19 қаңтар күні сағат 22:00-де Жаңақорған ауданында екі автокөлік соқтығысып, жол – көлік оқиғасы орын алды. Жол – көлік оқиғасынан зардап шеккендер болған жоқ. Тексеру барысында жүргізушілердің бірі көлікті мас күйінде басқарғаны белгілі болды. Бұған қоса, сот шешімімен 2019 жылдың қазан айында ол 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Алайда, бұған қарамастан бұл азамат мас күйінде қайта көлік тізгіндеген.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару ) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айып алаңына қойылды. Күдікті 37 жастағы облыс тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Бұл орайда, жол – көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарының жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді ескертеді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі