Сәрсенбі, 08 мамыр, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Кітапқұмарлар мерекесі

27.04.2024

337 0

Сурет:Н.Мухатаева

Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында
“КІТАПшоу – 2024” кітап фестивалі өтті.

Кітапсүйер қауымды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова дүниежүзілік кітап пен авторлық құқықты қорғау күнімен құттықтады.
– 23 сәуірді дүниежүзілік кітап күні деп атауының үлкен мән мағынасы бар. Әлемдік деңгейдегі жазушылар Сервантес, Уильям Шекспир және Дрион сияқты көптеген ақын жазушыларымыз дәл осы күні дүниеге келіп, өмірден өткен екен. Осыған байланысты 1995 жылы Парижде өткен конференцияда 23 сәуір дүниежүзілік кітап күні деп аталған. Содан бері осы күн республика көлемінде барлық облыс, қала және аудан орталықтарында бір күнде, мезгілде кітап көрмесі өткізіліп жатыр. Биыл руханият жылы болып жарияланғандықтан барлық аудан орталықтарында типтік үлгідегі руханият орталықтары салынуда. Қазіргі таңда 1905 жылы салынған кітапханалар бар. Осыған сәйкес алдағы уақытта руханият орталығын пайдалануға беру арқылы кітапханалардың мәселесін түбегейлі шешеміз, – деді Мира Қазбекова.
Көрмеге зиялы қауым өкілдері, ақын және мұғалімдер мен кітапхана оқырмандары қатысты. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және мектеп оқушылары да кітап көрмесін тамашалады. Сонымен қатар фестивальға келген отбасы христоматиясының өкілі Сәкен Жүргенов «Әлдиден эпосқа дейін» кітабының шығу тарихы мен алдағы жоспарын айтып берді.
– Отбасы христоматиясы жобасы 2012 жылы басталған. Ең алғаш балаларға арналған «Әлдиден эпосқа дейін» кітабы басылып шықты. Бұл кітап жақсы таралды. Негізі бұл жобаны авторлар сынақ ретінде балаларға рухани тәрбие беру бағытында шығарды. Яғни 6-13 жас аралығындағы балаларға негізгі құндылықтарды үйрету мақсатында жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақтардан бастап қисса әлеміне өтіп, ғайып әлеміне жалғасады. Алдағы уақытта «Сыр алқасы» атты оқырмандар клубын құрудамыз. Онда кең көлемде кино, театр және қазақ классиктерінің шығармаларын талдау арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр, – дейді Сәкен Жүргенов.
Облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы ғылыми әдістемелік кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас биыл Руханият жылында кітапханада қандай өзгерістер болатынына тоқталды.
– Бұл фестивальдің мақсаты – кітап оқу мәдениетін көтеріп, жаңа әдебиеттерді насихаттау. Кітап оқу мәдениетін көтеруге байланысты мемлекет басшысы Атырауда өткен үшінші құрылтайда 7 күн 24 сағат жұмыс істейтін түнгі кітапханалар ашу идеясын көтерген болатын. Осы бағытта облыс әкімінің қолдауымен Әбділда Тәжібаев атындағы кітапхананың залын жаңа ғимарат салынғанша қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Биыл облыс әкімі әр ауданға руханият орталығын салу бойынша шешім қабылдады. Алдағы уақытта осы руханият жылының аясында рухани орталықтарының қатарында кітапханаларда халыққа заманауи үлгіде қызмет көрсетететін болады, – дейді Нұрлыбек Мыңжас.
Көрмеге келушілерге арнайы «Жырлайды Сырдың жастары» атты ақындармен кездесу кеші өтіп, «Ертегілер елінде» ертегі кейіпкерлерінің шеруі өтті. Онда кішкентай бүлдіршіндер ән айтып, би билеп өнер көрсетті. Мұнан бөлек «Ақын-жыраулар жырлайды» атты жыр кеші ұйымдастырылса, қолөнер шеберлері «Қолөнер – ұлт қазынасы» атты түрлі бұйымдар жәрмеңкесін өткізді. Кітап дүкендерінің қызметкерлері «Жаңа кітаптар әлемі» көрме-инсталляциясы мен «Кітаптар әлемі шақырады» атты түрлі тақырыптағы кітаптарды ұсынды. Ал «Библио-coffee» сұрақ-жауап арқылы тегін кофе алу ойындарын өткізді.

Н.АЛТЫН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: