Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ведомство қызметін қайта форматтау жұмыстарын бастады. Президент ҰҚК-де өзгеріс енгізу жайлы тапсырмасын Мәжіліс отырысында және Қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтқан еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Баспасөз қызметінде хабарлағандай, ҰҚК органдары, соның ішінде Шекара қызметі мен «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің құрылымын, міндеті мен функцияларын бағалау және оңтайландыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған.
Терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшелерінің қызметін қайта құру және нығайту мәселелері жеке қаралады.
Жеке құрамның жауынгерлік дайындығын күшейту бойынша тиісті шаралар әзірленген. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың ТҚО режимі жағдайындағы бірлескен іс-қимылдарын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлей отырып талдау жүргізілуде.
Бұл жұмыстар нәтижесінде ҰҚК органдарының құрылымы қайта ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, қаңтар оқиғаларынан кейін 6 қаңтарда ҰҚК басшысы болған Кәрім Мәсімов отставкаға кеткен еді. Ал 11 қаңтарда ол екі айға қамауға алынған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында ҰҚК басшылары бас сауғалап қашқанын айтып, ведомствоны сынға алған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!