Сәрсенбі, 08 мамыр, 16:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Мәмілені жарамсыз деп тану және оның салдары

13.12.2022

1873 0

Сурет ашық дереккөзінен алынды

Мәміле – азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтар мен міндеттер белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеті. Мәміле жасау үшін ұсыныс, ниет, екінші тараптан келісім керек. 

          Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 380, 382-баптарына сай, азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуға және оның талаптарын айқындауға ерікті.

Заңнамада мәміле ауызша да, жазбаша да жасалады. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардың арасында және жеке тұлғалар арасында 100 айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға Мәміле жазбаша жасалады. Жазбаша Мәміле тараптардың қол қоюымен, ортақ бір құжат толтыру жолымен және хат, жеделхат алмастыру жолымен де жасалуы мүмкін. Заңда немесе тараптардың келісімімен көзделген жағдайда жазбаша Мәмілені нотариат арқылы куәландыру қажет. Жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын мәмілелер мемлекеттік тіркеуді талап етеді. Мәміленің жарамдылығына қажетті алғышарттар ретінде мына талаптар сақталуға тиіс:

  1. мәміле жасаушылар кәмелет жасына толғандар және ақыл-есі дұрыс адамдар болуы керек;
  2. әр тарап Мәмілені өз ықтиярымен жасасу қажет;
  3. мәміленің мазмұны заң талаптарына немесе адамгершілікке қайшы болмау керек;
  4. мәміле заң міндеттеген нысанда жасалуы тиіс.

Жоғарыда көрсетілген талаптардың бірінің сақталмауы мәміле дауланатын болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

        АК-ның 9-бабының 1-тармағына сәйкес соттың мәмілені жарамсыз деп тануы азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдерінің бірі болып саналады.          

        Мәмілеге қатысушылардың бірі оны міндеттемені орындаудан немесе үшінші тұлға не мемлекет алдындағы жауапкершіліктен жалтару ниетімен жасасқан жағдайда, ал мәміленің басқа қатысушысы бұл ниет туралы білген болса немесе білуге тиіс болса, мүдделі тұлға (мемлекет) мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

         АК-нің 159-бабының 2-тармағына сәйкес жосықсыз бәсекелестік мақсатын көздейтін немесе іскерлік әдеп талаптарын бұзатын мәмілені сот жарамсыз деп тануы мүмкін.

        «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы»Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 Нормативтік қаулысында даулы мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптарды, оның салдарлары жөніндегі талаптарды қолдану туралы талапты мүдделі адам, тиісті мемлекеттік орган не прокурор қоюы мүмкін екендігін көрсеткен.

      Мәміленің заңмен маңызсыз деп анықталуы мүдделі адамның осындай мәмілені сот арқылы жарамсыз деп тануды талап етуіне кедергі болмайды.

      Маңызсыз мәміленің жарамсыздығының салдарын қолдану туралы талапты мәніссіз мәмілені жарамсыз деп тану туралы талапты кез келген мүдделі адам қоюы мүмкін.

Егер қойылған талап жарамсыз мәміле бойынша алынған мүліктің кейін қайтарылуына байланысты болса, талап қоюдың бағасы АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасына сәйкес айқындалады және талап қою арызында көрсетіледі.

      Заңның осы нормасына сай барлық алынған мүліктің кейін қайтарылуына байланысты шарттарды жарамсыз деп тану туралы істер бойынша талап қою бағасы мүліктің сотқа талап қойылған күнге нарықтық құнымен айқындалады.

       Егер қойылған талап мүлікті жарамсыз мәміле бойынша заттай кері қайтару мүмкін болмаған жағдайда, кері қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің құнын ақшалай түрде өтеуге байланысты болса, талап қоюдың бағасы АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес талап арызда айқындалады және көрсетіледі.

Осы ретте ескертетін жайт бар. Егер мәмілені жарамсыз деп тану туралы қойылған талапты қабылдау сатысында сот талап-арызда мәмілені жарамсыз деп танудың салдарларын қолдану туралы талап көрсетілмегенін анықтаса, онда осы мән-жай талап қою арызын қабылдаудан бас тарту немесе оны кері қайтару үшін негіз болуы мүмкін емес.

АК-нің 157-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда мәміле мүдделі тұлғалардың, тиісті мемлекеттік органның не прокурордың талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Осы ретте мүдделі тұлға деп көрсетілген мәмілені жасаудың нәтижесінде құқықтары және заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға түсініледі.

      Егер даулы мүліктің меншік иесі болып табылмайтын мүдделі тұлға мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қою арқылы сотқа жүгінсе, онда мәміленің жарамсыздығының салдарларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде осы тұлғалардың заттық құқықтары қорғалуға жатады.

Сонымен қатар мәміленің жарамсыздығы және оның салдарларын қолдану туралы мәселелер тек азаматтық істерді қарау кезінде ғана емес, әкімшілік (Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сай) және қылмыстық істерді қарау кезінде де қолданылатынын ескерген жөн.

Айнұр ӘБІЛҚАЙЫСҚЫЗЫ

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: