Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Домбыра қалай пайда болды?

01.07.2021

3769 0

Домбыраның пайда болу тарихы туралы түрлі аңыз әңгімелер бар. Соның бірінде мынандай дерек айтылады. Ертеде жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасалған аспаптан ешқандай үн шықпайды. Батыр оны жанына тастай салып, ұйықтап кетеді. Сәлден соң жанындағы өзі жасаған аспаптың даусынан оянады. Батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл сайтанның ісі болды ғой», – деп ойлайды. Содан бері ел арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды.
Тағы бір аңызда домбыраның пайда болу тарихы туралы мынандай дәйек айтылады. Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңілқосып жүргені жайында естиді. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз босанады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршінді мыстан кемпірге тапсырады.
Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен ағаш басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз-жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қурай бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Мұны естіген ханның қызы қос сәбиін іздеп жолға шығады. Күндердің күнінде жол жүріп қалжыраған қыз әбден қуарып, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тыңдаса ән салып тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қос бүлдіршінін іздеген ана түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді.
Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп құлатып алады. Бірақ самал соғып, ағаш қайта зарлай жөнеледі. Мұның құпиясын білмек болып тексерсе ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді.
Батыс жағындағы ішек бостау, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ ана ағаш неге ән салатынынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үн жүрегіне жағып, жанына жайлы естіледі. Қос перзентке шақтаған ана үні мұңды шығатын бос ішекке «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы зарлы шығатын қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен.


Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: