Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қолөнерге қолдау қалай?

12.01.2021

3009 0

Соңғы жылдары өшкенімізді қайта жаңғыртып, бабадан мирас болған құндылықты түлетуді қолға алып келеміз. Иә, бүгінде қазақы дүниелерге көпшіліктің сұранысы артқан. Кез келген жиын-тойда, іскерлік кездесу, түрлі мерекелік кеште мейманына ұлттық нақыштағы кәде сый беру үрдісі қалыптасты. Тіпті ғұрпымызға сай ұлттық киім киіп, оюлы ағаш ыдыспен тағам тарту да күнделікті тұрмыста өрістеп келеді. Ал сұранысқа, талғамға сай әрекет ету – заман талабы.

Қолөнерге қолдау қалай?

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Аймақта қолы алтын шеберлер жетерлік. Әсіресе, қазақылықтың иісі аңқыған ауыл тұрмысында қолөнермен айналысу кенде қалған емес. Халқымыздың байырғы тұрмысындағы киіз, текемет басу, кілем тоқу сынды өнері осындай ұлттық құндылықты ұлықтай білген ауыл жұртынан қалған дүние. Мұның бүгінде қала деңгейіне жетіп, ұлттық өнердің қайта жандануы қуантады.

Қолөнерге қолдау қалай?

Қалаға қарасты Қараөзек ауылындағы Қаракөл елді мекенінің тұрғыны Ақлима Пірмашованы көненің көзін көрген, ұлт өнерін бойына сіңірген қолөнер шебері десек, артық болмас. Халқымыздың «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген сөзі кейіпкерімізге ай­тыл­ғандай. Жастайынан әжесі мен анасынан үйренгенін бүгінде іске асырып отырған жайы бар. Өнерді үйренуге деген ынтасы мен талпынысы оны шеберлікке шыңдады.

Қолөнерге қолдау қалай?

– Бала кезімде әжем ұршық иіріп, анам түрлі тоқыма тоқитын. Одан бөлек кілем, бөкебай тоқып тұрмысқа қажетті бұйымды қолдан жасайтын. Соның барлығын көріп өскен баланың оған қызықпауы мүмкін емес шығар. Қолөнерге сегіз жасымнан әуестендім. Қойдың жүнін түтіп, одан жіп иіру әжемнің, ал дайын жіптен кәдеге жарар бұйым шығару анамның жұмысы еді. Сол екі ортада мен де тоқуды, ұршық иіруді үйренгім келіп, олар жоқта дайындап жатқан бұйымдарын өз бетімше жалғастырмақ боламын. Баламын ғой мәнісін біле бермеймін, көргенімді істеймін. Сөйтіп, талай рет тоқымасын теріс тоқып, жібін ұйыстырып тастағаным бар. Сонда да бетімнен қақпай, ұршық иірудің, тоқыма тоқудың жөн-жосығын үйретті. Құрақ құрап, көрпе тігуді де меңгердім. Ал текемет басуды көрші Айқын деген апайымнан үйрендім. Текемет басатын кезде мені шақырып ою бастыратын. Менің қолөнершілік жолым осылай басталған, – деді Ақлима естелігімен бөлісіп.

Қолөнерге қолдау қалай?

Ойын баласының өнерге бұлай қызығуы тегінде қабілеті барын білдірсе керек. Алайда оның қызығушылығы анасының үйреткенімен басылмапты. Өз бетінше өзгеше дүние шығарғысы келіп, ойына алғанды жүзеге асырудың түрлі жолын қарастырады екен. Осылайша сол заманда құнды болған жылтырақ орамал, мата сынды тауарлар оның жаңа туындысына шикізат көзі болыпты. Балалық шақтың естелігін еске түсірген кейіпкеріміз бүгінде қажетті өнімнің қиналмай табылатынына қуанады. Оңашада ойға алғаныңды бұйымға айналдыру бүгінде қиындық тудырмайды. Базарға барсаң тілегенің іздемей-ақ табылады.

Айтпақшы, Ақлима Қуанышқызы қол­өнерді табыс көзіне айналдыруды да бала кезден қолға алған екен. Моншақтан түрлі бұйым жасап, кесте тігіп оны сатып ақша тапқанын айтады. Ал кейінірек үлкен кәсіп бастауына сол тұста ауылды басқарған әкім Роза Боханова үлкен септігін тигізген.

Қолөнерге қолдау қалай?

– Ол кісі ауылға басшы болған уақытта менің қолөнер бұйымдарыма ерекше қызығушылық танытты. Осы істі әрі қарай жандандыруыма Роза Аяғанқызының қол­дауы зор. Кілем тоқудан бастап, текемет басу, құрақ құрау, тоқыма тоқу, одан басқа да түрлі әшекей бұйымдар жасау қолымнан келеді. Бұйымдарды қалаға апарып сату арқылы тапсырыс алып, көптеген тұтынушылар таптым. Дегенмен кейінірек денсаулығым сыр беріп, кәсібім тұралап қалды. Қазір бәрі қаражатқа тәуелді ғой. Десе де ақырындап, қайта бастап жатқан жайым бар, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қазіргідей нарық заманында халық сұранысына сай еңбек етуің керек. Сапасы мен сәні келіскен дүниеге кім-кімнің де таласы бар. Ақлима Қуанышқызы да алдына келген әрбір тұтынушының талғамынан, көңілінен шығатын дүние жасағанды құп көреді. Әңгіме барысында кейде қаражаттың жоқтығы қол байлау болатынын да жасырмады. Алайда бесаспап қыз оған мойымақ емес. Қолда бармен балаларға жүн шұлық, кеудеше тоқып сатуға шығарады. Тапсырыс түссе құрақ көрпе құрайды. Шебер кейіпкеріміздің қолынан келмейтін ісі жоқ. Өзі айтқандай, бүгінде қолдан тоқылған кілемге, киіз, текеметке көпшілік арасында сұраныс жоқ. Өйткені дайын өнімдерді базардан табады. Әйтпесе, қолөнер бұйымдарын әзірлеу оған түк те қиын емес.

Қай халықтың болмасын, ұлттық бол­мысы оның өнерінен көрініс тапқан. Ат ерттеп, атан қомдаған жұртымыз тек төрт-түліктің жайын емес, оның өнімін кәдеге жаратуды да шебер меңгерген. Сынық инені де игілігіне жарата білген шеберлердің арқасында құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Елдің сұранысы бар, қызығушылық артқан, ұлттық өнер өркендеп келеді дегенімізбен  төл өнерді  түлеткендерді қашанда қолдау қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: