Қалтаның қалыңдығы мен қарынның қамын ойлау – жемқорлыққа бастайтынын жоққа шығара алмаймыз. Адал еңбекке сенімді азайтатын осындай кеселдің алдын алу мен арылу – басты мақсат. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі жиі экскурсия ұйымдастырып, түсіндірме жұмысын жүргізуді тасада қалдырған емес.
Бұл жолы Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері келіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Яғни, экскурсия барысында келген қызметкерлер шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілер орналасқан жатақхананы аралап көрді. Сонымен қатар, мекеменің ішкі тәртібі, жазасын өтеу жағдайлары және қойылатын талаптар туралы ақпарат берілді. Мұның бәрі заңды бұзудың адам өміріне, қызметіне және болашағына кері әсер ететінін көрсеткендей.
– Осындай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Себебі бұл – құр сөз емес, нақты өмірден алынған мысал. Қызметкерлер өз көзімен көріп, әрбір қателіктің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын түсінеді. Бұл, өз кезегінде, әркімге ой салып, қызмет барысында тәртіп пен заң талаптарын қатаң ұстануға ықпал етеді. Бастысы – әр қызметкер қандай жағдайда да кәсіби әдебіне берік болуы қажет, – дейді мекеменің режим және күзет бөлімінің бастығы әділет капитаны Азат Батырбеков.
Аяққа тұсау, қолға кісен саларлық кеселден іргені аулақ салған дұрыс-ақ. Теріс қылықтан тыйылу – тыныштық кепілі. Алдағы уақытта да мекемеде экскурсия өткізу жұмыстары жалғасын табады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!