Бөлеген атадан тараған 6 баланың алды бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өздері де ата-әже атанып отырған жандар. Отбасында үлкен бала Жағыпарова Айсұлу, одан соң Айгүл, Айнұр, Асылбек, Ақнұр, Алтынбек сынды балалар тараған. Әулеттің тірегі болған Бөлеген Жағыпаровтың отын өшірмей, отбасын ауызбірлікте ұстап отырған жан – Бибіхадиша апа.
Әулеттің әз-анасы Бибіхадиша әжей де ерте жаста тұрмыс құрған екен. Өмірдің ыстық-суығын ерте сезінген ол көңілге тоқығанын балаларына үнемі тәлім қылып айтып отырады. Төрт қыз, екі ұл тәрбиелеген ана отбасындағы ер азаматтың орнын, қыз баласының қызметін, келіннің міндетін әу бастан-ақ көкейге құйып өсірген.
– Жолдасым екеуміз Құдайдың берген аманатына қиянат жасамай, қолдан келгенше тәрбие бердік. Аллаға шүкір, ешкімнің ала жібін аттамай, адамгершіліктен ауытқымай, атымызға сөз келтірмей өсті. Бүгінде әрқайсысы өз отбасын құрып, бала тәрбиелеп отырған жайы бар. Жеке кәсіптері бар. Соған шүкір деймін. Үлкен ұлым Асылбек пен келінім Айзат он жылдан аса уақыт қолымда болды. Қазір кенже баланың қолындамын. Келіннің кішіпейілділігі, үлкенге құрметі әулеттің тату-тәтті өмір сүруіне сеп қой. Үлкен отбасыға келін болу оңай шаруа емес. Ол жағынан жолым болды. Екі келінім де бір-біріне апалы-сіңлідей қарап, сыйластығы жарасым тапқан. Қай істің болсын ебін табатын екеуінің татулығына риза боламын. Қате кетіп жатқан жері болса ақылымды айтып, бағыт беремін. Келін келген әулетін өз жеріндей қабылдау үшін оның әр ісіне жағаласудың қажет жоқ. Бастапқы 2-3 жылы жаңа отбасыға үйреніскенше, одан кейін ақырындап тәрбиелеп алуыңа болады, – дейді әз-ана.
Ал келіні Айзат Мырзаева алғаш табалдырығын аттаған ақ отауының берекелі шаңыраққа айналуы әйелдің ақылдылығы мен жақындарының қолдауымен жүзеге асатынын айтады.
– Келіндік өмірге 18 жасымда қадам бастым. Содан 11 жыл уақыт ата-енемен бірге тұрдым. Отбасылық өмірдің қызығын да, қиыншылығын да көрдік. Ата-енем ұлдың баласы, қыздың баласы деп бөліп жармай барлық немерелеріне бірдей қарайтын. Жиендер көбіне біздің үйде жүретін. Шиіттей бала-шағамен бірге жүріп, өзім де отбасы болудың, келін, жеңге болудың қыр-сырын үйренген шығармын деп ойлаймын. Әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондай сәттер болды. Үйінің берекесін ойлаған әйел оны әрі қарай ушықтырмауы керек. Кейбір нәрсеге көз жұма қарағаны дұрыс. Әсіресе ерін жақсы көріп, сыйлап, құрметтесе әйел затына алынбайтын қамал жоқ. Осылай өмірдің әр баспалдағынан сабақ алып, есейіп келеміз. Бүгінде өз алдымызға жеке еншімізді алған отбасымыз. Алайда бөлек тұрсақ та, қарашаңыраққа жиі барамыз. Сол жақтың қызметінен әлі де қол үзгенім жоқ. Енемізді күтіп баптап, ас-суын алдына тосып отырған өзімнен кейін Әйгерім есімді келін бар, – дейді Айзат бізбен әңгімесінде.
Бөлегеновтердің үлкен келіні Айзаттың қолөнерші екенін жоғарыда айттық. Әйел затына тән тігін тігу, құрақ құрау, киіз басып, кілем тоқу да қолынан келеді. Негізгі жұмысы – қалалық оқушылар үйінде қолөнерші ұстаз. Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінінің жанынан ашылған «Бегімай» өнер орталығында оқушыларды ұлттық өнерге баулиды. Көркем сурет галереясында орналасқан «Дәстүр» қолөнер шеберлері орталығының ұйымдастырушысы. Есік алдында шағын шеберханасы бар. Қолы бос уақытта осында тігін тігеді. Киізден ұлттық киімдер пішеді, пано жасайды. Барельеф өнерімен де айналысады. Бұл өнер оған анасынан дарыған екен. Тігіншілік, барельеф өнерін қосымша кәсібі деуге болады. Қай істі де дөңгелетіп әкететін оның ептілігін осынша тірлікті қатар алып жүруінен-ақ байқауға болатындай. Ал басты қолдаушысы, жолдасы Асылбек. Ол – мұнай саласында еңбек етеді.
«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп халқымыз тектен-текке айтпаса керек. Айзат жолдасы Асылбек екеуі 4 қыз , 2 ұл өсіріп отырған көпбалалы отбасы. Ана бойындағы қабілет қыздарына дарыған. Олар да «сегіз қырлы» өнерлі балалар.
– Әрі ана, әрі ұстаз болғандықтан бала тәрбиесіне қатал қараймын. Балалардың уақытын бос өткізгенін қаламаймын. Бос кезінде пайдалы іспен шұғылданса деймін. Сол себепті барлығын ерте жастан үйірмеге беріп, жан-жақты болуын қадағаладым. Қазір оның жемісін көріп отырмын. Үлкен қызым жоғары оқу орнында, екінші ұлым колледже оқиды. Қалғаны мектеп жасында. Кейде тапсырыс көбейіп қол тимей жатады. Сондай сәтте көмекке қыздарым келеді. Оларға кішкентай кезінен пішуді, тоқуды, тігуді үйреткенмін. Қазір менен кем түспейді. Кейде тапсырысты орындауды қыздарыма сеніп тапсырамын, – дейді бала тәрбиесінен сыр шерткен кейіпкеріміз.
Халқымыздың қолөнерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген Айзат Сұлтанқызы әулеттің үлкен келіні, өзінен кейінгі келіндерге анадан алған тәлім, енеден көрген өнегесін көрсетіп, берекесін ұйытып отырған жан.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді ұстаным етіп, берекені сыйластықтан тапқан бұл әулет республикалық «Мерейлі отбасы – 2022» байқауының қалалық кезеңінде жеңімпказ атанған. Аталған байқауда олар «Еңбекқор отбасы» аталымын жеңіп алды. Бұл олардың еңбегін әділ бағалағандай. Еңбекке ерте жастан араласып, оның тәтті дәмін татып отырған отбасы қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!