Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай «Өмір шындығына адалдық» атты әдеби кеш өтті.
Тағылымды шараға қоғам қайраткері С.Әбішев, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Б.Ұзақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қ.Есімсейітова, ҚХП ҚБ орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Оразханов, ҚХП ҚБ орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысының орынбасары А.Дукенбаева, Қорқыт ата атындағы ҚУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Г.Баялиева, Қорқыт ата атындағы ҚУ аға оқытушысы Т.Телеубаев, БАҚ және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш барысында баяндамашылар жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен ақпарат беріп, әдеби кештің мәні айшықтала түсті.
Биылғы жылы заңғар жазушы Ә. Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Жазушы шоқтығы биік туынды «Соңғы парыз» романын өмірінің соңғы 25 жылында жазып кетті. Шығармаларының дені Арал өңірінің тыныс-тіршілігі, Арал тағдыры, табиғат пен адамдар арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін тарихи шығарма болып, бүгінгі күнге жетіп, мұра болып қалғанын айтуға тиістіміз. Мектеп қабырғасында «Курляндия романын бірінші болып алып оқыған едім. Талай рет жүздесіп, пікірін тыңдадым. Ол өзін қарапайым жазушы, әдебиетші ретінде бағалады. «Менің әдеби шығармашылығыма берілген және бүкіл дүниежүзілік кітапханалар сериясымен шығарылған 200 томдық әдеби мұралардың редкология мүшесі ретінде берілген мақтау қағазының мен үшін салмағы ерекше еді» деді ол. Өзінің сүйген кәсібінен ешқандай атақтың жоғары еместігін дәлелдеген бірден-бір классик жазушы екені осы сөздерінен-ақ байқалады, – деді қоғам қайраткері С. Әбішов.
Шара барысында Жастар театрының актерлері «Әбдіжәміл әлемі» атты пролог оқыса, оқырмандар «Әбдіжәміл Нұрпейісов – заманымыздың заңғар жазушысы» атты кең көлемді кітап көрмесімен танысты.
Салтанатты шара соңында ҚХП ҚБ орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары А.Дүкенбаева баяндамашылар мен кеш қонақтарына Қазақстан Халық партиясының Алғыс хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Айта кету керек,«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!