Сенбі, 27 сәуiр, 21:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Жиһаз өндірісі қалай дамуда?

07.02.2023

1097 0

Сурет: vipidei.com

Қазір елдің талғамы өзгерді. Бұрын Германияның, Польшаның немесе Ресейдің жиһазы деп тамсанатын болса, қазір өзімізде тапсырыспен жасатқанды жақсы көреді. Тапсырыспен жиһаз жасатуға сұраныс артқаны соншалық, бүгінде жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді. Алайда бұл өзіміз жиһаз өндіреміз дегенді білдірмейді. Шикізат көзі импортқа тәуелді саланың құлашын кеңге жая алмай тұрғанының бір себебі осында. Қарапайым ғана мысал келтірсек, шкаф есігінің тұтқасына дейін сырттан келетін жиһаз өндірісінің проблемасы жетерлік. Мұны сол саланың қазанында қайнағандар жақсы біледі. Барлық шикізат сырттан келетіндіктен де жергілікті жерде тапсырыспен жиһаз жасату арзанға түспейді. Дегенмен сұраныс бар. Елімізде жиһаз өндірісін қолдау қандай деңгейде? Өзімізде жасалған жиһаз неге қымбат? Жиһаз өндірісіндегі осы секілді көкейкесті сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде жиһаз өндірісі бойынша төрт ірі жоба іске қосылмақ. Бүгінде бұл кәсіпорындар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, өндіріс ошағына қажетті жабдықтарды сатып алуда.

2022 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6%-ға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4%-ға, ас үй жиһазы 33,5%-ға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2%-ға артқан.

«Бүгінде Қазақстанда жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Салада жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артуда. Жалпы елімізде тұрғын үй құрылысы жылдан-жылға қарқын алғанына орай жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары», – дейді сала мамандары.

Жергілікті кәсіпкерлер жаңа технология әкелуде

Осы орайда өңірде жиһаз өндірісін дамытуға үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкерлердің пікірін сұрадық. Қаладағы белгілі «Диана» жиһаз салонының иесі Жібек Қожахметова қазір жергілікті жерде де жиһаз өндірісінде жаңа технологияны енгізіп жатқан әріптестерінің аз емес екенін, сұраныс пен талғамға сай түрлі жиһаздар жасалып жатқанын айтты.

– Қазір Қызылорда облысында 100-ден астам жиһаз цехы бар. Оның ішінде ірі, шағын кәсіптер де бар. Ірі кәсіп иелері қазір қарқынды даму үстінде. Мәселен, қазір боялған ағаштар сапалы. Қазір ірі жиһаз цехтары ағаштарды өзі бояуда. Бұрынғы технологиялар өтпей қалды, жаңа технологияларды қолдану – уақыт талабы. Бұл да үлкен жетістіктің бірі. Қазір тапсырыспен жиһаз жасау үлкен сұраныста. Сұранысқа сай жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Осы мақсатта жаңа құрал жабдық алу үшін 6 пайызбен берілетін несие алып, жиһаз цехын жаңартып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Жиһаз бағасы неге қымбат?

Шынында, соңғы кезде тапсырыспен жасалған жиһаз бағасы  өте қымбатқа түсуде. Себебі сырттан келетін шикізат бағасының қымбаттауы, әлемдік геоясаяси жағдай да жиһаз бағасына әсер етпей қоймады.

– Тұтынушы өз таңдауымен, талғамына сай түрлі фурнитуралар таңдайды. Қазір шетелдік фурнитуралар 10 есе қымбаттап кетті. Бұрын ауа сорғыш, газ плиталарды 30-40 мыңға алсақ, қазір 150 мыңның үстіне шығып кетті. Осындай себептермен тапсырыспен жасалған жиһаздар қымбат болып тұр. Кейде жиһаз бағасы 2 млн-ға дейін барады. Себебі 3 метр биіктікке, сапалы ағаш бояуы, фурнитуралар бағасын қосқанда жиһаз осындай бағаға шығып отыр. Мәселен, 500 теңгенің есік тұтқасы қазір 2-3 мың теңге болып кетті. Содан кейін сұраныс сәнге, трендке байланысты көбісі асүй жиһазына жарық қондырғысы келеді. Мұның өзі кем дегенде 100 мың теңгеге келеді. Бұрын жиһаздар 300-400 мың болса, қазір 1-1,5 миллионға шығып жатыр. Жиһаз бағасының қымбаттауының проблемасы осында, – дейді кәсіпкер Жібек Қожахметова.

Бұл салада жетістік аз емес

Әлеуеті күшті саланың бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Уақыт талабына сай жиһаз өндірушілер ізденудің нәтижесінде үлкен жетістікке жетіп келеді. Қазір ақшаң болса, жергілікті жиһаз өндірушілер кез келген жиһаз түрін жасап бере алады.

 – Жиһаз өндірісі өте қарқынды дамып келеді. Он жыл бұрын сұраныс басқа еді, үлгілері қарапайым, бағасы қолжетімді. Қазіргі сұраныстың бағасы өте қымбат. Бұл халықтың табысына, көзқарасына талғамына байланысты. Табысы жетпесе, сұраныс болмас еді ғой. Қазір тапсырыспен жиһаз жасатуға халық өте ынталы. Біздің жасап жатқан жиһаз үлгілеріміз еуропалық стильден асып түспесе, кем емес. Сұранысқа сай бұрынғы «Барокко», «Хай-тек», «Неоклассика» үлгілерін қайта жаңғыртып, жергілікті жиһаз өндірушілер түрлі жаңалықты игерді. Ал проблемамыз – қажетті құрал-жабдық, заманауи станоктардың жетіспеушілігі. Бұған дейінгі алған станок тозып, жаңалықты игеруге мүмкіндігі болмай қалып жатқаны рас. Ал заманауи станоктар сатып алуға кез келген жиһаз өндірушінің қалтасы көтере бермейді. Себебі бағасы өте қымбат. Бұрын 4-5 млн тұратын станоктар қазір 15-20 млн-ға дейін өсті. Өңірде 4-5 жиһаз өндіруші ірі компания жаңа құрал-жабдық алып,  халыққа қызмет көрсетуде. Сон­дай-ақ тағы бір мәселе – жиһаз өндірісі айналасында алаяқтардың көбейгендігі. «Жиһаз жасаймыз» деп халықтан ақшасын алып алады да, жоғалып кетеді. Бұл жиһаз өндірушілердің мәртебесіне нұқсан кел­тіруде. Сондай-ақ ме­кемені жалға алу ақысы да қымбаттап кетті. Бұл да кәсіптің өркендеуіне кедергінің бірі екені рас. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жиһаз өндірушілер үшін қиын екені сөзсіз.

Мемлекет қолдауы қажет

– Жиһаз өндірушілерге мемлекет қолдауы жетіспейді дер едім. Жиһаз өндірушілерге қолдау аз. Мемлекеттік тапсырыс алу да өте қиын. Себебі баға өзгермеген. Мемлекеттік тапсырыспен жиһаз алу бағасы өзгеріссіз қалған. Мамандар жетіспеушілігі де бар. Себебі жұмысқа келген адам көп табыс тапқысы келеді, 100 мың айлықты місе тұтпайтындар бар. Ал жоғары айлық төлеуге шағын цехтардың мүмкіндігі жоқ. Шикізат бағасының қымбат екенін жоғарыда айтып өттім. Шикізат сырттан келетіндіктен баға өте қымбат. Қазақстанда ЛДСП материалы өндірілсе, қуанар едік, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде өз бетінше кәсіпті дамытқан жиһаз өндірушілер ізденіс пен еңбектің арқасында аталған кәсіпті дамытуда. Кәсіпкерлер пікіріне сүйенсек, кәсіпкерлер арасында пікір алмасу, тәжірибе бөлісу жетіспей жатады. Бұл, әсіресе, кейінгі буынға аса қажет. Сол себепті кәсіпкерлерге арналған көрмелер мен семинарлар жиі өтсе деген ұсыныс та айтылмай қалған жоқ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: