Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы

07.05.2021

1814 0

Елім деген ерлердің еңбегі – болашақ буынның санасында мәңгі сақталар қастерлі қадам. Әсіресе елден жырақ кетіп, жан-алысып, жан беріскен майдангерлер туған жердің топырағын аңсап, халық мұраты үшін қолына қару алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың пәрменімен тәжік-ауған шекарасына аттанған қаншама оғлан да аңызға бергісіз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қазақ халқының жауынгерлік рухын паш еткені мәлім. Мереке қарсаңында айтулы оқиғаның бел ортасында болған қызылордалық ардагер, «Ардагерлер одағының (Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал директоры Марат Орынбайұлымен жолығып, біршама естелікке қаныққан едік.

Тәжікстанда 1992 жылы азамат соғысы басталған еді. Сол сәтте Тәжікстанға көмек беру мақсатында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей қарулы күштерінен құралған бітімгер жауынгерлер жасақталып, шекара тұтастығын сақтау міндеті туындаған. Қазақстан тарапынан аттанған жауынгерлер ол шекараны абыроймен қорғап, тыныштықты күзетті. Осы аралықта мыңдаған қазақстандық тәжік-ауған шекара­сында қызмет етіп, борыш өтеген-тұғын.

Алайда 1995 жылдың көкте­мінде аттанған топ қанды оқи­ғаға тап болды. 1995 жылдың көк­темінде Ауғанстаннан Тәжікстан оппозициясының ірі қарулы тобы Пшихавр шатқалына жақын жүргені анықталып, соның салдарынан Тәжікстан Қарулы күштері бұл аймаққа шекаралық бекет тұрғызды. Сол жылдың 7 сәуірінде заңсыз қару­ланған топ шатқал маңында шекарашы жауынгерлерге оқ атып, қарулы қақтығыс орын алды. Бұл уақытта шекара шебін қазақстандық жетінші рота қорғап тұрған еді. Қан майдан 5 сағатқа созылып, салдарынан 100-ден астам қазақстандық сарбаз жарақаттанса, 46 жауынгер қаза тап­ты. Тәжік-ауған шекарасындағы ал­ғашқы және ауқымды ұрыстың бірі орын алып, жағдай ушықты.

Отан қорғауға аттанған Марат Орынбайұлы да қан майданның орта­сына тура келіп, азан-қазан тіршілікке тап болды. Шекара маңына жаңа келген сарбаз үш күннен соң соғыс өртіне шарпылып, қан майданның ортасына түсті. Сол кезгі оқиғаны батырдың өзі былайша еске алады.

– 1996 жылы 12-ші батальон құра­мында тәжік-ауған шекарасына жет­тім. Жат жерге аяғым тиген сәтте үшінші күні майдан басталып, ұрысқа кіргенім әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Қақтығыс кезінде бірнеше қарулас бауырымнан айырылып, соғыстың ащы дәмін таттық. Олардың қата­рында Қанат Есетов секілді шейіт болған қазақ елінің адал перзенттері бар еді. Алайда әскери борышымды өтеген Тәжікстандағы Дробак, Калайкум, Ущелья шекара бекеттерінде ел үшін сап түзеп, артылған сенім мен парыздың үдесінен шығуға күш салдым. Оқ пен оттың ортасына түс­кенде рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы екенін ұғындық. Шыдам мен төзім қанат беріп, сәттілік жолдас болып, 1997 жылы елге аман-есен оралдым, – деді майдангер.

Рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы

Кейіпкеріміз соғыстағы сұрапыл жайлар мен ауыр зардабының енді қайтып келмеуін тілеп, болашақтан үміт күтеді. Майдангердің ендігі мақсаты – егемен елдің ертеңіне сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеп, келешек буынға өнегелі тәлім-тәрбиені аманаттау. Бұл бағытта ат­қарылып жатқан жұмыстар да же­терлік. Мәселен, қазіргі таңда қаладағы тәжік-ауған ардагерлері оқу орындары мен әскери шараларда жастармен кездесіп, жас сарбаздарға ақыл-кеңес беруде. Тіпті ардагерлер өз қаражаты есебінен жыл сайын қайырымдылық акцияларын ұйым­дастарып, көшет отырғызу шарасын жүргізуді дәстүрге айнал­дырған. Оған қоса қарулас азаматтарды қол­дауға мемлекет те, үкіметтік емес ұйымдар да белсене атсалысып келеді.

– 2013 жылы 9 қазанда Қырымбек Көшербаев­тың қолдауымен Қы­зылорда қаласында тәжік-ауған арда­гер­леріне арналған монумент қойыл­­ды. Бұл Қазақстандағы тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен ардагерлерге арналған алғашқы монумент екенін мақтанышпен айта аламын. Бұл сәт барша Сыр жұртшы­лығының мерейін көтергені анық. Сонымен қатар майданда қаза болған жауынгерлердің от­басын да назардан тыс қал­дырған емеспіз. Мысалы, 2021 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толуына орай бірнеше ауқымды шара ұйым­дастырылды. Шара барысын­да май­даннан оралмаған Асылбек Мәденов, Қанат Есетов, Жақсылық Жансүгіров, Ержан Әбдиев және ұрыс кезінде басынан ауыр соққы алған Ермек Бекжанов секілді аза­маттардың ана­ларына «Ана жү­регі» төсбелгісін табыстап, шейіт болған сарбаздар рухына арнап құран бағышталды, – деді Марат Орынбайұлы.

Рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы

Өткен жылы тәжік-ауған шекара­сында қызмет еткен азаматтарға мәр­­тебе беру идеясы қолдау тауып, арнайы заң қабылданғаны белгілі. Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай қолға алынған заң жобасында ауған соғысы арадагерлері, тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өте­гендер мен Чернобыль апатын жою­ға қатысқандарға ардагер мәр­тебесін беру ұсынысы қаралды. Нәтижесінде өткен жылы тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен сарбаздарға ардагер санаты бе­рілген-тұғын. Мұндай ше­шімге қол жеткізу үшін тер төккендер қатарында кейіпкеріміз Марат Орын­байұлы да бар. Майдангер қан­шама жыл құзырлы органдар мен лауа­зымды азаматтарға қозғау салып, тәжік-ауған шекарасында қызмет ет­кен сар­баздарға ардагер мәртебесін беру қажет деген ұстанымын білдіріп келген.

– 2020 жылдың 6 мамырында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Ар­дагерлер ту­ра­лы» заң күшіне еніп, тәжік-ауған ардагерлері заңды мәртебеге ие болды. Жеңістің 75 жылдығында жасалған мұндай қадам келешек ұр­паққа өнеге болары сөзсіз. Сон­дай-ақ бұл заң ардагерлер санатына енетін азаматтарымыз үшін кепіл­діктер мен жеңілдіктерді алуға үлкен көмек болды. Сондықтан қаруластарымызбен Тәуел­сіз Қа­зақстан­­­ның алғашқы ар­­да­­гер­­лері­не жасалған осындай қолдауды қуа­­нышпен қарсы алдық. Біз үшін ма­ңыз­дысы атақ-абырой емес, хал­қы­­мыз­­дың татулығы, еліміздің аман­ды­ғы екенін айтқым келеді, – деді ардагер.

Рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы

Облыста 400-ге жуық тәжік-ауған шека­расында қызмет еткен ардагер бар. Әңгіме ба­рысында Марат Орынбайұлы аймақта ұйым­дастырылған кез келген қайырымдылық шарасы мен жиындарда сол азаматтардың барлығы үнемі үлес қосып, көмек көрсететінін аңғартты. Майдангер қарулас бауырларының кең пейіл, ақадал көңілі мен ажырамас достығы арқасында ардагерлердің намыс туы жығылмай келе жат­қанын жеткізіп, әрбірінің еңбегін ерекше атап өтті. М.Орынбайұлының тағдырлас дос-бауыр­ларының жұмыла әрекет ететін ауызбіршілігін тебірене баяндағанынан  бірлік ұғымын ерекше аялай білетінін аңғару қиын емес.

Қазіргі таңда елі үшін қан кешкен майдан­гердің ерлігі көпке үлгі. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, қайсарлық пен табандылықты ту еткен халық қорғаны ешқашан ескерусіз қалған емес. Абзал азамат ҚР Тұңғыш Президенті  Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, бірінші және екінші дәре­желі «Шекара үздігі», ҚР Қор­ғаныс ми­нистрінің «Қазақстан Рес­публика­сының қарулы күште­ріне 20 жыл», «Тәжік-ауған шекара­сындағы қыз­меті үшін», «Қазақ ба­тыры» төс белгілерін иеленді. Сон­дай-ақ түрлі деңгейдегі басшы­лардың Алғыс хаты мен көптеген мере­келік медальдар еншілеп, мәр­тебе биігінен көріне білгені ел есінде.

Рухты адам ғана елін қорғауға қауқарлы

Қаруластарының қуанышына шат­танған Марат Орынбайұлы  – бү­гінде отбасының тірегіне айналып, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Тұңғышы Рахат әке жолын жалғап, әскери маман болуға талаптанып, Ресейде білім алуда. Қос қызы мектеп қабырғасында білім алса, ал кенжесі Рамазан әкесі ардагер атағын алған 6 мамыр күні екі жасқа толды.

Майдангер сөз соңында ғұмыр­лық мақсаты мен міндеті туралы ой қозғап, келешекке деген сеніммен түйіндеді. – Әрбір адамның өмірлік мұраты, тағдыры болатыны белгілі. Менің тағдырым – Отан үшін қызмет ету, өмірлік мұратым – өнегелі қарттық. Сондықтан әрбір азамат Тәуелсіз Қазақстанның кемел болашағы үшін ұлы мақсат қойып, елге қызмет етуді арман етуі тиіс деп санаймын, – деді Марат Орынбайұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: