Кешелі бері сырбойылықтар тағы бір жеңісті сүйіншілеуде. Биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленгендердің ішінде Сыр бойының перзенттері де бар. Оның бірі – белгілі журналист Рауан Мыңбаев, екіншісі – жыршы, киелі өнердің насихатшысы Күнсұлу Түрікпен. Қуанышты сәтте Күнсұлумен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Күнсұлу, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жеңісіңіз құтты болсын. Бұл сыйлық кез келгенге берілмейтіні белгілі. «Дарын» жастар сыйлығын алғандағы әсеріңіз?..– Расында, «Дарын» мемлекеттік сыйлығы дарынды, шығармашыл жастарға үлкен шабыт сыйлайтын мемлекеттік сыйлықтың баспалдағы деп түсінемін. Әрине, «Дарын» сыйлығына шашасына шаң жұқтырмайтын талантты үміткерлер аз болған жоқ. Несібемізге орай биыл бұл сыйлықты өнердің ішінде жыр өнеріне бергенді жөн көрген болу керек. «Сырдың елі – жырдың елі». Сыр елі – жырдың ошағын сөндірмеген, қасиетті өнердің қарашаңырағы. Бұл сыйлық Сыр мәдениетінің, оның ішінде жырдың айналасында жүрген Сыр жыршыларының ортақ жеңісі дер едім. Осындай мәртебеге қол жеткізудегі әсерді сөзбен жеткізе алмаймын. Өнердегі еңбегімізді бағалап, осындай құрметке бөлегені үшін еліме алғысым шексіз. Мені қолдаған, «Дарын» сыйлығына ұсынған сырбойылықтарға, облыстық мәдениет басқармасына, облыстық халық шығармашылығы ұжымына ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар менің жетістікке жетуіме септігін тигізген өмірдегі алғашқы ұстазым – ата-анама, өнердегі ұстаздарыма алғысымды айтамын.
– Жыраулық өнердің ізін жалғап келе жатқан жас буынның бірісіз. Шығармашылығыңызда нендей жаңалық бар?
– Осыдан бір-екі жыл бұрын жыршылық өнерді насихаттау мақсатында Марат Сүгірбай деген азаматпен бірге бірнеше фестиваль ұйымдастырдық. Бұл фестиваль нәтижелі болды. Жастардың ата мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, қасиетті өнердің болашағына бей-жай қарай алмайтынына көзіміз жетті. Бұл мақсатта біршама жобалар жасадық. «Жырласа, жастар жырласын!» атты кең көлемде республикалық фестиваль ұйымдастырдық. Сол шараның ізінше өзім «Ән, терме, домбыра курсы» жұмысын бастадым. Онлайн форматтағы курстың мақсаты – жастардың дәстүрлі ән-жыр өнеріне деген қызығушылығын ояту. Бір қызығы, бұл курсқа бұрын қолына домбыра ұстап көрмеген, жыр айтып көрмеген, тіпті жырдың не екенін білмейтін талапкерлер де қызығушылық білдіріп, қатысуда. Олардың ынтасы мені қуантады. Бір-екі аптаның ішінде жырды түсінгендер аз емес. Сондай-ақ курсқа шетелдегі қандас бауырларымыз қатысуда. Бұл арқылы әр қазақтың қанында бар дәстүрлі жыр өнеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын түсіндім. Сонымен қатар кәсіби шеберлігін арттырып жүрген аға буын, орта буын өкілдері де бар. Курстың алғашқы кезеңін аяқтадық. Бүгінде екінші кезеңге талапкерлерді қабылдау басталады. Болашақта бұл курсты үлкен жыр мектебіне айналдырсам деген мақсатым бар.
– Бір сұхбатыңызда «әрбір орындаушы өзінің жыр қорымен өлшенеді» деген екенсіз. Сіздің қорыңызда қанша жыр бар? Таңды таңға ұрып жыр айтқыңыз келетін сәттер болады ма?
– Шынында солай. Қазіргі кезде таңнан-таңға жыр айтатын сәт болмауы мүмкін. Бірақ халық сұраған кезде тартынып қалмайтындай деңгейде әрдайым дайындық, ізденіс болуы керек. Әрине, екі-үш күн қатарынан жыр айтатын сәттер болады. Сырттан келген қандастарымыз немесе ауылдағы ағайын әлі де жыр тыңдаудан жалықпайды. Өзім сондай сәттердің куәсі болдым. Биыл карантин кезінде халықтың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығы қайта оянды. Әр істің қайыры бар деген ғой. Сол себепті жыршылар халық жыр сұраған кезде дайын болуы керек. Өзім әрдайым дайынмын деп айта аламын.
– Дәстүрлі өнерде жаңа есімдер бар ма?
– Әр өңірде жаңа есімдер бар. Бір ғана Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Жыраулар мектебі жыл сайын қаншама шәкірттер дайындауда. Шиелі ауданында Нартай мектебі жұмыс істеуде. Арал ауданында да Жыраулар үйі бар. Жыл сайын жыраулық өнерге жүздеген есім қадам басады. Бұл – үлкен жетістік.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!