Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ел қорғау оңай ма?

06.05.2023

1029 0

Бұл мекемені әскери өмірдің алғашқы баспалдағы деуге болатын шығар. Ел басына күн туса ең алдымен Отан қорғаушыларымыз алдыңғы шептен көрінетіні рас. Ал мұнда соған лайықты азаматтарды әскерге аттандырып, әскери міндеттілермен дайындық жүргізеді. Қаладағы қорғаныс істері саласының тыныс-тіршілігін білу мақсатында қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы, полковник Алмас Чункуновпен кездесіп, әңгімелескен едік.

Қайсыбір әскери мекеме болсын ішіне құпия бүгіп, сырт көзге тыныштық сыйлап тұрғандай әсер береді. Біз барған бұл ұжымның ішкі жұмысы қауырт. Көзге көрінбейтін, көпшілік біле бермейтін тіршілігі  мен басқарманың жұмыс барысын мекеме басшысы Алмас Тілеуқабылұлы таныстырды.

– Жұртшылық біздің мекемені тек мерзімді әскерге шақыру, жөнелтумен ғана байланыстырады. Мұнда негізінен бірнеше бағытта жұмыс жүреді. Біріншісі – жұмылдыру ісі деп аталады. Яғни,  азаматтардың соғыс жағдайына дайын болуы үшін оларды уақытылы әскери дайындықтан өткізуді қамтамасыз етеміз. Бұған бірінші кезекте әскери міндеттілер жұмылдырылады. Одан бөлек әскерге бармаған азаматтар да тартылады. Ал екінші бағытымыз – мерзімді әскерге шақыру. Көктем, күз мезгілінде жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамыз. Бұдан бөлек, мекеменің қаржылық ахуалы мен ішкі тәртіптік жұмысы бар. Ең негізгісі – жұмылдыру ісі мен әскерге шақыру, – дейді басқарма басшысы Алмас Чункунов.

Әскери саладағы қызметкерлерге үлкен жауапкершілік артылған. Ел басына күн туса, алаң-елең шақта елдің тыныштығын сақтап, қорғанысын қамтамасыз ететін осы әскерилер. Сондықтан әскери міндетті азаматтарды жауынгерлік дайындықтан өткізудің мәні зор. Бұл – жыл сайын екі рет өткізілетін әскери жиын.

– Бұл шараға көбіне әскери міндеттілер жұмылдырылады. Әскери міндеттілерге қорғаныс, ішкі істер саласында жүрген мамандар жатады. Оның ішінде әскери борышын өтегендері бар, заң аясында әскерге барудан босатылған қызметкерлер бар. Олар жылына бір, кейде екі мәрте 1 ай көлемінде оқу-жаттығу жиынына қатысады. Жауынгерлік дайындықтан өтушілер әскери техниканы қолдануды, жүргізуді, атуды үйреніп, күндізгі және түнгі жаттығу дайындығынан өтеді. Жауынгерлік дайындықтан өткендер келесі 3 жылға дейін жиынға қатыспайды. Тек мерзімі келгенде ғана қайта даярлықтан өтеді, – дейді полковник.

Мұндай дайындықтан өтуге әсіресе, әскерге бармаған азаматтар тартылады екен.  Себебі әскери өмірді көрмегендіктен жауынгерлік қабілеті шыңдалмаған, білмейтіні көп. Аса маңызды жиынға қатысушы әскери міндеттілердің жасы 18 жастан бастап әскери шеніне қарай 40-45, офицерлер 55-60 жасқа дейінгі аралықты қамтиды.

Иә, ел басына күн туған шақта алдымен жауынгерлік дайындықтан өткен әскерилер ғана қорғаныс шебіне алынады. Қарсы келген дұшпанның көзін жоюда әрбір ұтымды әдіс, тиімді тәсіл жеңіске жетелейді. Сол үшін оның қыр-сырын игеру сын шақта емес, алдын ала ұйымдастырылады.

Басқарманың тағы бір жауапты міндеті – азаматтарды мерзімді әскерге шақыру. Отан алдындағы борышын өтеу – барша ер жігіттің басты міндеті. Десек те сол міндетін атқаруға азаматтардың көбінің құлшынысы жоқ. Мұны басқарма басшысы Алмас Тілеуқабылұлы да жасырмады.

– Қазір жастар арасында әскери борышын өтегісі келетін белсенді азаматтар аз. Дегенмен Отан алдындағы борышыңды өтеу міндет. Сондықтан жыл сайын көктем-күз мезгілінде мерзімді әскерге шақырту жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, көктемгі әскерге шақыру шарасы бойынша 200-ден аса азамат әскерге баруы тиіс. Қазіргі таңда оның 49-ы шекара қызметінде әскери міндетін атқаруға кетті. Енді 15 мамырға дейін Қарулы күштер саласы бойынша 100-ге жуық азамат баруы тиіс. Бұдан кейін Ұлттық ұланға 80 ер жігітті жіберсек деп жоспарлап отырмыз. Көктемгі әскерге шақыру жұмысы маусым айының аяғына дейін аяқталады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Бүгінде ер азаматтардың әскери бо­рышын өтеу қоғамда өзекті мәселеге айналғаны жасырын емес. Әлеуметтік желіден әскердегі әлімжеттік туралы ақпараттарды естіп Отан алдындағы бо­рышын өтеуге баланың барғысы, ата-ананың жібергісі жоқ. Түрлі сылтаумен әскерге барудан жалтаратындар да бар. Жуырда Сенатор Руслан Рүстемұлы әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты:

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі әскер жайлы жайсыз әңгіме көп. Қалың қазақтың ортасынан шыққан соң елдегі жағдай маған белгілі. Әскерге баласын жібергісі келмейтіндер де баршылық. Осы мәселе мені көптен толғандыратын. Халық сауалына орай Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан әскеріне жауапты тұлғаларды шақырып, ортақ мүдде тұрғысында ашық сұхбат жасады. Кейбір мәліметтерде  әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайы­зы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға ынталы. Ойланарлық дерек! Ұлттық идеологияның кемшін тұсы жетерлік. Мемлекеттік тіл әлі де ақсап тұр. Бұдан бас­қа да түйінді жағдайлар кездесіп қа­лады. Неге әскердің беделі түсіп кетті?  –  деген еді.

Былтыр Тараздағы шекара зас­тава­сында орын алған оқиғалар жұрт­шылықтың қорқынышын тудырғаны тағы бар. Әскердегі ахуал, мәртебесі түскен сала туралы маманның өзінен сұрағанды жөн көрдік.

– Өткен жылы болған оқиғалар қоғамды дүр сілкіндіргені рас. Бұл істің ақ-қарасы әлі ашылған жоқ. Тергеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан онда нақты не жағдай болғанын білмеймін. Алайда айтылуы тиіс бір дүние бар. Ол жастардың әскери өмірге дайын еместігі. Өз-өзіне қол жұмсау ер жігіттің әлсіздігін көрсетеді ғой. Қазір бәрі тек телефонға телміріп отырады. Үй ішінде де ауыр жұмыс істемейді. Ата-ана да баланы алақанға салып әлпештеп отырады. Ал әскерде ондай өмір жоқ. Барлығы қатаң тәртіпке бағынады. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бала күйзеліске түсуі мүмкін. Соңында шыдамай ағат қадам жасауы мүмкін. Әрине, балаға қамқорлық көрсеткен дұрыс. Дегенмен ер бала тәрбиесіне баса назар аудару керек. Әсіресе әкесі тарапынан көп көңіл бөлу қажет. Тараздағы жағдайға байланысты барлық әскери бөлімді кінәлауға болмас. Біз өз тарапымыздан борышын өтеуге кеткен әрбір азаматтың ондағы жағдайын, денсаулығын, қандай да бір қажеттілігі бар-жоғын сұрастырып, хабар аламыз. Ата-аналарымен үнемі байланыстамыз. Олардың отбасына аман-есен оралуына жауаптымыз, – дейді басқарма басшысы Алмас Чункунов.

Бауыр еті баласы үшін әрбір ата-ананың алаңдайтыны заңдылық. Бір жақсысы, жастарды әскерге баруға ын­таландыру мақсатында мемлекет тара­пынан жасалған жеңілдіктер өз нәтижесін беруде. Қорғаныс істері министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жобасы аясында енді әскерге барған азаматтарға жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік берілуде. Сондай-ақ несиесі бар әскери борышын өтеушілер үшін төлеу мерзімін 13 айға тоқтату қарастырылған. Басқарма бас­шысы мұндай өзгеріс енгізілгеннен кейін жастардың әскерге баруға ынтасы ашылғанын айтады. Тіпті колледж студенттері арасында оқуын бітірмей-ақ әскерге сұранатындар қатары көбейіпті. Ата-аналар тарапынан да қызығушылық артқан.

Әскерге бару, ондағы тәртіпке бағыну, сондағы өмірді бастан кешу емін-еркін өскен бала үшін таңсық жағдай. Жастарды әскерге баруға қызықтырудың бір жолы мектеп қабырғасындағы оқушылармен байланыс орнату. Әскери салаға қызықпайтын бала болмайтынын ескерсек, бұл ең тиімді тәсіл. Ал бұл ретте басқарма түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оның ішінде оқушылармен кездесіп, пікір алмасудан бөлек өреннің әскери қабілетін анық­тауда түрлі жарыстар жиі өткізіледі. Әскери бөлімдерге апарып, ондағы жұмыс барысымен таныстырып, баланы отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Осы орайда қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Алмас Тілеуқабылұлы ер азаматтың әскери борышын өтеуге 1 жыл аздық ететінін айтады. Сала маманы ретінде жауынгерлік қабілетін шыңдау, әскери техниканы игеру, әдіс-тәсілді меңгеру уақытты талап етеді. Қазіргі таңда министрлік тарапынан Отан алдындағы борышын өтеу мерзімін 2 жылға ұзарту туралы ұсыныс берілген көрінеді. Сонымен бірге ішкі істер, қорғаныс саласына мамандарды қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізу көзделуде. Бұл салаға тек әскери борышын өтегендерді ғана қызметке алу туралы ұсыныс берілген. Бұл өз кезегінде әскери саланың сапасын арттыруға сеп болмақ.

Отан алдындағы міндетіңді ат­қару бұрын абырой болса, бүгінде қор­қынышқа айналған. Сондай-ақ бұрын әскерге кеткендерден хат алудың мәні зор болса, бүгінде оның ізі де қалмапты. Ғылым мен техника дамыған заманда әскерден хат жазып, сарбаздан хат күтетіндер жоқ. Жауынгерлер белгі­ленген уақыт талабымен телефонмен тілдесіп, бейнеқоңырау арқылы сөй­леседі екен.

Қалалық қорғаныс істері басқар­масының басты міндеттері осы. Мекеменің бұдан бөлек ішкі тыныс-тіршілігі бар. Ол алдыңғы екі міндетті жүзеге асыру, орындау, реттеу, қадағалау, кезекшілік сынды жұмыстан тұрады. Сөзге жеңіл болғанымен ауыртпалығы іс барысында көрінетін жауапкершілік жүгін арқалаған мекеменің қызметі осындай.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: