Сейсенбі, 07 мамыр, 16:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Статистика қазақша сөйлейді

27.04.2024

483 0

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінде тіл саясатын дамыту мәселелеріне қатысты семинар өтті.

Жиынды департамент басшысы Қайрат Әбсұлтанов ашып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның дамуы мен насихатталуына назар аудару қажеттігіне тоқталды. Департаменттің қазақ тілі бойынша жауапты маманы Гүлжайна Ыдырысқызы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай қазақ тілін дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Баяндамашының сөзінше, мекемеде мерекелік жиынды тек қазақ тілінде жүргізу үрдісі қалыптасқан. Мұнда жұмыс істейтін орыс, татар, корей ұлтының өкілдері қазақ тілін өз ана тілінің деңгейінде меңгерген және барлық қоғамдық жұмысқа атсалысады. Қызметкерлер «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктант жазуға белсенді қатысқан. Мекемеде тілге деген құрмет жоғары дәрежеде насихатталып келеді.
Жиында сөз алған социолингвист-ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филиология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов тілдің келешегі, ана тіліміздің тұғыры биік болуының маңызына тоқталды.
– Ана тілі – отбасы тілі екенін ұмытпаңыздар. Отбасында ана тілінде тәрбие алмаған, білім алмаған бала отбасына да, еліне де жаны аши қоймайды. Мемлекеттік тіл еліміздегі қай тілден де лауазымы биік, мерейі үстем тіл. Сондықтан ол алдымен қатардағы мемлекеттік қызметкерден, билік тұтқасын ұстап отырған барлық шенділердің тіліне айналуы керек. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі, – деді ол.
Мұнан соң облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есім баяндама жасады.
– Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілді дамыту бағытында көптеген шара іске асырылуда. 2023 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстандағы ең танымал іздеу жүйелерінің бірі 2GIS(Ту ГИС) карталар мен ұйымдар туралы деректерді мемлекеттік тілде ұсына бастады.
Республика бойынша алғаш болып Сыр өңірінде бастау алған «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында жергілікті филолог ғалымдардың жүргізген ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесінде «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі жарық көріп, кәсіпкерлік палатасына, қала, аудан әкімдіктеріне, кітапханаларға, оқу орындарына таратылды. Бүгінде бұл әдістемелік құралдардың электронды нұсқалары республика көлеміне таратылуда, – деді бөлім басшысы.
Жиын барысында айтыскер ақын, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Сембиева мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.


Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: