Жұма, 29 наурыз, 04:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Оңай жерде ақша жоқ немесе алаяқтар қалай алдайды?

29.11.2022

854 0

Бүгінде алаяқтың түр-түрі көп. Мұны күнделікті өмірде естіп те жүрміз. «Жақынымның суретін қойып, тез ақша аудар деген соң…», «Акция деген соң, қайдан білейін», «банктен деп хабарласып, аты-жөнімді айтып тұрған соң» деген секілді қалтасындағы қаржысынан қағылып, жыларман күйге түскен елдің шағымы жетерлік.

Кәнігі алаяқтардың қулығына құрық бой­ламайтыны шындық. Өзгені алдап, ақша табуды кәсіп еткендер қулықтың түр-түрін ойлап табатынын күнделікті өмірде байқалып та жүр. Оның үстіне цифрлы әлемде өзіміз туралы деректі қайдан алды деп таңғалудың да қажеті жоқ.

Бүгінде кеңінен тараған алаяқтықтың бір түрі – қаржы пирамидалары. «мынша ақша салсақ, мың есе көбейтіп қайтарып аласың» деген сөзге қалай еріп кеткенін білмей алда­нып қалып, артынан сан соғып жатқандар аз емес. Бір қызығы, елді алдап соғатын қаржы пирамидаларының бірі жоғалса, тағы бір жаңа түрі пайда болып жата­тыны жасырын емес. Тағы бір айта кетерлігі, көп жағдайда, қаржы пирамидаларының түбін зерттей келгенде оның артында шетелдіктер тұрғаны анықталған. Мәселен, «B2B Jewelry» зер­герлік дүкендер желісінің атын жамылған қаржы пирамидасының артында ресейліктердің тұрғаны анықталды. Ал Ватсап арқылы чат ашып, жүргізетін алаяқтықтықта шек жоқ, жеке адамдар да ашып жатыр.

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тер­геу департаменті тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлының айтуынша, заңсыз қаржы пирамидаларын әшкерелеуге ұзақ уақыт жұмсалады екен.

– Заңсыз қаржы пирамидаларына алданып қал­ған адамдар түрлі себеппен арызданудан, тергеуге келіп жауап беруден бас тартады. Ал пирамида дегеніңіз бұл тізбек! Тізбек үзілген соң әрі қарай тергеу әрекеттерін жүргізу қиындай түседі. Мысалы, 2020 жылы Алматы қаласы бойынша эко­номикалық тергеу департаменті «B2B Jewelry» зергерлік дүкендер желісінің атын жамылған қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастыруға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл пирамидаға қаржысын салған 150-ге тарта қызылордалық салымшы анықталды. Арызданғандар саны одан үш есе аз, олардың арызы сол іске біріктірілді. Алайда көбі тергеу барысында өз арыздарынан бас тартты. Ол істің тергеуі өткен жылы аяқталып, жақында сот шешімі шықты. «197 салымшыға 123 миллион теңге қайтарылды» деген ақпарат жарияланған соң сол салымшылар қайта арыздану үшін келіп жатыр. Бұл іс бойынша арызданып, өз оқиғаларын түсіндірген жандар бойынша жеке талдау жасап көргенбіз. Оңай олжаға кенелуді ойлайтын адамдардың жасы да, кәсібі мен қызметі де сан алуан. 20 жастағы жігіт те, 64 жастағы қария да осы тізімнен табылады. Көлемді қаражатын салғандар қатарында мұғалім де, дәрігер де, кәсіпкер де, зейнеткер де жүр. Тіпті лауазымды тұлғалар да бар. Өкініштісі, көбі «жақындарым білмей-ақ қойсын», «құрысын, әуре болып жүрер уақытым жоқ» деген желеумен жарты жолдан жауабынан тайқып кетеді, – дейді департаменттің тергеу басқармасының басшысы.

Тез байығысы келетіндер тұзаққа оңай түседі

Мамандардың пікірінше, заңсыз қаржы пира­мидасын құрған алаяқтар адам психологиясын жетік меңгерген. Олар оңай жолмен ақша тауып, бір-ақ күнде байып кеткісі келетін адамдарды тұзаққа оңай түсіреді. Аз уақыт ішінде байып шыға келесің деген секілді кеңес кімге жақпасын?!

– Кейбіреулер жұмыс істемей, маңдай тер­летпей, жылдам ақша тауып, тез баюды мақсат тұтады. Ал алаяқтар мұны өте жақсы түсінеді және адамдардың әлсіз психологиясы мен қаржылық сауатының төмендігін пайдаланады. Қаржы алаяқтығына қатысты істің анықталуы қиын, тергеу ісі ұзақ мерзімді талап етеді. Оған тез арада ізін жасырып үлгеретін «жалған фирмаларды» табудың күрделілігін қосыңыз. Байқасаңыз, бұл заңсыздықтың тоқтамауы және нәтижесінің біз күткендей болмауы  адамдардың әрекетіне бай­ланысты.Соңғы 2 жылда қаржы пира­мидасы мен интернет алаяқтыққа ұрыну фактілері көптеп тіркелуде. Өңірде әртүрлі пирамидалар мен алаяқ сайттарға кіріп кетіп, қаражатын жоғалтқан азаматтар жүздеп саналады.  Тіркелген 2 қылмыстық іс тергелуде.

Қаржы пирамидаларын әшкерелеудің күрделі­лігіне байланысты, еліміздің құқық қорғау органдары­мен келісім негізінде Қазақстан Республика­сының цифрлық даму, инновация және аэрокосмостық өндіріс министрлігінің сарапшылар тобы күмәнді сайттарды және сілтемелерді бұғаттау бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері департамент мамандары қаржы пирамидасы белгісі бар 549 сайт дерегін осы эксперттерге жолдаған. Олардың 22-сі бұғатталып, 68-ін сарапшылар зерттеуде. 385 сайтты бұғаттап үлгерген, – дейді Ерлан Қасқырбайұлы.

Интернет алаяғынан қалай сақтану керек?

Бүгінде қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрі – интернет арқылы алдау. Цифрлы әлемнің қыр-сырын түсіне бермейтін көпшілік нені ескеру керек? Мамандар кеңесіне құлақ түрсек, интернеттегі қаржылық алаяқтықтың мына түрлері жиі кездеседі екен:

– Интернет арқылы сатып алу. Сатушы жалған немесе жарамсыз жеке куәлікті қолдана отырып, ақша аударымдары жүйесі арқылы тауарды төлеуді сұрайды. Ақша алған кезде ол жоғалады.

– Жұлдызнама құрастыру. Пайда­ланушыға сауалнаманы толтыру ұсы­нылады, содан кейін электрондық поштаға жұлдыз жорамалының өзі емес, көрсетілген нөмірге SMS-хабарлама жіберу туралы хат жібе­ріледі. Мұндай хабарламаның құны бірнеше жүз теңге болуы мүмкін.

– Тіркеме ретінде жасырылған вирус тіркелген төлем жүйелерінің хаттары – файл немесе сілтеме. Оның міндеті – төлем жүйелеріндегі сіздің шоттарыңыз және банк карталарының деректері туралы деректерді жинау.

– Нигерия сюжеттері. Африка елінің әлдебір жоғары лауазымды адамы айтарлықтай ақша сомасын шығару үшін пайыздық төлем беремін деп көмек сұрайды. Бұл ретте клиент өзінің алданып қалғанын түсінгенше, клиенттен аударымды рәсімдеу және басқа да іс-әрекеттер үшін болмашы сомаларды аударуды сұрайды.

Мұндай алаяқтықтан қорғану үшін хаттардағы сілтеме бойынша төлем жүйелерінің сайттарын ашпау қажет, мекенжай жолағындағы URL мекен­жайын тексеріп, сілтеменің қайда апаратынын қарау маңызды. Сілтеме сенімді болып көрінсе де, мекенжайларды ұйымдардың ресми сайттарының домендік атауларымен тексеріңіз.

– Интернет арқылы сауда жасау кезінде жеке банктік картаны және тек тексерілген сайттарды ғана пайдаланған жөн.

– Құпиясөзді хабарламаңыз, оларды тек төлем жүйелерінің сайттарында енгізіңіз.

– Құпия ақпараты бар файлдарды қолжетімді немесе сенімсіз ақпарат көзіне сақтамаңыз және олардың бірнеше көшірмесін жасап отырыңыз.

– Қашықтан жұмысқа орналасу кезінде ешқандай жарна төлемеңіз.

 – Өзіңіздің де, туыстарыңыздың да компьютеріне антивирус орнатыңыз.

P.S. Күн сайын жаңалықтан алаяқтардың әшкереленгенін немесе алаяққа алданғандар туралы жаңа бір ақпарат оқитынымыз шындық. Демек, қаржы сауаттылығы – өзекті мәселе.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: