Жұма, 26 сәуiр, 08:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Музей – мәдениеттің қайнар көзі

10.07.2021

2728 0

Рухани жаңғыру ұлттық мұраларымызды қастерлеп, ұрпақ санасында ұлықтаудың негізгі тетігі болып табылады. Бүгінгідей алмағайып заманда қызылды-жасыл көз арбап, санамызды улап жатқаны соншалық, өткенімізге зер салуға құлық танытпаймыз. Алайда мемлекетттің басты байлығы адам деп қарасақ, адамның тұлға болып қалыптасуына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты  ұрпақ тарайтыны белгілі. 

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал қатпарлы тарих бетінде таңбаланған ғасырлар қойнауы ғажайыпқа толы кешегі күннің куәсі. Халқымыздың асыл мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп, келешек ұрпаққа аманаттау жолында тарихи-өлкетану мұражайының орны ерекше. Мұражайға келген әрбір адамның көкірегін түрлі сауал тербеп тұрады. Сонау ғасырлар қойнауынан инемен құдық қазғандай әрбір экспонатты көз майын тауысып зерттеп-зерделеп, мұражай төріне табыстау үлкен еңбекті қажет етері хақ.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы алғаш рет Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының ұйымдастыру комитетінің шешімімен 1939 жылы құрылған. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттары – батыр дулығасы, сауыт, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған ақша коллекциясы.

Қандай жұмыстар жасалуда?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музейде «Ұлы даланың жеті қыры», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақалалар негізінде түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар «Тарихи тұлғалар», «Бұл үйде кім тұрған?», «Бір жәдігер тарихы», «Сіз білесіз бе?» айдарлары бойынша кезінде елімізде жұмыс жасаған тарихи орны бар зауыт, фабрикалар, кәсіпорындар туралы түрлі та­рихи құнды мәліметтер халыққа кеңінен таныстырылып келеді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Сыр өңірінен шыққан әулие-әнбиелер, билер мен батырлар туралы наси­хаттау және олардың тұтынған дүниелерін халыққа көрсету мақ­сатында «Құнды жәдігер» теле­визиялық жобасы қолға алынды. Сондай-ақ музей қорында сақтаулы жәдігерлерді насихаттау және әр жәдігердің тарихынан, оқиғалық желісінен, жасалу технологиясынан, авторларынан мәлімет беру мақ­сатында «Музей радиосы» атты жаңа жоба жұмыс жасауда.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ар­налған «Үш он жылдық белес» атты экскурсиялар шеруі, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 экспонат» атты ашық аспан астындағы музейге сый акциясы ұйымдастырылды. Аталмыш акция аясында жур­налист Айжарық Сәдібекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова, еңбек ардагері, оқу ісінің үздігі Жұпаркүл Иманбаевалардың қол­данған бұйымдары музей қорына қабылданды. Мұның бар­лығы та­рихи жәдігерлеріміздің то­лысқанын көрсетеді.

Мұражай – дәстүр діңгегі

Біздің бай қазынамыздың бірі де, бірегейі мұражай қоры. Көне тарих куәсіндей жәдігерлер қоры облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайында сақтаулы. Мұражай – ха­лықтың тұрмыс-салтының, мәде­ниеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы, дәстүр діңгегі. Мұндағы құнды жәді­герлер өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына өз септігін тигізеді. Мұндағы мәдени құндылықтар төріндегі ескерткіштер мен өнер туындылары тарих тыл­сымына тұнып тұр. Түртіп қалсаң тереңнен тін тарқатып, ескі замандардан сыр шертеді.

Мұражайда алғаш назарымызды аударған жәдігердің бірі – әйел әше­кейлері. Ол 2016 жылы Үл­кен Қаратау жотасының баты­сында Шиелі ауданы тұсын­дағы Ақмылтық өзенінің сол жағалауында орналасқан «Бағана­лы» қорымынан табылған. Б.з.д 2 мыңжылдықтың ортасында яғни Андров кезеңі, қола дәуірінің тұ­сында болған әйел сүйегінің қа­сынан қолдан жасалған білезік, теңіз бақалшағы, бас киімге арналған алтын жапсырмалар. Бұл мұражай қорындағы ең ежелгі жәдігер болып танылады.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған аң стиліндегі алтын әшекейді де осында кездестірдік. Соның бірі 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Шірік-Рабат» қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жолбарыс табаны бейнесіндегі бұйым. 2005 жылдан бастап орта ғасырлық қала­шықтарға қазба жұмысы жүр­гізіліп келеді. Нәтижесінде 2015 жылы Оғыз астанасы Жанкент қаласынан  сырлы құмыра табылды. Археологтардың айтуынша, Хо­резмнен әкелінуі мүмкін деген болжам бар. Құмыраның астыңғы жағында арап қарпінде жазылған мың ділдә деген сөз бар. Демек оған мың ділдә салынып әкелінді немесе сол бағада сатылған болуы керек. Өйткені ол замандарда сауда айналымы көп болған.

Біз кезіктірген тағы бір құнды жәдігер 2001 жылы Арал теңізінің табанынан алынған диірмен. Еу­ро­падағы жел диірменінің бала­масы болуы ықтимал деген болжам айтылуда. Көне жәдігердің көлемділігі соншалық, оны түйе немесе өгізбен сүйреу арқылы жүзеге асырған. Мәліметтер дерегіне сүйенсек, теңіз табанында бес ғасыр бойы сол қалпында сақталған.

Мұражай төріндегі құнды жәді­гердің бірі – алтын домбыра. Ай­тыс ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың еншісіне бұйырған бұл мұра об­лыстық мұражайда сақтаулы.

Директордың дерегі

– 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша му­зейге 1953 жылы салынған қала­дағы архи­тектуралық ескерткіштердің бірі болып табылатын екі қабатты ғимарат беріліп, сонда өз жұмысын бастады. 2015-2016 жылдары музей­ге реэкс­позициялық жұмыстар жүр­гізіліп, экспозиция толығымен жаңар­тылды. Реэскпозициялық жұ­мыстар нәтижесінде музейдің 11 экспозициялық залы заманауи үлгі­де жасақталып, жаңартылды. Сыр өңірінің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертетін музей қорында 60 мыңға жуық экспонат сақтаулы. Өлкеміздің құрылуы, тарихы, өнеркәсібі мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін 11 залда 4502 экспонат бар.

Мұражай – рухани құндылық­тарды сақтап, көне замандардан тамыр тартқан құнды қазына. Мұндағы әрбір жәдігер елдің өт­кен тарихы үшін, тіпті мемлекет үшін маңызды. Атадан балаға аманатталып, көненің көзін көрген тарихи жәдігерлер игілігі халыққа ортақ болғаны абзал. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы руханият әлемінің көкжиегін кеңейтіп, мәдени мұра­лардың маңыздылығын айқындай түсті. Тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралар баршылық. Қазіргі таңда музей қорында 10 мыңға жуық  экспонат бар. Көне тарихтың куәсі болған жәдігерлер көздің қарашығындай сақтаулы. Зерттеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Тарихи-өлкетану музейі – тұтас ұлт руханиятының келбетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құтты мекен. Адамдардың өткен өміріне қатысты түрлі мәліметтерді «тарихи де­ректер» деп атаймыз. Өз кезегінде тарихи деректер ауызша, жазбаша, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық болып бөлінеді. Соның ішінде ауызша және жазбаша деректердің орны ерекше. Түрлі халықтардың әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілігін зерттейтін ғылымды – этнография деп атайды. Этнография гректің этнос – «халық», графия – «жазу, үйрену» сөздерінен құралып, «халықтар сипаттамасы» деген мағынаны меңзейді. Осы орайда айта кететінін жайт, археологиялық зерттеулер арқылы әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктері туралы мәліметтер мұражай қорында сақ­­таулы. Қордағы дүниелердің қайсыбірі болсын, ұлт пен ұрпақ алдындағы ұлы құндылық саналары анық. Ол өз кезегінде тарихты танып білуге түрткі болары хақ, – дейді облыстық мұражай директоры Сапар Көзейбаев.

Тұрар Бекмырзаев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: