Тағдыр жолының тақтайдай тегіс еместігі түсінікті. Мұндайда, өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа батыл қадам жасауға қауқарлы болған жөн. Осы тұрғыда, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі жазасын өтеуші азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін, адамгершілік ұстанымды күшейтетін іс-шаралар өткізуге басымдық беріп келеді.
Тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілерге отандық “Семьянин” фильмі көрсетілді. Аталған туынды отбасы құндылығы, ер адамның жауапкершілігі және жақын жандардың қадірін дер кезінде түсіну тақырыбын арқау еткен. Фильм кейіпкерінің өмірлік қателіктері мен оларды түзеу жолындағы өзгерісі терең ой салары анық. Жазасын өтеушілер үшін бұл картина – тек уақыт өткізу құралы емес, өмірге басқа қырынан қарауға мүмкіндік берген рухани сабақ болды. Әсіресе отбасы алдындағы парыз, сенім мен сыйластық мәселелері санада сауал туындатпай қоймайды.
АКАӘПТЖББ-нің жасақ бастығының міндетін атқарушы әділет майоры Сұлтан Айғараның айтуынша, шаруашылық бөліміне қалдырылған азаматтармен жүргізілетін жұмыс тәртіп пен талап шеңберінде ғана шектелмеуі тиіс. Олардың ішкі дүниесіне әсер етіп, өмірге оң көзқарас қалыптастыру үшін тәрбиелік-мәдени іс-шаралар өткізу тоқтамақ емес. Тіпті көрсетілім үшін бұл фильмді кездейсоқ таңдамаған. Яғни, мұндай мазмұндағы туындылар өткен іс-әрекеттерді саралауға негіз.
Отбасының қолдауы мен сенімі – кез келген адамды дұрыс жолға бастайтын ең үлкен күш. Тапжылмастан фильмді тамашалаған жазасын өтеуші азаматтар бір-бірімен пікір алмасты. Жеңіл юморға жасырынған астарлы ойды түсінгенінің белгісі сол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!