Бейсенбі, 25 сәуiр, 10:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Гүлжайна НЕТБАЕВА, психолог: «Әйел ер адамның жанында әрқашан әлсіз болуы керек»

07.03.2023

4520 0

Бала кезде сабақтан көңілсіз келсем анам бірден мән-жайды сұрайтын. Қанша жерден айтқың келмесе де бабымды тауып, айтқызбасқа қоймайды. Шешімін білсе оны айтып, білмесе үнсіз тыңдап отыра беретін. «Іште сақтауға болмайды», − деп түсіндіретін бұл ісін.

Мұң-қайғыны, уайымды іште сақтамай, бөлісу керек екенін кейін білдік қой. Әдетте ондайды жақын досыңа айтасың. Бірақ қазіргі кезде психолог мамандарға жүгінетіндер көбейді. Сондықтан қазіргі адамдарды не мазалайтынын, жалпы психология не екенін және басқа да сұрақтардың жауабын білу үшін Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының психолог маманы Гүлжайна Ғабитқызымен сұхбаттастық.

– Психолог пен психиатрдың айырмашылығы қандай?

– Біздер, психологтар, адамның жанымен сөйлесеміз. Оның мораль­дік жарақаттары, кішкентай кезінен қалған қорқыныштары секілді терең дүниелерге үңілмейміз. Ол адамның бүгінімен ғана жұмыс істейміз. Ал психиатрлар тереңге үңіледі. Оның бала кезінен бастап бүгінгі күніне дейін зерттеп, қай оқиғадан қандай қорқыныш немесе ауыт­қушылық пайда болғанын анықтайды. Жалпы Қызылордада мықты психиатрлар бүгінде аз.

– Қызылордалықтарды не мазалайды?

– Негізінде көбіне психологқа жүгінетін­дер – нәзік жандар. Олардың көбі ішіндегісін еш­кімге айта алмайды, эмоциясын шығара алмайды. Сондықтан олар қорқынышпен, паникамен өмір сүреді. «Бүгін-ертең мен бір қиындыққа тап болатын сияқтымын», − деген ойлар маза бермейді. Ене мен келін арасындағы кикілжіңнен зардап шегетіндер де аз емес. Мұның әсерінен адам зоб ауруына да шалдығады. Ал мен психолог ретінде сол эмоцияларды, айтылмаған сөздерін шығаруға көмектесемін.

Мысалы, адам сөз естісе, кикілжіңге келіп қалса, эмоциясы іште қалып қояды. Оны шығармаса, біреу­ге өкпе-назын айтпаса депрессияға түседі. Ал депрес­сия адамның физикалық әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, шаршатады. Барлық ауру психосоматикадан басталады деп бекер айтылмаған ғой.  Зоб − іштегісін айта алмағаннан, өкпе-бауыр ауруы − өкпелеген немесе ренжігеннен пайда болады. Сосын бізде үйдің үлкен ұлына көп жауапкершілік жүктеу деген бар. Соның әсерінен ол адамның жұлыны, мойыны мен арқасы ауырады.

– Соңғы уақытта психологқа жүгінетіндер қатары неге көбейді?

– 2000 жылға дейін Қазақстанда барлық адам күндіз-түні еңбек етті. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан елде бейқам өмір сүру қиын еді. Сол жылдары туған балалар өздері өсті. Ата-анасы қашан көрсеңіз жұмыста жүретін. Кейінірек адамдар бір-бірімен араласу керек екенін, қарым-қатынастың маңызын түсіне бастады. Күйеуімен, балаларымен, отбасы мүшелерімен сөйлесу қажеттігін білді. Оларды «Мен қандаймын? Мен қалай өмір сүргім келеді? Маған не кедергі?», − деген сұрақтар мазалай бастады. Осы сұрақтардың нәтижесінде олар өмір тек ақша табудан тұрмайтынын, өзін жақсы көруді, өзінің ойындағыдай өмір сүруді қалады. Қазір тіпті ер адамдар да психологқа жүгінетін болды. Өйткені олар да отбасының қамы үшін, берекелі шаңырақ үшін еңбек етіп жүріп, қарым-қатынасты бұзып алғанын түсінді. Қанша ақша тапса да өзін жайлы сезіне алмады. Сондай-ақ бұл өмірдегі миссиясын анықтағысы келетіндер қатары артты. Міне, осының барлығы психологқа жүгінуге себеп болды.

– Адам қай кезде психологқа жүгінуі керек?

– Кейде өз әйеліне сырын немесе шындықты айта алмайтын ер адамдар болады. Әйеліне «Мына нәрсені былай істеші, мынау маған ұнамайды», − деген ойларын айта алмайды. Біреуі ренжітіп аламын деп, екіншісі кикілжің шығады деп қорқады. Әйел адамдарда да сондай. Сондай кезде адамды белгісіз бір үрей билеп алады. Одан бөлек, депрессияға түссе, яғни еш нәрсеге құлшынысы жоқ, ілініп-салынып жүретін кездерге тап болып қалуы мүмкін. Сосын балалардың арасында да ата-анасына ішіндегісін айта алмайтын, қарапайым «Мен сені жақсы көремін», − деп бетінен сүйіп, құшақтауға ұялатындары бар. Міне, осындай кезде біз түрлі психологиялық техника­ларды пайдаланып, адамның ішіндегісін босатуға, сырын айтуға көмектесеміз.

– Психолог әрқашан көмектесе ме?

– Психологқа келгеннен, ішіндегісін айтып кеткенмен, ол тұйықтығынан арылуы екіталай, әрине. Бірақ адам өмірінің әр күнінен сабақ алуға тырысу керек. Жас кезінде психологқа жүгінген адам өз баласына қарым-қатынасын жақсартуы мүмкін. Осылай адамдардың арасындағы алшақтық азаяды. Одан бөлек, бізге келген адам шын ниеттенсе расында іштей босап, қиындықтардан арыла алады. Өмірге деген құлшынысы артады, жеңілдікті сезінеді. Біз айтқан нұсқауларды орындаса, жауапкершілікті түсінсе өзгені де өзгерте алады.

– Әйел адам шынымен әлсіз бе? Ер адамға неге жылауға болмайды?

– Біріншіден, әйел адам ер адамның жанында қай кезде де әлсіз болуы керек. Өзін әлсіз етіп көрсетуі керек. Өзінің әлсіз екеніне сенуі керек. Әйтпеген жағдайда ол ер азаматқа деген сенімін жоғалтады, өзін биік санайды.

Екіншіден, ер адамға жылауға болады. Бір ер адамның көз жасын екінші адам шектейді. Біз кішкентай кезінен ұл баланы «Жылама, саған жылауға болмайды. Ер бала емессің бе?», − деп өмірдің заңдылығы секілді тежеп тастаймыз. Ал шынтуайтында, ол да адам. Оның да ішінде сан түрлі эмоция, мұң мен қайғы болуы мүмкін. Ол кемшіліктерді жоймаса, іштегіні шығармаса не болатынын біз айттық.

– Қазіргі балалардың мінезі неге өзгерді?

– Ата-ананың әсері. Осы кезге дейін қанша айтылған әңгіме ғой. Бірақ расында, бір смартфонның өзі бүгінгі адамның мінез-құлқына қатты әсер етті. Агрессивті адам көбейді. Ата-ана баласына шектеу қойғанмен, өздері сол «инстаграмда» өмір сүреді. Жұлдыздар, блогерлердің өмірі қазір көпшіліктің көз алдында жүр. Соның кесірінен қарапайым адамдар өз өміріне риза болмайды, қызғанышпен қарайды, өзін кінәлайды. «Саған тұрмысқа шыққаннан осындай болдым, әйтпесе бүйтіп жүретін адам едім», − дейтін әңгіме бары шындық. Міне, осының барлығы балаға беріледі. Өйткені бала қай кезде де көргенін істейді. 7 жасқа дейін бала анасының энергиясымен өмір сүреді. Сол үшін баланы жеті жасына дейін көңіл бөліп, жақсы көру керек. Бұрын жұмыс істейміз деп үлгермеді. Ал бүгін біреудің өмірін бақылаудан қолы босамай жүр. Сон­дықтан агрессивті баланың артында агрессивті ата-ана тұрады.

– Психологтың алдына қаншама адам, қанша тағдыр келеді. Сол адамның бәрін жұбатуға энергияны қайдан аласыз?

– Негізінен психологтың өзіне де психолог керек. Менің де эмоцияға берілетін, ашуланатын кездерім болады. Менің де жеке өмірім бар. Міне, осындай кезде мен де жеке пси­хологыма жүгінемін. Ал менің алдыма келген адамдардың жаман энергиясын қабылдап қойсам көп жаяу жүремін.

Қазіргі заман − энергияның заманы. Сондықтан жұмыстың, ақшаның артынан қуып жүре беруге болмайды. Өйткеннің өзінде де адам өзін жайлы сезінуі екіталай. Отбасымен бірге уақыт өткізу, өз-өзіңе көңіл бөлудің маңыздылығы сіз ойлағаннан да зор. Мәселен, мен күнделікті ұйқыдан тұрғанда жылы су ішіп, жаяу жүремін. Ерте тұратын болғандықтан бұл уақытта көшедегі көлік те аз, қала тыныш күйде болады. Бұл өз кезегінде концентрацияға, өз-өзіңмен тілдесуге көмектеседі.

– Психология туралы үздік үш кітап?

– Ондай кітаптар көп, әрине. Бірақ Луиза Хей, Виктор Франклдің кітаптары ерекше ұнайды. Сонымен қатар Күлмаш Елшібаеваның заманауи психология туралы кітабын ұсынар едім.

– Депрессиядан құтылудың ең оңай жолы?

– Адам үш күннен артық депрессияда болмауы керек. Үш күн ғана мұңаюға болады. Өйткені ол эмоция да бізге қажет. Ал одан құтылу үшін ең бірінші – жалғыз өзі моншаға барып, кемінде 1 сағат парда отыруы керек. Бір сағат түгелдей емес, арасын бөліп, сосын жылы, 36 градустан жоғары температурадағы су ішуі керек. Одан бөлек, қанша қаламаса да еркіне қарсы тұрып, жаяу жүру қажет. Әсіресе таңғы уақытта. Мұндай физикалық әрекеттер өз-өзіңе келуге көмектеседі.

– Психологқа жүгінбес бұрын не істеу керек?

– Шын ниетпен келу керек. Біздің көмектесе алатынымызға сену маңызды.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: