Жұма, 29 наурыз, 17:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Нұрлы жер» несиеге қарай ма?

17.11.2022

521 0

Елімізде баспана мәселесін шешуде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы.

Аталған бағдарлама бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мақсатында қолға алынған. Соған сәйкес халықты түрлі санат бойынша баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ бұл бағдарлама негізінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы, көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасылар мен бюджет және мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер қамтылған.

Бағдарлама шарты бойынша баспана алушы азаматтың табыс көзі ең төменгі табыс көзінен аспауы, несиесінің болмауы назарға алынады. Ал табысы жетпеген жағдайда 2 адамды кепілгер ретінде алуға мүмкіндік береді. Алайда оның да ай сайынғы зейнетақы түсімі болуы, несиесінің болмауы ескеріледі.

         Баспана мәселесін шешуде өңірде атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Аймақта жыл сайын баспанаға мұқтаж отбасыларға пәтер кілтін табыстау үрдіске айналған. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, өткен жылы аталған бағдарлама аясында қызылордалықтарға 800-ден аса пәтер кілті табысталған.

         – «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана беру мәселесі оңтайлы шешіліп келеді деуге болады. Былтыр шілде, желтоқсан айларында осы бағдарлама бойынша үй кезегінде тұрған отбасыларға пәтер кілті берілді. Атап айтсақ, тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған 93 отбасы,  арендалық пәтер кезегімен 33 көпбалалы отбасы Шүкіров және Шәменов көшесінен баспаналы болды. Сонымен қатар желтоқсан айында «Сол жағалау» тұрғын ауданынан көпбалалы отбасыларға – 430, жетім балаларға – 50,  халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын тұрғындарға – 200 пәтердің кілті табысталды. Бұдан бөлек СПМК-70  тұрғын ауданынан 29 пәтер кезек реттілігі бойынша көпбалалы отбасыларға бұйырды. Биыл Жаппасбай батыр көшесінен тағы 50 пәтер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға берілді, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек.

         Қалада жалпы тұрғын үй кезегінде 6 санат бойынша 26983 отбасы кезекте тұр екен. Оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 1370 бала, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардан – 4016, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз деп танылған тобынан – 10277 адам бар. Ал мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері мен әскери қызметшілер, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратындар – 10831, жалғыз  тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар – 489 адамды құрайды.

         «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тағы бір тиімді тұсы тұрмысы төмен отбасыларға «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл аталған тұрғын үй бағдарламасының «Бақытты отбасы» бағыты бойынша іске асырылады. Былтыр осы бағытта 323 адамға үй беру жоспарланса, бүгінде оның 177-сі «Отбасы банк» АҚ арқылы 2 процент жеңілдетілген несиемен үй алған. Қазіргі таңда тағы 19 адамның өтінімі мақұлданған.

         – «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие алуға мүгедек бала тәрбиелеуші, толық емес және көпбалалы отбасылар ғана қатыса алады. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табады. Алдағы уақытта осы бағдарлама аясында үй кезегінде тұрған, төлем қабілеті бар азаматтарға СПМК-70 тұрғын ауданынан 640 пәтерді «Отбасы банк» арқылы ипотекалық несиеге беру жоспарлануда. Конкурсқа қатысу аталған банк арқылы жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.

         Осы орайда сала басшысы қазіргі таңда арендалық тұрғынжайдың жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы іске асқанын жеткізді. Бағдарлама шартына сәйкес І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған, көпбалалы отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар қатыса алады. Оларға қойылатын басты талап соңғы алты айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір адамына бөлгенде ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Яғни күнкөріс мөлшері 36018 теңгемен шектеледі. Ал жалдамалы пәтерді азаматтар өздері іздеуі тиіс, жалдау құнының тең жартысын мемлекет субсидияласа, жартысын жалдаушы тұрғын өзі төлейді. Ол үшін «Отбасы банк» АҚ арқылы келісім шартқа отырып, банк келісім шарт мерзімі аяқталғанша ай сайын аударым жасайды. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйді өзгерткен жағдайда келісім шарттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, жаңа үй иесімен қайта келісім жасауға рұқсат етіледі. Қазірдің өзінде бұл бағдарламаға сәйкес келетін 5 мыңнан аса азаматтың тізімі белгіленген. Олардың  мыңнан астамы өтініш беріп, 441-інің өтініші мақұлданған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: