Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 08:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Журналисті де қорғайтын заң керек

30.08.2023

320 0

Осыдан біршама уақыт бұрын қазіргі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Қазақ журналистикасы, қазақ басылымдары шынында ұлттық қозғалыстың, ұлттық партияның рөлін атқарып келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық мәселелер, шын мәнінде, негізінен қазақ журналис¬тикасы арқасында күн тәртібіне қойылды. Қазақ басылымдарында осы уақытта тіл мәселесі, дін мәселесі, жер мәселесі, латын қарпі, жалпы өзекті мәселелердің барлығы қайтадан көтерілуінің арқасында ғана ел назарынан түспей отырды. Тақырыптың әрдайым көтеріліп отыруының нәтижесінде ғана ол мәселелер шешімін тауып жатты. Ол шын мәнісінде белгілі бір күштердің немесе саяси ұйымдардың емес, қазақ басылымдарының беттерінде көрініс табуынан болды», – дегені бар еді.

Шындығында, ақпарат кеңіс­тігінде қоғамда болып жатқан саяси реформалар, елдің мүддесін шешетін басты мәселелер бұқа­ралық ақпарат беттерінде жа­рияланып, содан соң ғана ше­шімін тапты. Халық пен билік арасындағы өзекті  мәселелердің дәнекері яғни қарапайым ха­лықтың мұң-мұқтажын  лауазым иелеріне «өгізді өлтірмей, ар­баны сындырмай» жеткізетін қаламы қарымды журналистер екені жасырын емес. Күні кеше халықтың басынан өткен пандемия кезінде де қалам ұстағандар тәулік бойы төтенше келген зауалдан елді қорғау мақсатында ұдайы ақпа­рат таратып, өз міндеттерін қалтқы­сыз атқарды. Олар өз бастарын бәйге­ге тігіп, ауруханаларға барып, науқастардың ортасынан тікелей эфир жүргізді. Қандай қиын жағдай болса да халықтың жанашыры болып, қасынан табылатын кәсіп иелерінің мәртебесі туралы заң қабылданғалы жатыр. Бұл әрине журналистердің заң алдындағы құқығын қорғап, қоғамдағы орнын өз дәрежесінде белгілеп береді деп сенеміз. 

Мәжілісте өткен «Масс-медиа туралы» заң жобасының призма­сы арқылы медиа сала­сының даму тенденциялары туралы басқосуда  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заң жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, соңғы құжат 1997 жылы қабылданған. Осы уақытқа дейін ол құжатқа 40-тан астам өзгеріс пен түзету енгізілген.  Енді министрлік жаңа заң жобасын әзірледі. Ол заң жобасы ашық түрде талқыланып, әзірленгенін айт­ты. Жаңа заң­да ең алдымен журналистің мәртебесін көтеру ескерілген. Яғни отандық БАҚ саласының мәртебесін, абыройын көтеру – басты ба­ғыттың бірі. Шектеу мерзімін белгілеу – маңызды норма. Себебі қазіргі таңда шектеу мерзімі туралы норма жоқ.  Бұрын 10 жылдан кейін, 20 жылдан кейін немесе 30 жылдан кейін кейбір азаматымыздың БАҚ өкілдерін сотқа беру құқықтары бар болатын.  Бұл норма енді 3 жылға дейін шектеледі, –  деді Қанат Ысқақов.

Оның айтуынша, бұл мә­селе қазір БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтіріп жүр. Егер осы норманы қабылдасақ, бұл отандық БАҚ саласының дамуына серпін береді. Екінші норма – БАҚ өтінішін қарау мерзімін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту. Бұл ереже журналистерге қа­жетті ақпаратты қысқа мерзім ішінде алуға көмекте­седі. Ұлттық баяндама журналис­тердің құқықтарының сақталу мониторингі, талдау мәлімет­тері, журналистердің жұ­мысын қауіпсіз істеуі, ақпаратты еркін алу және тарату бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Вице-министр  баспасөз кар­тасына қатысты норманы да түсіндірген. «Баспасөз картасы журналистердің ақпарат алуына, ақпарат таратуына ешқандай кедергі келтірмейді. Ол – бұ­қаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын жақсартуға бағытталған құжат. Бұл міндетті шектейтін немесе қосымша талап қоятын құжат емес. Ол – журналистерді аккредиттеу, іс-шараларға қатысу, мемлекеттік органдардың ғимаратына кіруін жеңілтедетін құжат, – деп атап өтті министрлік өкілі. Баспасөз картасы мемлекеттік емес ұйым­ның атынан беріледі. Мем­лекеттік тілдің рөлін көтеру нормасы да заңда көзделген. Ол үшін  мемлекеттік тапсырыспен жасалатын контенттің 70 пайы­зы қазақ тілінде болуы керек. Қазір бізде ондай норма жоқ. Бірақ қазір оны заңға бекітіп жатырмыз. Мемлекеттен бөлі­нетін қаражатқа жасалатын контенттің екіде үш бөлігі қазақ тілде әзірленуі тиіс. Мемлекеттік контент қазір өте маңызды, тұтынушыларға қажет, бәсекеге қабілеттілігі де өте жоғары, – деп айтты вице-министр.

Сондай-ақ ол ақпараттық қауіпсіздікті бекіту және нығай­тудың маңыздылығына тоқталды. Ақпараттық қауіпсіздік – ұлт­тық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Соның ішінде шекаралас мем­лекеттердің БАҚ құралдары, телеарналары, радио құралдары болуы біз үшін өте үлкен мәселе. Сол себепті осы мәселені субсидиялауды енгіздік, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, министрлік әзірлеген заң – отандық БАҚ құралдары өкілдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талған құжат.

Қалай десек те медиа туралы жаңа заң журналистердің мәр­те­бесін көтеріп, олардың қо­ғамдағы орнын айшықтап береді деп үміттенеміз.

Әйтсе де жаңа заң журналис­терді барынша қолдаса, әрі қор­ғаса деген тілегіміз де бар.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: