Дүйсенбі, 25 қараша, 03:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Сәбиіңізді бесікке бөлейсіз бе?

02.03.2021

1482 0

«Төріңде бесік тұрса, төре де басын иеді» дейді халық. Ал Бауыржан Момышұлы: «Бесігі жоқ елден қорқамын» дейтін. Үйімізде анам біз жатқан бесікті әлі күнге дейін қастерлеп, жоғары қояды. Әңгімемді алысқа бармай-ақ өз отбасымнан бастасам…

Үйде екі ағайындымыз. Өзімнен кейін дүниеге ұл келді. Бір қызығы, ол бесікте 3 жасқа келгенше ұйықтап өсті. Анам үйдің тірлігімен жүргенде, інім ұйқысынан ояна салып, «Мама-ау, шешші» деп айтқан сөзіне әлі күнге дейін күліп аламыз. Аллаға шүкір, бауырым ана мейірімімен бірге бесікті сүйіп өсті. Анам үнемі «Бесіктің қасиеті бар» деп жиі айтады. Ол рас.

Тағы бір мысал келтіре кетсем, ағайын-туыс болып, көлікпен жол жүріп келе жатқан кез. Көліктің жүксалғышында бесік бар болатын. Бір кезде көлік өзінен өзі айналып, жолдан тайып, аударыла бастады. Аяқ астынан көлік апаты орын алды. Мәселе, апатта емес, бесікте. Бірнеше адам жарақат алды. Әйтеуір бәрі аман қалды. Бір таңғаларлығы, бесікке ешнәрсе болмаған. Сол жаңа күйінше тұр. Міне, бесіктің қасиеті…

Бесікке бөлемейтіндер бар

Бүгінде сәбиін бесікке бөлемейтін анамыздың қатары көбейіп барады. Қазіргі жан-жақты дамыған заманда адам қолданысы үшін әртүрлі заттар, техника, түрлі жиһаздар шығып жатқаны белгілі. Оның ішінде сәбилерге арналған керуеттер де жоқ емес. Бұл керуеттер атам қазақ пайдаланған бесікті әрі ысыруда. Көптеген жастар бесік баланың аяқ-қолын таңып, қысып жатады, қимылы азайып, аурушаң болады деп оған бөлеуден бас тартып жатады. Егер бұл рас болса, ғасырлар бойы бесікке жатып келе жатқан қазағымның балаларынан алып батырлар, шешендер мен билер шықпас еді-ау… Керісінше, бесік баланың денсаулығына, ми қызметінің дұрыс дамуына үлкен септігін тигізеді емес пе…

Жас ана бесікке неге қарсы?

Гүлім есімді жас ананың айтуынша, баланы бесікке көп бөлеуге қарсы.

– Бесіктің қауіптілігі баланың денесін орап қойғаннан басталады. Мәселен, кішкентай нәрестенің бұлшық еттері қысылып, түрлі ауруларға алып келетінін жасырмау керек. Сонымен қатар денесін орап қойған кезде қан дұрыс жүрмей, миына толық жетпейді, – деді. «Мұны сізге кім айтты, қайдан білесіз?», – деген сұрағымызға: «Қазіргі жас аналардың көбі бесікті пайдаланбайды. Бесіктің зияндылығын ғаламтордан көрдім. Әйткенмен әжесі ауылдан қыдырып келгенде бесікке бөлеп алатын кез болады» – деген жауап қатты.

Иә, бұрынғы кезде әже-аналарымыз баланы бесікке бөлеп өсірген. Бесік – қазақ халқы үшін аса қасиетті мүлік. Көшіп жүріп елі мен жерін жаудан қорғаған жаугершілік заманда оны жолда алып жүруге де ыңғайлы болған. Халқымыз жаңа туған шақалақты бесікке салуды елеулі дәстүр санап, ерекше мән берген.

Әженің әңгімесі

Бесікке баланы бөлемей ұйықтатуға Тасбөгет кентінің тұрғыны, Мейрамкүл Асқарова есімді әжеміз мүлдем қарсы. Алланың берген 3 баласынан бірнеше немере сүйіп отыр. Шаңырақтың шаттығы болған Мейрамкүл әже немерелерінің бәрін бесікке бөлеп, өсіріп келеді. Әжеміз әңгімесін былай бастады: «Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана өте аз. Тіпті оны зиян дейтіндері де бар. Кешегi кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушылары шәкірттеріне бесікті дұрыс емес деп оқытатын болған.

Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ. Сөйтіп бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпеген де жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз. Айтайын, қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Оның мазасыздығы ананың жүйкесіне де әсер етедi. Мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.

Оған қоса бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесік арқылы балаға ана, әже әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сонымен қатар бұл сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды. Қазіргі күні оны пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып бара жатқандаймыз. Жас аналарға, балалы аналарға айтар кәдем – сәбидің бойын бесікке үйретудің қамын жасау керек», – деген ойымен бөлісті.

Тілші түйіні:

Әлеуметтік желілерде бесікті күл-қоқысқа тастаған суреттерді де көріп қалдық. Ол да көпшіліктің жағасын ұстатты. Оған қоса осы күні кейбіреулер бесікке бөлеуге қарсы болып жүр. Бұл оның қасиетін түсінбегендіктен болар… Бір сөзбен айтқанда, бесік көнеден қалған зат емес. Түсіне білген жас аналарға – «ақылды» жиһаз, сәбидің алғашқы ақ отауы. Олай болса қазақылықтан қашып, бесіктен безінетіндей не көрінді? Ойлансақ екен…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: