Сейсенбі, 16 сәуiр, 18:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Әзеке батыр

20.12.2022

1879 0

әңгіме

Осы жылдың шілде айында Әлшекей күйшінің мұрасын жалғастырушы Тынысбек ақсақалға жолығып, дидарласқан едік. Жанымда Жаңақорғанда тұратын Оразхан Сейітов есімді ағам бар. Сексеннің үстіне шыққан күйші Шиелідегі үйінде екен. Жанында өзі қатарлас төрт-бес кісі отыр. Амандық-саулықтан соң домбырасын алып, – Шәй қайнағанша сендерге күй тартып берейін, – деді де салалы саусақтарын кеңірек жазып, қос алақанын бірнеше рет ашып-жұмды. Шамасы, күй тартар алдындағы әдеті болса керек. Домбырасын бір-екі рет қағып-қағып жіберді де күйін бастап кетті.

Ол кісі күйін тартып жатыр, ал біз тыңдап отырмыз. Тынысбек ақсақал домбыра тартқанда басқа бір әлемге енгендей әсерде болады екен. Домбырасы да күй төгіп, күмбірлеп-ақ тұр. Домбыраны күйші тартып жатқан жоқ секілді, құдды бір сазды аспап өздігінен әуен төгіп жатқандай. Бірде дом­бырадан қоңыр әуен төгілгендей, енді бірде толқынды су жағаға соққандай әсер қалдырады. Домбырашы да тыңдарманын елітіп, әуенді неше мәрте құбылтып отыр. Бұл сәтте жасының сексеннен асқанын айтқан қарт жасарып кеткендей ме қалай өзі… Домбырада ұстаның қолынан жаңа ғана шыққандай… Әсілінде болмысына қарап, бұл домбыраның да шамамен 40-50 жыл бұрын жасалғанын аңғаруға болады. Күймен толқытып, әуенмен балқытқан күйші кенет тоқтады да – бұл – Әлшекейдің «Толқын» атты күйі деді. Күй тартылып болғанша үнсіз отырған біздер:

– Бәрекелді!

– Жарайсыз, ақсақал!

– Күйші болсаң, осындай бол!

– Домбыраңыз өзіңізге, өзіңіз домбыраңызға лайық екенсіз, – деп өнер иесін қолпаштап қойдық.

– Енді Әлшекейдің «Жіп жүгіру» деген күйін тартып берейін, – деген Тынысбек ақсақал алдымен күйдің тарихын баянда­­ды.  – Бір замандарда Сырдағы халық Түркістан базарына жылына екі мәрте қатынай­ды екен. Бір барғанда қыстық азығын әкел­се, екін­ші барғанда жазға қажеттісін алмай ма адамдар. Сондай мақсатпен күйші базар­лап қайтып келе жатып, жолай бір байдың үйіне түскен. Баяғыда өзі сондай еді ғой. Танысын, танымасын жолаушылап келе жатқан адам құдайы қонақ болатын. Қазір ғой, құдайы қонақ болмақ түгілі көршінің үйіне әрең барамыз. Сол байдың бір қызы бар екен. Ол өрмек тоқып отырса керек, қонақтарға дәстүр бойынша құрмет көрсетіп, төрге шығаруды білмейді. Елемеген сыңай танытқан бойжеткеннің қылығы күйшіге ұнамайды. Жан-жағына қараса керегеде домбыра ілулі тұрады. Соны алады да күй тарта жөнелген екен, бәтшағар. Күйдің құдіреті әлгі байдың қызын иілтіп, ізет жасатыпты. Мұны естіген бай да күйшіні сый-сияпатпен қайтарыпты, – деді де домбырасын төгілте жөнелді. Өзі де жас қыздың алдында домбыра тартып отырған жас жігіттей қозғалып, әуенмен бірдей тербеліп отырған ақсақал бізді де күйдің ауанына салып жібергендей. Біз де күйшімен бірге ырғалып, өздігімізден тербеліп отырған едік. Тынысбек көкеміз күйін тартып болысымен кішкентай немересі келіп, шайдің дайын болғанын жеткізді.

Тынысбек ақсақал күйге ғана жетік емес екен, ол кісі тарихи әңгімелерді де көп біледі екен. Күйші бұрын-соңды естімеген бір әңгіменің ағынын ағытты.

– Қазақ даласында небір батырлар өткен. Оның бәрі бірдей көпке белгілі емес. Ел ішінде Әзеке батырға қатысты тарихи аңыз бар. Менің жастау күнімде үлкендерден естіген әңгімем бар еді. Соны баяндап берейін, – деді де дастархан басында отырған бізге бір қарап қойды.

– Айтыңыз, айтыңыз!

– Қайта сіз секілді қарттардан естіп-білгеніміз жақсы.

– Сіз не айтсаңыз да есті сөзден жібересіз ғой. Қайта пайдалы емес пе, – деп, айтушымызды шабыттандырып қойдық. Оның үстіне шіліңгір шілденің ыстығы ми қайнатардай болып тұрған. Бесін уақытында барған біз кең үйдегі салқындатқыштың астында отырып, рухани сусындағанды жөн санадық.

– Осыдан бірнеше жүз жыл бұрын мынау сайын далада Әзеке деген батыр болған. Әзеке батыр жоңғарлармен бір шайқаста жаудың бес бірдей батырын өлтіріпті. Тағы да бәрін жекпе-жекте мерт қылған ғой. Сөйтсе ол батырлардың бәрі туған ағалы-інілі, бір үйдің ұлдары болып шығады. Бауырының өлімі үшін кек аламын деп, бірінен соң бірі шыға бергенге ұқсайды. Еліне жеткенде әлгі бес батырдың шешесі ұлдарын қазақтың Әзекедей батыры өлтіргенін естіп: «Әзеке, жүзге жетпе, жүзге жетсең де күзге жетпе!» деп қарғапты. Содан әлі күнге дейін Әзеке батырдың ұрпағы өспей, өнбей келеді, – деп барып тоқтады.

Қарасам ақсақалдың көзінде мұң бар сыңайлы.

– Сонда қалай, шынымен Әзеке батырдың ұрпағы аз ба? – дедім мен. – Иә, балам, сол батырдың ұрпағының бірі мен. Арада үш жүз жылдан астам уақыт өтсе де Әзекелердің саны жүз шаңыраққа жетпей келеді. Шамасы бізге қарғыс өткен деген сөздің астарында шындық бар-ау осы, – деді.

Бұл кезде шай да ішіліп, ас та желініп болды. Тынысбек ақсақал Әлшекейдің тағы бірнеше күйін орындады. «Сыңсуы» да тартылды, «Терісқақпайы» да орындалды. Ал Әзеке батыр хақында айтылған әңгіме менің есімнен бір шықпай қойды. «Сөзде кие бар» деген осы екен-ау дедім іштей.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: