Сейсенбі, 07 мамыр, 20:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Қожахмет Баймаханов, «Асар-Холдинг» ЖШС бас директоры: Жақсы әкеден туған ұл тартпай қоймас негізге

27.04.2024

405 0

«Шынымды айтсам…» айдарының бүгінгі қонағы – елге белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов. Ел мүддесі жолында еңбек еткен Сыр перзентімен сұхбат құрып, өмірлік тәжірибесі, қоғамдағы өзекті мәселелер бағытында әңгімелескен едік. Біз үшін оқырманды тың туындылармен қуанту да бір бақыт. Аталған жобаның бейнетүсірілім үлгісін де қолға алдық. Подкаст бағытындағы бейнематериалымыздың алғашқы кейіпкері Қожахмет Мәдібайұлымен болған сұхбатты да газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларынан көре аласыздар.
Біз үшін оқырман пікірі маңызды.

«Апталықтың» анықтамасы:

Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлы 1953 жылы 21 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Томск инженерлік-құрылыс институтын бітірген. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Әр жылдары ПТО басшысы, бас инженер, ПМК басшысы, трестердегі ПМК бастығы, совхоз директоры қызметтерін атқарған.
Еңбек жолында 1997-1999 жылдары Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарса, бес жыл Қызылорда қаласының әкімі болды.
«Асар-Холдинг» серіктестігінің бас директоры.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің XIII шақырылымының депутаты, 2008-2014 жылдары ҚР Парламент Сенатының депутаты болды. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР «Құрметті құрылысшысы».

– Аға, қайда жүрсіз? Көрінбейсіз. Бұрын әлеуметтік желілерде өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізбен бөлісіп, ақыл-кеңес айтып, қоғамдағы мәселелерге үн қосып отыратын едіңіз?
– Қайда жүргенде, құрылыс салып жатырмын. Осы кезде де құрылыс басынан келе жатырмын. Өзім салған тұрғын үй кешендерінің жанында бос жер бар еді, сатып алғым келіп сұрап едім, 100 миллион дейді. Баймаханов десе, 10 миллионның заты 100 миллион боп шыға келеді. «Қалада әкім боп жүргенде бәрін басып қалған, өйткен-бүйткен» дейді, кімнің аузына қақпақ боласың?! Біздікі сол құрылыс қой, бір жарым жылдай үй саласың, бір жарым жылдай оны сатасың. Өзгелер тек қорабын салып, сата береді. Ал біз дайын етіп береміз. Қаншалықты маңдай теріңді төксең, соншалықты зейнетін көресің.
– Көпшілік «Баймаханов, мінезді адам» деп жатады. Құлағымыз естіген нәрсе ғой, өзіңізге де мұндай анықтамалар жетіп жатқан шығар… Мінезді қай жерде көрсетесіз?
– Момын дегенше, жаман десін. Жігітке мінез керек. Бұл жерде момын адамдарды кемсітіп отырғаным жоқ, бірақ қой аузынан шөп алмастың қай жерде тау қопарғанын көрдіңіз? Бір жетістікке жету үшін мінезің болу керек. Мінез – сатып алатын, таңдап алатын нәрсе емес, ол қанмен келеді. Момынмын деп айта алмаймын, бірақ сол мінезбен кісіге қиянат қылып жатқаным жоқ. Айтатын жерде айтамыз. Мінезді көбіне елдік мәселеде қолданамын. Парламент Сенатында 47 сенатор болдық. Солардың 30-дан астамы жеті жылда бір рет те аузын ашпастан кетті. Бұлар сайлаушылардың алдына қалай ұялмай барады? Мейлі, Сенатта сөйлемей-ақ қойсын, ішінде өзара комитетте де өз ойларын білдірсе болады ғой. Комитетте өзара талқыланып барып, Сенатқа шығады. Міне, сол комитеттің өзінде жұмған аузын ашпайды. Үзілісте келіп, «Қожеке, жақсы айттыңыз» деп қолымды алып жатады. Сол кезде «Жақсы айтқанымды сенсіз де білемін, сен неге үндемедің? Неге айтпадың ойыңды? Неге мәселені көтермедің?» деймін. Сонда белсенділер қатарында Айтаханов, Жалмағамбетова, Ғани Қасымов сынды әрі кеткенде 5-7 адам болдық. Астында жақсы көлік, басында баспана, тәп-тәуір айлық. Сол кезде жалақы 600 мың теңге еді, қазір 2-3 миллионға жеткен болар… Елдің сенімін ақтау керек қой.
– Өзіңіздің бастамаңызбен аймақтың басшыларына барып ақыл-кеңес айтатын кезіңіз бола ма?
– Әрине, болады. Бірақ қазір мені көп жиналысқа шақырмайтын болды. Негізі әңгімені мынадан бастайық. Ел басқару – Құдайдың маңдайға жазған бағы. Осыны сезіне отырып, елге еңбек ету керек. Көп басшылардан байқайтыным, өзінен мықты маманды жұмысқа алмайды. Неге алмайды? Неден қорқады? Мысалы, мен қала әкімі болып тұрған тұста Мұрат Өсербаев, Сержан Нәметша, Өлмесхан Болатбеков тәрізді орынбасарларым болды. Әрқайсысының өзінің атқаратын саласы бар және ол салаларға олардан артық ешкім бойлай алмайды. Мұрат Өсербаевты орынбасарлыққа тағайындағанда мен коммуналдық мәселелерді ұмыттым. Маған жеңіл болды.
– Сала мамандары туралы айтып өттіңіз. Сатылап өсу туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгінің негізгі мәселесі осында жатыр. Мен Ресейдің Томск қаласында оқыдым. Жолдамамен мені оңтүстікке жіберген болатын. Бірақ мен келіспедім де, туған жерім Жалағашқа тура тарттым. Сол жақта құрылыс шебері, прораб, учаске бастығы, ПМК бастығы болып қызмет атқардым. Ал кейін мені бірде-бір прораб, болмаса учаске бастығы алдай алмайтын. Өйткені мен оның жұмысын біліп отырамын. Болатын нәрсені де, мүмкін еместі де ажырата аламын. Сатылап өскеннің кереметі осында жатыр. Қазір оқу орнын бітіріп келіп, министр болып отырғандар бар. Мен бұған келіспеймін.
– Басшы қандай болу керек?
– Бар нәрсені ұқсата білу керек. Жалағашта аудан басқарып отырған тұста облыс басшысы Бердібек Машбекұлын ауданнан лагерь ашып беруге шақырдым. Бекең сағат 10-30 шамасында жалғыз өзі келді де «Қожахмет, менің 12-де жиналысым бар. Тезірек ашайық», – деді. Мақұл дедім де су тартқыштың (водокачканың) орнынан салған лагерге апардым. Облыс әкімі аң-таң. Ақша жоқ кезде сондай лагерь аштық, мақтанғаным емес. Қазір де сол лагерь елдің кәдесіне жарап тұр. Темір жол салынған уақытта паровоздарға су керек болған да, Қалғандариядан су тартқыш (водокачка) орнатқан. Кейін қажетсіз қалған оны біз лагерьге айналдырып жібердік. Бекең көрді де, «Мынаны қашан салып үлгердің?» деп таңғалды. Содан кетуім керек деген аймақ басшысы бар жиналысын кейінге қалдырды да түстен кейінге дейін екеуден-екеу әңгімелестік. Жалағаштың шекарасына дейін шығарып сап тұрғанда Бекең «Қожахмет, қалаға әкім боласың» деп ұсынысын айтып кетті.
Мен әкім болып тұрған тұста Қызылорда қаласында 76 нысан салдық. Бір тиын ақша жоқ кезде осындай жетістік болды. Мен келгенде қаланың бюджеті 1 миллиард 673 миллион шамасы болса, мен кеткенде 2 миллиард 400 миллиондай ғана болды. Онда да айлықтың көбейгені есебінен.
Қазіргі әуежай бұрынғы 50 орынға арналған гараж еді. Облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевты әуежайдан шығарып сап тұрғанда маған әуежай салуды тапсырды. Сонан соң мен архитекторды шақырып алдым да, әуежай жайлы сұрадым. Ал ол маған барлығын түсіндіріп берді. Облыс әкімі екеуміз тұрғанда «Сәке, ана ғимаратты көрдіңіз бе?» дедім, қалың жыңғылдың арасында қалған әлгі гараждың қаңқасын көрсетіп. Ол не дегендей сұраулы жүзбен қараған оған сөзімді жалғап, «50 орынға арналған гараж, осыны әуежай етейік» дедім. Ол шошып кетті. Кейін Серікбай Нұрғисаев кабинетіне шақырып алды. Ақылдасып, кеңесіп отырып, іске кірісіп кеттік. Бұл 2000 жыл болатын. Мына бүгінгі әуежай 50 орындық гараждан салынған. Қазір 24 жыл болды, елге қызмет етіп келеді. Мен – құрылысшымын. Сондықтан көзім танып, ана ғимаратты осылай кәдеге асыруға болатынын білдім. Әркім өз ісімен айналысу керек.
Мен қалаға әкім болып келгенде әкімшілікте басшылықта өзге ұлт өкілдері басым болды. Мен көзім танып тұрған істі тапсырамын, мүмкін еместі айтпаймын. Оларға тапсырма беріп он күн уақыт берсем, «ешқашан орындалмайтын нәрсе ғой» деп қарап отыратын. «Сен істей алмасаң, басқалар істейді» деп талап қойдым. Өзімнің сонау құрылыс шеберінен бастап сатылап көтерілген еңбек жолым маған пайдасын тигізді. Кейін оларға тапсырма берсем, зыр жүгіріп кететін жағдайға жетті. Мәселен, 50 орындық гаражды әуежайға айналдырғанда өзім құрылысшы болған соң, тәуекел еттім. Өйткені құрылысшы құрылысты таниды.
Өмір болғаннан кейін бәрі де болады. Жақсы адамдармен жұмыс істедік. Әттеген-айымыз да бар. Сан жылғы қызмет барысында өмір бізді тәрбиеледі. Қырық жасқа дейін бірінші басшы болуды ешкім ойламайтын. Жасы қырыққа келіп, басшы болып жатса, «Мынау ертерек басшы болып қойды-ау» деп күмәнмен қарайтынбыз. Қазір көп салада кадр жағы ақсап тұр.
– Қаншама басшылық қызмет атқардыңыз. Өзіңізге ең қызығы қайсысы болды?
– Еңбек тәжірибемде 5 жыл совхоз директоры, 8 жыл ПМК басшысы болдым. Ауданды екі жыл, қаланы бес жыл басқардым. Маған сол жұмыстардың ішіндегі ең қызығы қала әкімі болуым еді… Жұмыс істеймін деген адамға қаланың әкімі болған қызық. Қаланың әкімі сол жоғары төмен айналып тұрған дөңгелек әткеншекте отырған адам тәрізді. «Бәрін қатырдым» деп отырған кезде бір жерде құбыр жарылады. Болмаса бір арызқой келіп, айқайлап кетеді. Осылай бес жыл қала әкімі болдым. Кейіннен жеке кәсіпке кеттім.
– Қазіргі табысыңыз қанша?
– Мен 156 мың теңге зейнетақы аламын. Оған қарап отырмайық деп, мына құрылыспен айналысып жүрміз. Өйткені бала-шаға, немерелер бар. Немерелерді оқыту керек.
– Аға, құрылыста сапаға емес, жылдамдыққа мән беріп жіберген жоқпыз ба?
– Мәселе жылдамдатқанда емес, кадр тапшылығында. Қазір 2-3 жыл болды, өзбек ағайындар келмей қалды. Енді өзіміздің балаларды үйретіп жатырмыз. Олардың арасында сылақшылар да, тас қалаушылар да бар. Негізі кадр жағына көптеп көңіл бөлу керек. Бізде маман тапшы салаларға қызықтырып, тарту керек. Шәкіртақысын көбейтіп дегендей. Біз 20-22-дегі жастарды алып, өзіміз үйретеміз. Олардың жақсы маман болуы үшін 2-3 жылдай уақыт кетеді. Басында қыш алып береді, кейін өзі өре бастайды. Бірақ 10 баланың үшеуі ғана құрылысшы болуы мүмкін. Жаратылысынан бойында бірнәрсе бар бала ғана алып кетеді. Ар жағында ынта болмаса, қанша үйретсең де ештеңе шықпайды. Өзбектердің келмей қалғаны дұрыс болды, өзіміздің қазақ балаларын тәрбиелеп жатырмыз. Жұмыссыздықтың азаюына сеп. Жастар тентіреп, бос жүрмейді.
Тағы бір нәрсені айта кеткім келеді. Мен – құрылыс компаниясын басқарып, жұмысын жүргізіп отырған құрылысшымын. Ал аймақтағы құрылыс компаниясы басшыларының 30-40 пайызы мүлдем құрылыс дегеннің не екенін түсінбейді. Шамалы ақша пайда болып, құрылысқа салып жатқандар ғой. Қызылордада ақшаны басқа қайда саласың?! Сапасыз құрылыс осыдан шығады. Өзі маман болмағаннан кейін «ештеңе етпейді» деп жүре береді. Сосын нысан сыр береді. Мен сондай жігіттерге «құрылысқа қалай қорықпай келіп жүрсіңдер?» десем, олар қарамағында құрылысшы бар екенін айтады. Бірақ құрылыс жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес.
– «Адам тегіне тартып туады» дейді. Келісесіз бе?
– Адам өмірге келгеннен кейін соңына із қалдыру керек. Қазақ жөн сұрасқанда «кімнің баласысың?» дейді. Әкең елге сыйлы, еңбек еткен атақты адам болса, «о, айналайын, сол кісінің баласы ма едің?» деп, айналып-толғанады. Ал керісінше болса, «е-е-е» дейді де қалады. Жәнібек ханның ең мықты алты биінің қатарындағы Қазыбек бидің жалғыз ұлы болған екен. Елдің бәрі «мына бала әкесіне тартпаған» деп жүреді. Бір соғыста Жәнібек хан шегініп келе жатқанда астындағы аты өледі ғой. Сонда Қазыбек бидің баласы Жәнібектің жаяу қалғанын байқап қалып, сонадайдан шауып келіп, астындағы атын береді. Хан баланың түріне қарап: «енді сен не қыласың?» дейді ғой. Сонда би баласы: «мен көп қазақтың бірімін ғой. Сіз жаяу қалсаңыз, мына қалмақтар ертең Жәнібекті ұстадық деп айтады ғой» деген екен. Кейін сол баланы жаман дегендерге Жәнібек хан:
«Таудан аққан тас бұлақ, құяды келіп
теңізге,
Жақсы әкеден туған ұл – қанша жаман
десең де,
Тартпай қоймас негізге», – деп жауап берген екен.
Кішкентайымда мен көп ит асырадым. Сондай сәттердің бірінде әжем маған «Айналайын, ақ Қожан, мыналарды қайтпексің?» дейді ғой. Мен дегенімнен танбай: «әже, бұлар овчарка болады» деймін. Құлағы мен құйрығын кесіп, әспеттеймін ғой. Әжем күліп: «бұралқы иттен қайдағы овчарка?» дейтін.
Қазақта «көргенсіз» деген ең ауыр сөз бар. Үлкендеріміз ренжігенде «өй, оның ар жағында түгі жоқ қой, көргенсіз ғой» деп отыратын. Түбіңде не бар, сол болады. Тақырға еш нәрсе шықпайды. Бала ата-ананың жақсылы-жаманды қасиеттерін бойыңа жинайсың.
– Шыныңызды айтыңызшы, аға, қызметіңізді жеке басыңызға пайдаланған кезіңіз болды ма?
– Кеңестік кезеңде мұндай нәрселер біздің ойымызға да кіріп-шықпайтын. Өйткені оның арғы жағында түбі ұсталып қалатынымыз көрініп тұратын. Қадағалау, тексеру дегеніңіз қатаң, сол тәртіпке мойынсұндық. Басты мақсат елге қызмет ету болды. Осы елдің бір қисығын түзесек, сол бізге мақтаныш болды. Перзенттік парыз деген ұғым санамызда жаңғырып тұратын. Сол кезеңде қызмет атқарған азаматтардың 70-80 пайызы осындай еді. Абырой бірінші орында тұрды.
Соғыстан кейін осы елді Алисов деген азамат басқарды. Алақандай қаланы кеңейтіп, айналасына ел қондырып, қаланың аумағын ат шаптырым етті. Халық Алисовты әлі күнге аузынан тастамайды. Қызметіңді жеке басыңа пайдалансаң, мұндай абырой арқалай алмайсың. Қанша қызмет істесек те, бағасын халық береді.
– Алла қуат берсін! Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН
.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: