Жексенбі, 05 мамыр, 18:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Әбігер әлем

23.12.2023

443 0

THE WALLSTREET JOURNAL

Кашмир:Оккупациядан автономияға дейін

Кейінгі жүзжылдық шекара ұғымын нақтылауды, әр қадым қай елдің меншігі екенін шегелеуді үйретті. Оған дейін нұсқаған тұстан иелік бітіп, меңзеген аумақтан ары аспауға уағдаласатын. Бұл халықтардың мәдени байланысы, жергілікті тұрғындардың көші-қонына қолайлы болғанымен, нақтылық дәуірінде айтарлықтай қиындық тудырды. Салдары қарулы қақтығысқа ұласқан қанша аймақтың тағдыры – осы нақтылаусыз болжамның құрбаны. Жақында ғана автономия статусынан айырылып, бүтін жұтылған қасіретті Кашмирдің жайы да осы салғырттықтың жемісі еді…

Кашмир – тарихы бай, қанша халыққа пана болған мекен. Индия мен Пәкістан ит тартқан тулақтай еткелі елден маза қашты. Сепаратистер лаңы, қос биліктің құқықтық негіз енгізуге тырысқан әкімшілік озбырлығы әлсін-әлсін әлеуметтік желіге жарияланғанымен халықаралық қауымдастық лайықты жауап бере алмай келген. Енді, міне, жағдайды пайдаланған Индия Камширді автономия статусынан айырып, тарихи мекен деп құжатқа бекітті. Бұл нендей өзгеріске әкеледі? Кашмирде жаңа жанжал ошағы тұтануы мүмкін бе? Бұл сауалдарға The Wall Street Journal басылымының тілшісі Раджеш Рой жауап іздеп, «Жоғары сот Кашмирді ерек статусынан айырды» деген көлемді мақала әзірледі.

«2019 жылы Индия мен Пәкістан Кашмир үшін қарулы қақтығысқа түсті. Тараптар кездесуінен соң жағдай орныққандай көрінген, алайда көп өтпей Индия Кашмир мен Джамму аймағын арнайы статусынан айыруды бастап кеткен. Екі ел де Кашмирді толықтай өз меншігі санағандықтандықтан мұндай әрекет халықаралық келісім аясына сыймасы анық. Индияның премьер-министрі «Х» (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде Нарендра Моди Жоғары сот шешімін «үміт, прогресс, бірлік декларациясы» деп атап, аталған аумақтағы ағайынмен араны қосу деп түсіндірді», – дейді автор.

Байқасақ, Индия тарапы жүйелі өзгеріске дайындалатын секілді. Мақала авторы Кашмирде келер жылы сайлау өтетінін айтып, тіпті статусты жоғалту нендей өзегріске әкелетінін де болжаған. Тілшінің сөзінше, енді ел азаматтары Кашмир аймағынан жер сатып алуға, онда кәсіп жүргізіп, Индия заңын орнатуына мүмкіндік ашылмақ. Бұл Кашмир халқының құқығын шектеуі мүмкін. Бұған дейін билігі өзінде болып, жеке туы да қолданыста болған халық мұндайға көнуі екіталай деген болжам бар.

«Ұзақ жыл бойы Кашмир сепаратистердің орталығы болды. Ауғанстан мен Пәкістан арқылы қару-жарақ, жасақ кіріп, жергілікті әскерге шабуыл күшейген. Индия азаматтары Кашмирден көшіп, орталыққа бас сауғалауға мәжбүр болды. Содан болар, Индия қоғамында Кашмирге «үй ішінен үй тікті» деген айып күшейіп, биліктен мәселені шешуді талап етті», – дейді Раджеш Рой.

Жоғары соттың шешімі осы тұсқа сәйкес келуі тегін емес. Индия ұзақ уақыт әскери операция жүргізіп, Кашмирдегі сепаратистерді әлсіретті. Қару тасымал жолын қысып, байланыс жүйесін толық қолына алды. Оның үстіне қазір Пәкістан бұрын-соңды болмаған экономикалық қиындықты бастан өткеруде. Сыртқы қарыз үлесі өсіп, жұмыссыздық жайлаған кезде Кашмирді құрамына ресми енгізу ең тиімсіз шешім болар еді. Индия да орайы келген істі қапы жібермей, аумақты оккупациялаудың шешуші қадамын жасады.

«Кашмир халқы қажыды. Көбі Индияның реми билігін мойындағалы терракт тыйылды. Туризм дамып, аймақ экономикасына қаржы құйыла бастаған. Бейбітшілік дәмін татқан жергілікті тұрғандар сепаратистерден бойын аулақ салып, тұрақты әкімшіліктің орнауын қалайды. Бұл Индияның билігін құқықтық негізде бекітуге таптырмас қадам», – дейді автор.

CNN

Қару мен қан

АҚШ-та мектепке қарулы шабуыл жасау секілді қанқұйлы үрдіс бар. Жылына осы тектес қылмыстан көз жұматын оқушы саны көп. Сол үшін мектептерде арнайы қорғаныс бөлмесі әзірленіп, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Бұл демократия жолының бағдаршамына айналған елдің ең басты мәселесі десек, артық емес. Тоқтық па, әлде психологиялық кемшін тұс па, белгісіз, бірақ оқушы арасындағы қақтығыс толастар емес.

Енді, міне, бұл үрдіс белең алып, Еуропа елдеріне жетті. Жақында Ресей мектебінде орын алған оқиғамен мәндес қылмыс Прагада болып отыр. Карлов университетінің студенті оқу ғимаратына қарумен кіріп, 15 адамды жайратып салған. Жараланғандар саны одан да көп. Апта бойы әлемдік БАҚ-тың назарында болған оқиғаға мамандар құқықтық, психологиялық талдау жасаумен әлек. CNN арнасының тілшілері Сяофэй Сюй, Ивана Коттасова және Джесси Юнг аталған тақырыпқа талдау жасауға тырысқан.

«Якоб Вейцман – ұлты дат. Карлов университетінің студенті, қырғын куәгері. Ол бейсенбіде кезекті емтихан тапсырған соң у-шу, атыс дауысын естігенін айтты. Бұл қаныпезердің Карлов университетіне кірген уақыты еді. Якобтың айтуынша, студенттер дереу есікті жауып, үстелден тосқауыл құрып, полицейлер келгенше күткен. Сағатқа созылған қорқынышты сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес дейді.

Дат студенті мұндай сұмдық оқиға Еуропада орын алады деп ойламаған әрі студенттер мен оқушылар арасындағы атыс АҚШ-тан Еуропа елдеріне келген індет деп санайды. Бұл сөзге қосылуға болады. Себебі жақында Данияда, Сербияда орын алған жаға ұстатар жайт енді Прагаға жетті» – дейді арна тілшілері.

Бүгінде универстетке қарулы шабуыл жасаған күдіктінің есімі аталмаған. Іс жүргізудегі заңдылық бойынша құпия сақталғанымен көбі күдіктінің 24 жастағы өнер факультетінің студенті болғанын айтуда. Оқиға да өзі білім алатын оқу ғимаратында болған.

Жалпы мұндай кері үрдістің сыры неде? Бақылаусыз қоғамдағы озбырлық па, әлде шамадан тыс еркіндік салдары ма? Осы сауалдарға Еуропа қоғамы да жауап іздеуде. Мысалы, жергілікті iDNES.cz ақпараттық порталы күдіктінің психологиялық ауытқуы болуы ықтимал деген мәлімет таратқан. Себебі соңғы уақытта студенттің мінезі тұрақсызданып, отбасымен кикілжің көбейген. Тіпті күдікті университетке шабуыл жасардың алдында әкесін атқан деген дерек жариялады.

Ал арна тілшілері мәселеге қатысты тың тақырып көтерген. Олар қанды оқиғаға қаруды еркін пайдалануға рұқсат берген солқылдақ заңды кінәлайды. Еуропа елдерінде жеке сектордағы қару үлесі мен азаматтардың қару пайдалану үшін арнайы рұқсат алу ісі тым жеңіл екен. Бұл өз кезегінде қоғамдағы қауіпсіздікке нұсқан келтіріп, террорлық әрекеттің белең алуына жол ашады деген пікір айтты.

«2022 жылы Данияда 3 адамның өмірін жалмаған қанды оқиға болды. Бұл ел Еуропадағы қару сақтауға қатысты заңы қатал елдің бірі. Солай бола тұра соңғы онжылдықта қару қолдану жағдайы жиілеген.

Ал осы жылдың мамыр айында Сербияда екі ауқымды атыс болды. 13 жастағы оқушы он шақты адамды жер жастандырды. Баланың қолында автоматты қару болған. Балқан түбегіндегі елдерде қаруға рұқсат алу қиын екені даусыз. Бірақ Сербия АҚШ секілді қару айналымын жеңілдеткелі мұндай оқиға көбейді.

Ал Чехияға келсек, мұнда либералды заң үстем құрған. Еуропа одағындағы елдерге қарағанда қару алу жүйесі оңай. Ол үшін арнайы лицензия, медициналық тексеріс, қару ату дағдысы болса жеткілікті. Тек соңғы жылдары ғана сотталмаған азаматтарға ғана рұқсат беру қолға алынды. Ресми деректе 300 мыңнан астам ел азаматының қару сақтауға рұқсаты бар. Ал өткен жылғы дерек бойынша 1 млн азаматтың қаруы бар», – дейді тілшілер.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: