Жұма, 26 сәуiр, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Балам дұрыс болсын десең тәрбиесіне мән бер

23.11.2021

2794 0

Дәуір желі ескенде заманға қарай дүние де өзгереді. Заман қанша өзгерсе де ұлт жадында  үлгі-өнеге, ой-санасында даналық сөздер жатталып, көпшілік кеудесінде ұлттық құндылықтар сақталып қалады. Осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Егеменді ел атанып, орда тұрғызған 30 жылдың ішінде ұлтымыздың ой-санасы түбегейлі өзгерді, жаңарды. Бұрын көріп білмеген, нарық ырғағына бейімделді. Жаңа үдерістер пайда болды. Қанша жаңарулар пайда болғанмен ұлттық қалпымызды жоғалтпаған елміз. Содан болар, ұлттық үрдістеріміз өз қалпында ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келеді. Қанша жыл салт-дәстүрімізден алыстасақ та оны ұмытпау жолында ел ішіндегі ата-әжеліріміз сақтауға тырысты. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұстан бастап, ұлттық құндылықтарымыз қайта түлеп, ұрпаққа тереңнен ұлықтала басталды. Бұл біздің салт-дәстүрге жай қарамайтын ұлт екенімізді көрсетсе керек. Бүгінгі ұрпақ санасында ұлттық мұрамыз бен дәстүріміз қайта жаңғырып, жандана түсіп, ұлы даланың үнін ұғуға, табиғаттың тілін білуге, адамдарды қадірлеуге, үлкендерді құрметтеуге, тіршіліктің тінін түсінуге жол ашты. Әрбір ұлттың өзінің салт-дәстүрі, үрдісі бар. Соның ішінде қазақ ұлтының басқа ұлттарға қарағанда пейілі дархан, зейіні зерек, жүрегі жылы, адамгершілігі мол, аяушылығы зор ұлт екенін кешегі өткен ғасырдағы тарихта ерекше баяндалған. Бұл біздің ұлт үшін даңқ та, дақпырт та емес, таза шындық.

Алайда ұлттық құндылықтың бір тіні – отбасы құндылығы. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Дәуір желі қалай соқса, заман солай қарай өзгергенін бүгінде көрдік. Қазіргі заманға қарай талап та, тәрбие де тіптен басқаша. Өткен ғасырдағы тәрбиені көзбен көрген бүгінгі аға ұрпақ, ол кездегі ата-ананың баланы тәрбиелеуі, оған қояр талаптары тіптен басқаша екендігін өте жақсы біледі. Соны көріп өскен бүгінгі 40-50 жастағы ата-аналар өз баласын өте нәзік етіп тәрбиелеуде. Неге? Өйткені заман өзгерді. Заманнан бұрын мектепте әйел мұғалімдердің көптігі де балаға әсер етсе керек. Ұстаз ананың жаны жұмсақ келетіні түсінікті. Олар оқушы балаларға ер мұғалімнің тәрбиесін бере алмауы мүмкін. Ер мұғалім қатқылдау айтса, бала шамалы болса да тайсақтайтыны анық. Шындығын айтқанда, қиын бала қайдан шығады?  Ол отбасындағы ата-ананың балаға көңіл бөлмеуінен шығады.

Қашанда бала тәрбиесі, отбасы құндылығына жатады. Бұны көп ата-ана білсе де оған мән бере бермейді.  Бала өмірдегі еңбектеген  шағынан бастап ләззат алып, ойын құмарын тарқатып өсуі керек. Еркін ойнаған баланың ойы да, ойлауы да еркін болады. Бүгінде көбіне көпқабатты үйде тұратын балалар көшеге шығып ойнай қалса, ата-анасы оларға олай ет пе, былай ет пе, үстіңді бүлдіресің дей берсе, ол баланың ой-өрісі дамымай, бала ата-ана сөзінен аса алмай, жалтақ болып қалады. Бұндай жағдайды көп жерден көріп, естіп жүрміз. Баланың сол үшін еркін ойнауы қажет.

Бала жастайынан алғыр, елгезек, зерек болып өссін десеңіз, ата-ана ретінде балаға барынша көңіл бөлген орынды. Ол үшін ата-ана көбіне кешке жақын ыңғайына қарай, балаға бір сәт ертегі кітап оқып берсе баланың фантазиясы ашылып, ой-өрісі дамып, дүниетанымы кеңейе түседі. Сонда ғана жас өскіннің армандау, қиялдау қабілеті артады. Осы жағын әрбір ата-ана ескерсе дейміз. Сонда бала болашақта әке-шешенің үмітін ақтауға тырысып, өз жемісін береді. «Кітап – білім бұлағы» десек, сол бұлақтан нәр алған бала соған құмартып тұратын болады. Өмір жолын содан табуға талпынады. Қазақ атамыз «Бала шыбық секілді, қалай қарай еңкейітсең, солай қарай майысады» деп бекер айтпаған. Міне, сондықтан балаға әрбір ата-ананың барынша көңіл бөлгені жөн. Жасыратыны жоқ, көп ата-ана баласы тәртіпсіз болса, мектептен, ұстаздан көріп жатады. Ол тіптен дұрыс емес. Мектеп баланы білімге, құштарлыққа, әдемілікке, парасаттылыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, салауаттылыққа, білгірлікке тәрбиелейді.

Мұғалім өз баласынан гөрі, бар білгенін оқушыларына үйретіп, мейірімін, жылылық шапағатын, білім нәрін басқа баланың кеудесіне құяды. Олардың бұл еңбегін адамгершілікпен ескерген жөн. Кейбір ата-аналар ұстаздарды қаралауға, киелі мектепті жамандауға дайын тұрады. Ал мұғалім әрбір оқушы «арманына жетсе екен» деген мақсатпен тынымсыз ізденіспен еңбектенеді. Үнемі ой үстінде жүреді. Қазіргі оқу талабы тұрақты ізденісті қажет етеді. Мектептен түлеп ұшқан бала алдымен тапқан табысын ата-анасына береді, мұғалімге емес. Елге қызмет етсе, өз абыройы, ата-анасына мақтаныш. Ағылшындарда «Баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген тәмсіл бар екен. Бұл барлық ата-анаға қарата айтылған мәтел болса керек. Сондықтан балам алымды, шалымды болып өссін десеңіз, алдымен бала тәрбиесіне мән беріңіз, сонда өмірден ұтылмайсыз. «Бала ұя да не көрсе, ұшқан да соны іледі» деген дана қазақ.

Балаға тәрбие бермес бұрын алдымен адам өз мінезін қалыптастыру керек екен. Бұл жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың» деген екен. Адамның мінез-құлқы оның өміріне толықтай әсер етеді. Сондықтан мінез-құлқы тұрақты қалыптасқан адам өз армандарына жете алатындығын айтқан. Ал ол ондай жанның балаға да жақсы тәрбие бере алатындығын меңзеген. Міне, ағылшындардың айтқанын Шәкәрім де ғибраттап отыр. Тәлім-тәрбиеге келгенде, қазақтан асар білгіш, дана, данышпан жоқ екендігін неге айтпасқа.

Анығын айтқанда, бала тәрбиесі мен болашағын алдымен ата-анасы ойлауы қажет. Ол дүниеге келгеннен бастап күтіп-баптаудың өзі тәрбие. Асырап-бағып өсіріп, баланың оқуы үшін киімі мен ішіп-жеміне жұмсаған қаражатыңыз балаңыздан қайтатынын ұмытпаңыз. Демек, қазіргі тілмен айтар болсақ, бала болашағына құйған инвестицияңыз өзіңізге қайтып келеді деген сөз. Сондықтан балам жақсы болсын десеңіз, оның тәрбиесіне салғырт қарамаған жөн. Бала менің болашағым, үмітім, қартайғанда қамқоршым, демеушім, тірегім болады деген сенім әрбір ата-ананың жүрегінде берік орын алған. Ендеше ұлысты, ұлықты ұлт боламыз десек, отбасындағы бала тәрбиесі мықты болуы керек.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ардагер-журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: