Жұма, 26 сәуiр, 18:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бір сиыр – бір магнитофон

31.07.2021

2264 0

Осыдан отыз жыл бұрын… Небәрі 10 жаста екенмін. Еліміз Тәуелсіздік алып бір жағынан қуанса, екінші жағынан алаңдаулы күйге түскен.

Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды, ақ түйенің қарны жарылған күнді халқы­мыздың ғасырлар бойы аңсап күткенін сезіне қоятын жаста емес едім.

«Өз күніңді өзің көр»  деген заман туды. Елде жекешелендіру басталды. Ауылда не бар, бәрі жекеге беріліп, жыл сайын мем­лекетке тонналап астық өндіріп беріп, үкіметтен уақы­тылы сыйақысын, айлығын алып отырған ауыл қазағы енді кімге сенерін білмей қалды. Ел ішінде береке кетті. Жоқшылықпен бірге ұрлық, небір қылмыстар да көбейді. Ертеңгі күніміз бұлдыр еді. Шынын айтқанда халық қалай күн көрерін білмей теңселіп кеткен заман болды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген осы болар. Өмір бойы үкіметке арқа сүйеп келген халық ешбір дайындықсыз «нарықтық экономика» заманына енді де кетті.

Алаңсыз ойнап жүрген небәрі 10 жастағы мен де бұл қиындықты сезбедім десем өтірік айтқаным болар. Ауылда жарық жоқ, айлық жылдап берілмейді, малдың құны тіптен түсіп кеткен, сатсаң ақша болып жарытпайды.

Малдың құны түсіп кеткенін мына бір оқиғамен дәлелдеп бер­сем деймін. Бұл оқиғаны менің бауырларым да ұмытпаған болар.

Бір күні үйге жылмаңдаған екі коммерсант келді. Сол кездегі саудамен айналысатын пысықайларды коммерсант дейтін едік. Қолдарында ұзын магнитафон. Екі  жағында дыбыс күшейткіші бар және де жарқ-жұрқ ететінін қайтерсіз. Сол кезде магнитафон арқалап жүру сәнге айналған. Екі ағам мен тәтем ер жетіп өсіп қалған. Бала болсақ та біз де сол магнитафонды алғымыз келіп қызығып бара жатырмыз.

– Аға, (әкемізді аға дейтін едік) алайық­шы, – деп әкеміздің буынына түсіп, қиылып қоймаймыз ғой және де. Әкем өте балажан адам. Бірақ жақсы көргенін білдіртпейді. Бала­ға еш­қашан қол жұмсамаған, анда-санда «айналайын» деп қана қоятын.

Әкеміз бен анамыз біздің көңілімізді қимады.

Ал магнитафонның құны – бақандай бір сиыр. Ол сиырды сойсаң бір қысқа азық, саусаң сүті тамақ екені белгілі ғой. Таразының бір басында осы жай тұрса, екінші басында әкеге қиыла қараған балапандардың көз жанары. Әкем мен анам әбден ойлана келе магнитафонды алуға шешім қабылдады. Бұл шешімде  «қиындық көріп өсіп келе жатқан балаларымыз бір қуансыншы, мал да, дүние де баладан артық емес» деген ата-ананың шексіз махаббатты тұрды. Ал ақылға салған адамға әке-шешемнің бұл шешімі ақымақтың тірлігі болып көрінер еді. Қазір ойланып отырсам, әке-шешем біздерді қуанту үшін бағып отырған малын «құрбан» еткен екен.

Ал, малдың құнының осыншалықты төмен түскеніне бұдан артық қандай дәлел керек?! Қысқасы, қолдағы азын-аулақ мал пұл болып жарытпай, күн көріс үшін азық-түлік алуға тиын-тебенге сатылған.

Сол тоқырау жылдарында аналарымыз әр тоқсан (үш ай сайын) сайын балаға берілетін жәрдемақысы кезінде ғана патшаның мөрін (мамам ақшаны — «патшаның мөрі» деп атайтын еді) көріп, сол азын-аулақ ақшаны місе тұтқан.

Сол кездердегі қиыншылықтарды еске алсақ, қазіргі кездегі жоқ деген сөз құтырғандық деп білер едім. Базарда не керектінің бәрі бар. Жұмыс көп, еңбек еткен адам аштан өлмейді. Ал 90 жылдары ақшаңа алатын зат болмай қалған, бәрі қат кез болды.

Біздің ауылдың тіршілік көзі – күріш. Кезінде мемлекетке тонналап астық тапсырған атақты ауыл еді ғой. Тоқырау жылдары жаз бойы күріш егіп, күзде соны сатып қана күн көрді. Айлық беретін үкімет жоқ, әркім өз әлінше тіршілік қылды. Деген­мен қашан да «ел іші алтын бесік», «елде болғанның ерніне тиеді» деген. Ауыл адам­дары жаз бойы картоп, жуа, сәбізін егіп алып, қолдағы азын-аулақ малымен күн көрді. Сиырын сауып, ағарғанын ішті. Әйтеуір, наннан тапшылық болмады. Қала баласы сияқты талонмен нан алу, ұзыннан ұзақ кезек дегенді көрмедік.

Ал қаладағы нанның кезегінің қандай болатынын көргенде «ауылдағы өмірім жұмақ екен-ау» деген кез де болған.

Халықтың «ашпыз» деп көшеге шықпай, бейбіт өмір сүруіне сол кездегі газет-журнал, көгілдір экраннан берілер ақпараттар да көп көмегін тигізді деп айта аламын. Біздің үйге апта сайын құшақ-құшақ газет, журнал көп келетін. Шынында сол кездегі журналистер қауымы мемлекетіміздің аяқтан тұрып, нығайып кетуіне барынша адал қызмет еткен екен. «Бұл уақытша қиын­шылық. Өтпелі кезеңдегі елдерде осын­дай қиындық болады екен. Алда бәрі жақсы болады» деп ауыл адамдары бір-бірін жұбатып, басу айтып отыратын.

Тоқсаныншы жылдардағы қиыншы­лық, ертеңім не болады деген үмітсіз­діктен халқымызды сабырлы, төзімді мінезі алып шықты.

Солардың ішінде менің де ата-анам болды. Шиеттей баланы асырау үшін ешкімге де шағым айтпады. Таза, адал еңбегіне сүйеніп өмір сүрді. Барлық жұмыс қолмен жасалды. Әкеміз ұн, күріш, көкөніс, бақша өнімдерінен кенде қылмады. Ал анам әкемнің әкеліп бергенін үлгертіп отырды. Нан, тамақ бәрі ошаққа пісірілді. Ол кезде газ құрып кеткен. Тары түйіп, диірменге талқан тартып, тәттінің қат кезінде жүгері, бидай қуырып беріп жоқтан бар жасады. Киімді қолдан тікті. Ал электр жарығы жоқ кезде тоңазытқыш пайдалана алмаған ауыл халқы етті қалай бұзбай сақтады десеңізші. Қазіргі күні тоңазытқышсыз бір күнімізді де елестете алмаспыз. Жыртықты жамап, қысқартып, қол­дан жүн шұлық тоқып әйтеуір киім­сіз де қылмады. Күз болса киіз басып жып-жылы төсеніш жасады. Қыруар кірді қолмен жуды. Осы еңбектің басы-қасында қолғабыс беріп өзіміз де жүр­дік. Сол жоқшылық, қиын заманда аналарымызға көмектесе жүріп еңбекпен шыңдалыппыз. Кейіннен есейген соң өмірден қан­дай да бір қиындық көрсек те, қыңқ демей көтере білуіміз, қай жерде жүрсек те маңдай терге ғана арқа сүйесек, бұл – сол тоқырау жылдарындағы көрген қиындықтың бізге берген өмір­лік сабағы болған екен. Ал қазір балаларымызға сол замандардағы қиындықты айтсақ ертегі тыңдағандай болады.

Халық сол тоқырау жылдарында жақсы өмірдің келетініне сенді. Иә, расында молшы­лық заман келді. Қазір бейбіт заман. Бұл заманды жаман деуге болмайды. Әрекет еткен адам жақсы өмір сүруге болады. Не керектінің бәрі бар. Қаласаң үйіңді хан сарайындай етіп салып ал. Қалай өмір сүргің келеді, өз қо­лыңда. Ашпын деп көшеде жүргендер жал­қау, тек мемлекетке арқа сүйегендер деп білемін. Қазір жоқ дегендер 90 жылғы тоқырау жылдарын еске алсын. «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл». Қашан да өткен тарихын еске алып шүкіршілікпен өмір сүрген халықпыз.

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл. Отыз жыл бұрынғы өмір мен қазіргі кезеңдегі халықтың тұрмыс-жағдайы жер мен көктей. Осы бір бодандықсыз, бостандықпен өмір сүрген Тәуелсіздіктің қадірін білсек екен. Ақ адал еңбегіне сүйе­ніп өмір сүрген адамды Құдай да жерге қаратпайды.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды көп­пен бірге көріп, қиындық атаулыны місе тұтпай, артық дүние де жинамай, шиеттей жеті баласының бәрін оқытып-шоқытып, бір-бір үйлі қылған  ата-анамның саналы ғұмыры бұған дәлел дей аламын.

Айгүл  Тәуіпбаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: