Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаны тазаның ары таза

13.12.2022

794 0

Сурет ашық дерек көздерінен алынды

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу өзекті мәселенің бірі екені белгілі. Бұл қанша уақыттан бері бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдердің бірі. Бұл дамушы елдердегідей біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресуге басымдық берді.

Ел Президенті халық арасында ақпараттық түсінді­ру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Бүкіл қоғамды жем­қорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқор­лық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын барша­ның сана­сына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс» – деді Президент. Осы мақсатта Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жө­ніндегі кеңес өткені белгілі. Онда бұл кеселді жоюдың, оны­мен күресудің алғышарттары айтылған еді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымыра­сыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдық­тың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.

«Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықсыз таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып  қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заң­намалық шаралар қабылдауға тиіспіз.  Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты  қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі  жұмыстарды  күшейту қажет. Сонда ғана жем­қорлыққа қарсы табанды түрде күресе аламыз» – деген еді Президент аталған кеңесте сөйлеген сөзінде.

Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керекпіз. Дегенмен парақорлық сынды жайттармен жиі бетпе-бет келудеміз. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Демек, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет-ақ.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы заңсыз әрекеттер мен азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Сондықтан дерттің алдын алып, жолын кесу керек. Ол үшін «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірге күресуіміз тиіс. Осы мақсатта аймағымызда тиісті жұмыстар атқарылуда. Айта кету керек, қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жыл басынан бері аймақта халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды түсіндіру бағытында барлығы 25 шара өткен. Мұнан бөлек, діни бірлестіктер және өзге де этнос өкілдерімен 6 шара, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша түрлі форматтағы 18 шара және мемлекеттік қызметшілердің зиялы қауым өкілдерімен 3 кездесу ұйымдастырылған.

Сонымен қатар баспасөз беттерінде «Антикор», «Тура биде туған жоқ», «Жемқорлықпен бірге күресеміз» тақырыптарында арнайы айдарлар ашылған.

Жемқорлықты жоюды мақсат еткен елдің осы ба­ғыттағы жұмыстары кеңінен насихатталып, өз талап үдесімен орындалуына әрбір азамат атсалысуға тиісті. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Яғни халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай шара қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білуі қажет. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Жаңа Қазақстан құруда әділдік пен турашылдықты ту ету бүгінгі жастардың қолында. Жаны тазаның, ары да таза болатынын ұмытпайық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: