Жексенбі, 08 желтоқсан, 11:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа мүмкіндіктер бастауы

26.03.2022

1203 0

«Мақсатқа жету үшін әр адам өзгерісті әуелі өзінен бастасын. Жаңа Қазақстанды бірге жасаймыз». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауындағы осы сөзі әрбір қазақстандыққа күш-жігер берері анық. Қазір елге түбегейлі реформалар қажет екені белгілі. Осы орайда қуатты мемлекет құру үшін нақты өзгерістер  керек-ақ.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты  Жолдауы ел үшін жаңа бағдар болды. Еліміздің күрделі кезеңіндегі ел болашағының дамуына жасаған нақты қадамы еді. Қазақстан халқы бұл Жолдауды асыға күтті. Себебі  ел ертеңі туралы айтылар үміт пен күдік Жаңа Қазақстанды жасау бағдарламасында айтылуы тиіс еді. Басқаша болуы мүмкін емес. 

Президент жаңа Жолдауында ел ісіне, оның өркендеп дамуына, халық тұрмысына қажетті мәселелерге тоқталды. Елімізде саяси партиялардың біреу емес бірнеше болуы да маңызды. Халыққа қазмет етуде партиялар ісінде өзара бәсекелестік артып, еліміздің қарқынды дамуына ықпал етеді.

 – Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси  бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады, – деді Президент Жолдауында.

Сонымен қатар онда айтылған жайлардың маңыздылығын әрі олардың бір-бірімен үйлесе орындалу қажеттілігін атап айтты. Оның ішінде елдегі саяси жүйені кешенді дамыту, парламент жұмысының ролін арттыру, президент өкілеттігін азайта отырып, төменгі палата құзыретін кеңейту қажеттігіне тоқталды. Мәслихат жұмыстарына ерекше мән беру мәселесі де назардан тыс қалмады. 

 – Биылғы Жолдаудың елдің болашақ дамуы үшін мәні мен маңызы айрықша. Қазақстанды түбегейлі жаңғырту ісін жаңа қарқынмен жалғастыру айтылды. Тоқырауды жасампаздыққа ұластыру үшін барлық саланы жүйелі жаңғырту керек. Осы ретте Жолдауда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың елеп-екшелген реформалары ұсынылды. Әділ әрі ашық бәсеке елді демократияландыруға ықпал етіп, мемлекеттің тұрақтылығын бекемдеуге бағытталмақ. Ел Президенті енді саяси, экономикалық монополияға жол берілмейтінін қадап айтып, келесідей тарихи реформаларды ұсынды:

 Президенттің қандай да бір партияның мүшесі болуына бұдан былай жол бермеу. Осы ұстаным Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық Кеңестің, Есеп комитетінің мүшелеріне де қатысты.

 Өкілді билік тармақтарын қайта құру. Мұндағы мақсат – Парламенттің беделін арттыру. Заңдарды тек Мәжілістің қабылдауы, республикалық бюджетті бақылауын күшейтуі – осы Палатаның құзіретін кеңейтудің бірегей қадамы.

Облыстық мәслихаттардың, республикалық бағыныстағы қалалық мәслихаттардың төрағасы лауазымын ендіру, аталған мәслихаттарға бекіту үшін Президент тарапынан облыс әкімінің баламалы кандидатураларын ұсыну – шын мәнінде революциялық өзгерістер.

Сондай-ақ әлемдік озық тәжірибеге сай сайлау жүйесін жетілдіру және партиялық жүйені дамыту. Бұл қадамдардың барлық партиялардың мүддесіне қызмет ететіні сөзсіз. Президент қабылдаған шешімдер халықтың жағдайы үшін жасалатын жұмыстар екенін ұғыну керек. Жаңа Қазақстан құрудағы бұл Жолдау халқымыздың жарқын болашағына деген сенімін еселей түсті, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, қалалық мәслихат депутаты Бейбіткүл Кәрімова.

Халыққа жаңа міндет жүктелді. Жаңа Қазақстан құруды халық болып бірге қолға алу қажет. Осы тұрғыда жастар өздеріне артылар сенімнің нық екенін түсінгендей. Президент тапсырмалары мен бастамасын қолдап, бірлесе жұмыс жасау парыз деп біледі.

 – Жолдауда тың мазмұнға ие жаңа бағыт бар. Жаңа леп, жаңа көзқарас, жаңа қадам, жаңа кезең – мұнда сенімді көзқарас, нақты мүмкіндіктердің бары аңғарылады. Жолдауды біздің қоғамның келешек мүмкіндіктері мен мемлекеттің ұлы мұратын айқындауға бағытталған саяси салмағы басым құжат деп қарағанымыз ләзім. Ел Президентінің бастамасына азаматтық үнімізді қосып, Жаңа Қазақстанды жаңғырта отырып, жаңарту жолында бірлігімізді көрсету бабалар аманатын ұлықтау деп білемін. Президенттің «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген сөзінен еліміздің жарқын болашағын, нық қадамдарын, қарышты дамуын көруге болады. Мемлекетіміз сол ұлы мұратқа жетуде біз аянбай жұмыс жасауға міндеттіміз, – дейді Рухани жаңғыру орталығының директоры Мақсат Дауылбай.

Болашағын бүгіннен ойлайтын ел қашанда стратегиялық маңызды мәселелерді және оны шешудің жолдарын күн тәртібіне шығарып отырады. Президент Жолдауы – соның айғағы. Саяси құжатта ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап, алда тұрған аса маңызды міндеттерді саралап берді. Жолдау әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапты. Бұл – нақты қимыл-әрекетке бастайтын Жолдау. Олай болса, бүкіл қоғам болып ұйысып, мақсатты түрде қимыл-қарекетке, өзгеріске кірісуі қажет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: