Қылмыстық атқару саласына қарасты Қызылорда облысындағы №68 мемлекеттік мекемесінде экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азаматтары Шәкәрім шығармаларын оқып, талдады.
Мекеме теологтары ұйымдастырған бұл іс- шараға Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің ұстазы Қалдыбек Әділбек арнайы шақыртылды.
Іс- шара барысында алдымен мекеменің теологы Р. Рузиев пен мемлекеттік тілде аудармашы маманы сотталғандарды Шәкәрімнің өмірімен, шығармаларымен таныстырып өтті.
Содан соң, жазасын өтеушілер ақынның « Жастарға» «Адамдық борышың» және тағы да басқа Ар-ұят туралы өлеңдерін жатқа оқыды.
Және сол шығармалардағы айтылған негізгі ойлар бойынша пікір таластырып, ортақ ой қорытты.
- Маған Шәкәрім дананың «Адамдық борышың» өлеңі қатты ұнады.
Ақын бұл өлеңінде « ақ жолдан айнымай ар сақта оны біл» « шын бақыт артыңда ғибрат алар із қалдыру» деп жазған екен.
Өлең шумақтары мені толғандырды. Шынында осы жасқа дейін артымда қандай із қалдырып келемін деген ойға келдім.
Тіптен, дүниеге әкелген перзенттеріме де жақсылық жасай алмай отырмын.
Бостандыққа шықсам, дұрыс жолға түсіп, балаларымды ізгі істер жасауға тәрбиелесем деймін – деді.
Ал, келесі бір сотталған:
- Ойшыл ақынның өлеңдерін бірден ұғу қиын екен. Бірақ теолог бізге терең мағынасын ашып түсіндіріп берді.
Ақын өлеңінде айтқандай «бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған» шынында да менің «екі құлағым тарс бітіп, шел басыпты көзімді» Діндегі ақиқатты көре алмапппын.Сол үшін өкінемін- деген түйінді ойын айтты.
Жазасын өтеушілердің сабаққа белсене қатысып отырғандығын көріп, ақынның философиялық ойларынан нәр алғандығын, оқылған шығармалардың адасқан азаматтарға игі әсері болғандығын бағамдаған Қалдыбек Әділбек, шара соңында сөз алып, өз тарапынан ойын білдіріп, қорытынды жасады.
Рухани ордадан келген ұстаз, сотталғандарға пенденің кешірілмейтін күнәсі болмайды,тек ниеті түзу болса, кез-келген жаста адамның дұрыс бағыт таңдап, адал жолға түсуге болатындығын айтып жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!