Бейсенбі, 25 сәуiр, 01:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

09.12.2022

2371 0

Сыр елінің бас қаласы Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мұнда жыл сайын көптеген шағын аудандар бой көтеруде. Жаңадан әлеуметтік нысандар салынып, әлеумет игілігіне табысталуда.

Сыр елінің символындай салынып жатқан «Өнер» орталығы осындай айтулы нысанның бірегейі. Орталық орналасқан жер аумағы үлкен. Құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығы «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесіне міндеттелген. Мәдени орталықтың сапалы салынуы – ең басты талап. Бас ғимараттың құрылысы 2023 жылы аяқталды деп күтілуде. Сыр елінің сәулетіне сән беретін үлкен сыйымдылықтағы нысан Сыр өңірі көркемөнерпаздарының көз қуанышы болмақ. Ел игілігіне арналған орталық ізгі істер бастауы болып, талай таланттардың тұғырына айналарына сенім мол.

Өнер орталығы соңғы үлгідегі сәулетті үлгіде жобаланған.  Орталықтың дизайны жоғары деңгейде. Екі қабатты болып салынатын нысан барлық қажетті талаптарға сай жабдықталмақ. Бұл еліміз бойынша ең үлкен бір төбелі өнер алаңы болады деп жоспарлануда.

Өнер орталығының құрылыс алаңында болып, жүргізілу жұмыстарын көріп келдік. Бізді участке бастығы Есен Мырзабеков күтіп алып, жұмыстың жүргізілу барысымен таныстырды.

– Қазір қыс мезгілі болғанымен жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшылар уақытпен санаспай істің ілгері жылжуын мақсат етіп отыр. Мұнда 40-қа жуық жұмысшылар бар. Барлығы жергілікті азаматтар. Біздің басты қағида құрылысты уақытылы сапалы орындалуы. Әрбір деталға мұқият қарап, үлкен ыждағаттылықпен атқарып жатырмыз. Құрылысқа қажетті заттар жеткілікті. Жұмысшылардың жалақысы 200 мыңның үстінде төленеді. Қазіргі кезде нысанның астыңғы қабатын салып жатырмыз. Көктем де негізгі бөлігіне көшеміз деп отырмыз. Сол кезде жұмысшылар санын да көбейтетін боламыз. Техникалар жеткілікті. Бұл жерде қазақ өнерінің қаймақтары шығуы бек мүмкін. Қасиетті де киелі орында қолтаңбамыз қалып жатса, біз үшін үлкен жетістік, – дейді участке бастығы Есен Мырзабеков.

«СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс саласында тәжірибесі мол. Темірхан Әлімқұлов басқаратын ұжым кәсіби маман иелері. Олар айналасына ұдайы адал еңбекті насихаттап, өзгелерге үлгі болып келеді. Өңірдегі құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар мекемеге жүктелер жауапкершілік зор.

Қыстың қақаған аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығын да, құрыш білектің қуатын зәулім ғимараттардың бой көтеруіне арнайтын құрылысшылардың еңбегі зор. Бүгінде олардың ерен еңбегінің арқасында қаншама адам жайлы тұрғын үйде алаңсыз ғұмыр кешуде. Халық денсаулық сақшыларын «Ақ халатты абзал жан» десе, құрылысшыларды «Алтын қол», «Құрыш қол» деп дәріптейді.

Мердігер мекеме директоры Темірхан Әлімқұлов алғаш еңбек жолын Шиелі ауданында жүргізуші болып бастады. Одан кейін Алматы темір жол транспорты инженерлер институтына «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Сөйтіп, Бәйгеқұм қыстағында ПМК-47 мекемесінде тас қалаушы болып жұмыс істеді. Қарапайым маман болып бастаған азамат еңбекқорлығының арқасында биіктен көріне білді. Атап айтсақ, Шалқар станциясындағы СМП-660 «Ақтөбетрансстрой» мекемесінде учаске мастері, 1983 жылы прораб, 1984 жылдан бас инженер қызметтерін атқарды. Содан бері құрылыс саласындағы қанша сатыдан өтті. Тәжірибесі толысқан майталман маман атанды.

Қазіргі кезде «СМП-Қызылорда» ЖШС облыс көлемінде ғана емес, ел аумағындағы кез-келген күрделі ғимараттарды салу бойынша құрылыс монтаждау жұмыстарын бірінші санаттағы мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырады. Бұл мекеме арнайы құрылыс техникасымен, түрлі мақсаттағы механизмдер және үлкен автомобильдер паркімен жабдықталған.

– Мекемеде 245 адам еңбек етуде. Оның ішінде 171 әртүрлі мамандық иелері бар. Атап айтсақ, 42 экскаватор, бульдозер, кран машинистері мен жүргізушілер мен 32 инженерлік-техникалық қызметкерлер бар. Мұнда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақы, еңбек демалысын уақытылы беру, арнайы киіммен қамтамасыз ету басты назарда. Бұл мекеменің тарихы тереңде жатыр. Толығырақ айтсақ, алғаш 1945 жылы Қызылорда қаласынан Ташкент темір жолы механикаландырылған колоннасының прорабтық учаскесі болып құрылды. Ал 1958 жылы осы учаске базасында Теміржол байланысы министрлігіне қарасты Қазақ теміржолының СМП-355 құрылыс мекемесі жасақталды. Ол Түркістан станциясынан Сексеуіл станциясына дейінгі аралықтағы теміржол саласына байланысты барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізумен айналысты. Айта кету керек, мекеме құрылғаннан бері қырық жыл ішінде вагон депосын қайта жарақтандыру кешенін, теміржол ауруханасын салды. Қалалық ішкі істер бөлімі орналасқан аудандағы, темір жол вокзалы маңындағы тұрғын үйді, монша, локомотив депосы, рельс дәнекерлеу зауыты, нан зауыты, балабақшалар және басқа да нысандар салып, пайдалануға берді. Осылайша 1998 жылы темір жол құрылыс мекемесінің барлығы «Желдорстрой» акционерлік қоғамы құрамына еніп, осы құрамдағы біздің мекеме СМП-4 болып аталды. Сөйтіп, көптеген нысанға құрылыс монтаж жұмысын жүргізе бастады. Сол кезде қарашығанақ кешенінде темір жолды дамыту, Ақсай темір жолы, Ұзынағаш-Алматы темір жол учаскесін жарықтандыру, жанармай құю бекеті, шағын қазандық құрылысы салынды. Ал 2002 жылы «Желдорстрой» АҚ кәсіпорыны қайта құрымдауға түсіп, мекеме жаңадан өз алдына «СМП-Қызылорда» ЖШС болып аталды. Алғашқы кезде мекеменің ішкі жағдайының төмен екенін көрдім. Жұмысшылардың да жағдайы жасалмаған. Осы кезеңде құрылыс саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыңдалдым. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді ел игілігі жолындағы жұмыстарға жұмсап келемін. Қиындықты көппен бірге көріп, жетістікке жұртпен бірге жетіп жүрміз. «Бір адам бейнеттеніп құдық қазса, мың адам мейірленіп шөл қандырады» деген даналық сөз бар. Біздің ісіміз көпшілікке саясын түсіріп жатса марқаямыз, – дейді «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұлов.

Серіктестіктің өндірістік қуаты жоғары, ауқымы кең. Кәсіпорында лай-бетон дайындау торабы, ағаш құрылым цехы, арматура цехы, механикалық цех, пластикалық бұйымдар цехы, шағын темірбетон бұйымдарын дайындау цехы, қозғалқыштарды орау цехы, екі бетон зауыты және база аумағында ұзындығы 3,6 шақырым теміржол желісі бар. «СМП-Қызылорда» ЖШС құрылған уақыттан бері тұрғын үйлер, мектептер, балалардың жазғы тынығу лагерін, ауыл клубтарын, салды. Атап айтсақ, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, Қорқыт ата мемориалды кешені, әкімшілік ғимараттардың құрылысын жүргізді.

Өнер орталығы заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мың адамға арналған мәжіліс залы, арнайы үйірмелерге арналған бөлмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы көрікті нысандардың біріне айналмақ. Оқушылар мен жас жеткіншектердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға арналған өнеге ордасы болмақ. Осынау дәуірлі өнер ордасы Сыр төрінде салтанат құрмақ.

Қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтіп, Тұран топырағының қасиетін даралайтын берекелі орынның бәсі биік болады. Бұл біз көрген Өнер орталығының бүгінгі бейнесі.

Мүсілім ШАЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: