Жұма, 22 қараша, 23:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Отаннан опасыз ғана қашады немесе тергеудегілердің соттан қашуына не себеп?..

11.04.2023

853 0

Елдің шебі де, шегі де шекара екені белгілі. Шекара күзетіндегілердің Отан алдындағы борыштарына адал екендігіне шүбә да келтірмеймін. Бірақ Күдебаевтың елден қашуы Қазақстанда қылмыс жасасаң да ақшаң болса кетіп қалуыңа мүмкіндік бар дегендей ой тудырады екен. Жасаған қылмыстары басқа болса да Әбләзов пен Храпуновтың да әрекеті осыған саяды. Бұл аз десеңіз, бір жарым жылдан бері тергеліп жатқан үйқамақтағы «ТаразЭнерго» орталығының экс-басшысы Бақберген Мәуленов те қашып кеткен болып шықты. Сонда олар қайдан, қалай сытылып кетіп жүр? Оларға біреу көмектесті ме? Сұрақ көп…

Алдымен Серік Күдебаевқа тоқта­лайық. Ол – Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы. Шені – генерал. Қасіретті қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан күдікті. Бір қызығы, әні-міне сот шешімі шығады дегенде елден қашып үлгерген. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров: «Мұндай «тұтқиыл қашуды» ІІМ, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес» деп жазды.

«Генералдың» қайдан, қалай қаш­қаны туралы ресми ақпарат жоқ.  Дегенмен қырғыз бауырлардың елі арқылы Түркияға кетіпті-мыс. Сонда қырғыз жеріне қалай өткен? Бұл жерде Саировтай мәжілісменнің сөзі шындыққа жанасатын секілді. Әйт­песе қаңтар қырғыны бойынша кү­дікті ретінде тергеліп жатқан адам қа­шып кетті дегенге ақыл-есі бүтін адам сене қоймайды. Бірақ… Шындық – осы.

Baq.kz-тің хабарлауынша, Талды­қорған қалалық сотының судьясы 9 наурызда Серік Күдебаевты гипер­тония диагнозымен емдеу мекемесіне жатқызылғанын айтқан. Сот оты­рысы сотталушының сырқатына байланысты бірнеше рет кейінге шегерілгендіктен, сотқа мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарылыпты. 3 сәуірде оның елде жоқ екені белгілі болған. Осыған байланысты Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.

«ҚазАқпаратқа» шыққан дерекке сүйенсек, Серік Күдебаев Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өтпеген. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мәлім еткен.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаев­тың (01.01.1965ж.т.) ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды. Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесе отырып, тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады», – делінген хабарламада.

Талдықорған қалалық сотының судьясы: «Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қала­сындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен», – деді әлеуметтік желіде тараған видеода. Судьяның сөзінше, бұл – шекара қызметінің деректер базасы арқылы дәлелденген ақпарат. 

Енді ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған «ТаразЭнерго» орталығының экс-басшысы Бақберген Мәуленовке келейік… 

Жамбыл облысының қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ауданаралық соты­ның хабарламасына сүйенсек, Бақберген Мәуленов осы жылдың 28 наурызында өтетін сот отырысына келмеген. КТК телеарнасының хабарлауынша, «Мемлекет қаржысын жым­қырды» деп айыпталған бизнесменнің қайда екенін ешкім білмейді-мыс. Ол соңғы сот оты­рыстарына да бармаған. Бүгін-ертең үкім оқы­лады деп жүргенде, судья қашып кеткен айыпталушыға іздеу жариялаған. Тура бір Күдебаев сияқты ізім-қайым жоқ болды. Басқа елге кетті ме, әлде Қазақстанда жасырынып жүр ме, ол жағы белгісіз. Анығы, оған да іздеу жарияланған.

«2023 жылғы 28 наурыздағы қаулыға сай, сотталушы Б.Мәуленов сот отырысына себепсіз келмегеніне байланысты іздестіру жарияланды. Сотталушы ұсталған соң бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту шешімі бар. Еске сала кетейік, бұның алдында сотталушы Б.Мәуленовке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ болатын. Қаулыны орындау үшін Жамбыл облысының полиция департаменті мен экономикалық тергеу департаментіне жолданған», – де­лінген Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында. 

Қолда бар деректерді негіз етсек, Бақберген Мәуленов қазынаның 2 миллиард теңгесін қалтасына басқан деп күдікке ілінген. Бұдан бір жарым жыл бұрын баласы екеуі қамауға алынған екен. Мәуленовтің өзі үш ай бұрын кепілдікпен үйқамаққа шыққан. Бұл іс бойынша оның ұлы мен тағы 7 сыбайласы тергеліп жатыр.

Р/с: Сөз басында талай қалталының заңды белден басып, елден кеткенін жазғанбыз. Тіпті Әбләзов пен Храпуновтың да есімін атадық. Күдебаев пен Мәуленовтің де қалтасы қалың екенін ұмытпаған жөн. Қанша жерден іздеу жарияласаң да қалталыларды кейбір мемлекеттің бере қоюы екіталай. Өйткені олардың қаржысын өз игіліктеріне пайдаланады деген де екіұшты әңгіме бар…

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: