілдері үкімет үшін де халық үшін ашық жұмыс істеуі қажет.
Журналистердің жұмысы көзге көрінбесе де, қоғамға аса қажет, ақпараттық-идеологиялық, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен ұштасатын қызмет. Бір қызығы, журналистер өзгенің проблемасын мемлекеттік деңгейге дейін жеткізе алса да өз проблемаларын көтере алмайтын халық. Енді өз мәселемізді айта алатын күнге де жеткен секілдіміз. Себебі жаңа заңнан күтер үміт көп.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!