Сейсенбі, 12 қараша, 23:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Газға ақша төлеймін деп сенделіп жүрген халық көп

17.04.2021

3300 0

«Ашынғаннан шығады ащы даусым». Бұлхалықтың үні. Әңгіме ауанын әріден бастайын. Кейбір тұрғындар үйлеріне қондырған газдың қызығын емес, қыжылын көріп отыр.

Шикілік шығарын бұрын білгенімде…

– Тасбөгетте тұрамын. Өткенде газ мекемесінің мамандары келіп, «госстандарттан өткізбегенсіз» деп «әй-шәйға» қара­мастан қиды да кетті. Шиттей бала-шаға жылусыз қалдық. Өзіміздің тиісті мекемеге барғанымда «ақшасы 80 мың болып тұр. Соны төлеңіз, әйтпесе сотқа жібереміз» деп қарап отыр. Ал керек болса. Айналайын-ау, 80 мыңға 1,5 жыл жағамын ғой. Азғантай зейнетақы қай жағына жетеді. Мұндай шикілік шығатынын білгенімде бұрынғы қазақы пешпен отыра беретін едім, – дейді қала тұрғыны Тұрашкүл Қаймулдинова.

Бұл – бір ғана тұрғынның пікірі. Бірақ осы тұрғынның артында бүтін бір отбасының тағдыры  тұр. Қала ішінде мұн­дай жағдайға тап болған басқа да тұрғындар бар.

Ақы төлеуден ақсап тұрмыз

Мәселенің мән жайын білмек болып, «ҚазТрансГаз» Қызылорда өңірлік филиалына бардық. Бөлім басшысы Жолдасбек Әбеновтің айтуынша, қала бойынша тұрғындардың «көгілдір отынға» берешегі 1 млрд теңгеден асып отыр. Сондықтан газдан ажырату жұмысы жүруде. Тағы бір айта кетерлігі, газды қиып кетпес бұрын 3 тәулік уақыт беріледі. Сол уақыт аралықта тым болмағанда тиісті төлемнің тең жартысын өтеу керек.

Жасыратыны жоқ, қазір халықтың жағдайы мәз емес. Бір бүйірден қысқан қымбатшылыққа «жығылғанға жұдырық» қылып карантин қосылды. Бұл лаждап кү­нелтіп жүрген халыққа оңай тимей тұр. Газдың қаржысын онлайн төлегендерге ақшаң жеткіліксіз деген хабарлама келіп тұрады. Бұл да бір мәселе. Мысалы, қала тұрғыны Кәмшат Сұлтанова газға ақыны «Каspi kz» қосымшасы арқылы төлейін десе 52 мың шыққанын айтты. Дереу газ есептегіш құралды суретке түсіріп, газға ақша төлейтін мекемеге барса 30 мыңға жетер-жетпес қаржыны құраған. Сонда 22 мың теңгені артық етіп, қалай есептегені түсініксіз. Біз төлем қабылдайтын орындарды да аралап көрдік. Кезекте тұрған халық көп. Ешқандай карантин талабы сақталмаған. Сонда бұл мекемені халықтың денсаулығы ойландырмай ма? Айтпақшы, біз барған кезде де ақшасы артық есептелген адамдар болды. Терезенің арғы бетіндегі кассада отырған қыз: «Каspi kz»-тегі мәлімет дұрыс емес» деп жауап беруде. Тұрғындар: «Жарыққа ақшаны ел жағаламай-ақ, үйден шықпай-ақ төлеп отырмыз, суға да солай. Олардың мамандары аралап, есептегіш құралды көріп барып, ақшасын шығарады. Ал сіздердің қызметкерлеріңіз олай жасамайды. Сонда жобамен есептей бересіздер ме?» деп жатты.

Тұрғындар сөзінің жаны бар. Олар ашынғаннан осылай айтып тұр. Сонда газға ақы алатын мекеменің мақсаты халықты аяқтан тоздырып, жүйкесін шаршату ма? Абай айтпақшы «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды». Сыр өңірі «көгілдір отын» өндіруде көш басындағы аймақтар қатарынан көрінеді. Алайда ақы төлеу жағынан ақсап тұрмыз. Бұл жағын реттемесе болмас. Өйткені ең басты кінарат осында жатқан секілді.

Газға ақша төлеймін деп сенделіп жүрген халық көп

Мамандар мәдениеті

«Айтпасаң сөздің атасы өледі» деген. Мәселені  айтып, меселі қайтқан жұртшылықтың жанайқайы міне осындай. Халқымызда «Естігеніңді емес, көргеніңді айт» деген сүбелі сөз бар. Көзбен көріп, көңілге келген жағдайды жаздық. Тұрғындардың айтуынша, газ мекемесіндегі мамандарының мәдениет сақтамай халықпен салқын сөйлесетіндері де көпшіліктің көңіліне дақ түсіріп жүр. Мүмкін олар «Халық – құдайдың бір аты» екенін естен шығарып алған болар…

Мемлекеттік мәселе       

Айтпақшы, аймағымыз «көгілдір отынмен» толыққанды қамтамасыз етілген жоқ. Орталық­тандырылған газ жүйесіне қосылмаған орындар қаншама? Бұл мемлекет алдындағы өткір мәселе екенін ерекше атап өткен жөн. «Көгілдір отынға» қосылу бағасының қымбаттауы да халықтың жаппай табиғи газ қостыруға жағдайы келмейтінін көрсетіп отыр.

Бірлестіктің базынасы бар

– Табиғи газ – табиғаттың теңдессіз тартуы. Газ тартылғалы жұртшылықтың жұмысы жеңілдеп, тұрмысы түзелгенін айта кету керек. Тәулік бойы тұтынған өнімнің ақысын тө­леу, әрине, әрбір тұрғынға міндетті. Алайда кей кезде мекеменің өзінен шикілік шығып жатса кім кінәлі? Маған мүмкіндігі шектеулі азаматтар хабарласып, газдарын қиып кетіп жатқанын жеткізген болатын. Мен оның себебі бар болуын айтқан едім. Сөйтсем өз үйімнің де газын ескертусіз ажыратып кеткен. Бұлай бола берсе халықты ашындырып алады. Жер сілкінсе басылар, ел сілкінсе не болары беймәлім, – дейді мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұйымының төрағасы, журналист Сәкен Алдашбаев.

Р.S Енді бағамдай беріңіз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «көгілдір отын» көптің көңілін күпті етпесе болғаны.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: