Жексенбі, 19 мамыр, 22:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Сотталғандар жиһаз цехында жұмыс істеп, айлық алып жүр

22.09.2023

370 0

Алматы облысының түрмелерінде жатқандардың 40 пайызы кәсіпкерлерге жұмыс істеп жүр. Ол үшін айлық та алады екен. Ең төменгі жалақы – 70 мың теңге, – деп хабарлайды Massaget.kz

Үш мыңнан астам жазасын өтеуші отырған Заречный түрмесінде жиһаз цехы ашылған.

«ҚР ҚК 99-бабы 1-тармағымен 9 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Зеречный ауылы №12 мекемеде жазамды 4 жылдан бері өтеп келемін. Жиһаз цехында жұмыс істеп жатырмын. Уақытылы айлығын береді. Мемлекетке келтірген шығынды төлеп жүрмін», – деді жазасын өтеуші.

Кісі өлтіргені үшін 9 жылға қамалған азамат – жиһаз жасаушылардың бірі. Оның айтуынша, 20 шақты сотталушы сағат 9:00-ден сағат 17:00-ге дейін шеберханада төсек, үстелдер құрастырады. Ал айлықты түрмеде өндіріс орнын ашқан кәсіпкер төлейді.

«Мұнда жасалған өнімнің сапасы жақсы. Қаладағы шеберханаларда жасалған тауарлардан айырмашылығы жоқ. Осы салада 12 жыл жұмыс істеп жүрмін. Тапсырыстарды уақытылы орындаймыз. Түрме болған соң, сескене қарайтын шығар. Алайда еңбектің – аты еңбек, бұл – кәдімгі шеберхана», – деді өндіріс орнының басшысы Мұрат Самойлов.

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар цехта тек жиһаз жасамайды. Тапсырыс берсе, мекемелерге арнайы киім, сапалы аяқ киім тігеді, қолөнер және әшекей бұйымдарды да жасайды. Қызметкерлердің айтуынша, бұл тауарларға сұраныс жоғары.

Тұтқындар жасаған тауарлар көбіне жеке тапсырыс бойынша сатылып жатыр. Қылмысты атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің айтуынша, жазасын өтеп жатқандар арасында еңбек еткісі келетіндер қатары көбейген. Ал оның бәріне орын табыла бермейді.

«Алматы облысы бойынша 4 мыңға жуық жан жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 40 пайызы, 1300-ге жуық жан жұмыспен қамтылған. Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету. Екі мыңға жуық сотталған азамат жұмыспен қамтылуға дайын», – деді Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бөлімінің бас маманы Сандуғаш Ереулиева.

Еңбек етуге сұранғандарға орын табу үшін түрмеге кәсіпкерлер тарту ісі қолға алынған. Ашық есік күнінде абақтыға 10-нан астам кәсіпкер келіп, жағдайды бағалады.

Сотталғандар түрме ішінде еңбек ету арқылы ақша ғана таппайды, жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндік алады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: