Жексенбі, 08 желтоқсан, 08:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қытай текетіресті бастады ма?

10.04.2022

731 0

Ресейдің Украина жеріндегі қарулы қақтығысы арқылы Путин Батыс елдеріне азуын көрсеткісі келді деп болжауда. Украина жеріндегі Ресейдің «арнайы операциясы» әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Осы орайда батыстықтар енді Қытайдың да мінез көрсете бастағанын алға тартуда. Бұл пікірге орай CNN арнасының тілшісі Закари Б.Вольфа «Бас генерал Қытай қарулы күштері жайлы ескерту жасады» тақырыбында мақала жариялады.

Мақалада көрсетілгендей, американдық генералдың сөзінше, Ресей мен Қытай қазіргі ережелерге сай негізделген әлемдік тәртіпті өзгерткісі келеді. Біріккен қол­басшылықтың төрағасы генерал Марк Милли сейсенбіде Конгресстен Пентагон үшін көбірек ақша сұрау арқылы ірі державалар арасындағы ауқымды соғыс болуы мүмкін деген болжам бар екенін дәлелдегендей.

«Біз уақыт өткен сайын тұрақсыз болып бара жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз және алып державалар арасындағы ірі халықаралық қақтығыстардың ықти­малдығы азаймай, керісінше артып келеді. Ресейдің Украинаға басып кіруі тек еуропалық бейбітшілік пен тұрақтылыққа ғана емес, менің ата-анам мен бірнеше американдық ұрпақ аянбай күрескен жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруде», – деді Милли.

Көптеген республикашылар мен кей демократтар Миллидың қазіргі сұрап отырған қаражаты Пентагонға жеткіліксіз деп есептейді. Олардың пікірінше, қорғаныс министрлігі соңғы 40 жылда ең жоғары көрсеткішке ие болған 4 проценттік инфляцияны есепке алмай жеткіліксіз қаражат, яғни 2023 жылға 773 млрд доллар сұраған. 

Сондықтан қорғаныс министрлігіне инфляцияны қайта есептеп, көбірек қаражат сұрауды ұсынды. Мұндағы себеп – Украина жеріндегі соғыстың АҚШ әскерін біраз әбігерге салып, үздіксіз оқу-жаттығу өткізуге мәжбүрлігі.

Дегенмен мақала авторының пікірінше, Ресейдің қазір­гі әрекетін қорғаныс министрі Қытай әскері туралы баян­дамасымен «бірдей екпінде» мәлімдеген. Қытай әскерінің, әсіресе, әскери-теңіз күштерінің артуы соңғы жыл­дары АҚШ шенеуніктері мен заң шығарушыларын алаңдатып отыр.

Тілшінің сөзінше, АҚШ-тың соңғы аптада гипер ды­быс­тық зымырандарға көп назар аударуы «қарулы қуаттылықпен жарысуды бастағанының» дәлелі. Бұған дейін арна тілшісі Орен Либерман «Соңғы айларда ресейлік және қытайлық әскердің гипердыбысты зымырандарға жасаған сынағы Вашингтонды әбігерге салды. Себебі АҚШ болашақта аса маңызды рөл атқаратын қарулы күш­тер жарысында артта келе жатқанына алаңдаулы» деп жазды.

«Қытай әскери күштерінің бұрын-соңды болмаған модернизациясы олардың негізгі мүмкіндіктері бойынша бізден асып түсуіне мүмкіндік берді», – деп мәлімдеді Алабама штатының өкілі Майк Роджерс сейсенбі күнгі отырыста. «Қытай Коммунистік партиясы қазір әлемдегі ең үлкен армия мен флотты басқарады. АҚШ-қа қарағанда оның әскері, кемесі мен гипер дыбысты зымыраны көп», – деді ол.

Мақала авторы Қытайдың әскери қуаты мен шығын­дары туралы АҚШ-тың не білетіні туралы көбірек ақпарат алу үшін қытайлық сарапшы, деректерді талдаушы, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Мэттью П.Фунайолаға хабарлас­қан. Телефонмен тілдесу нәтижесінде білген ақпаратты алты тармаққа бөліп, өз мақаласында қысқаша тоқталған. Біз де оқырман назарына Америкадағы қытайлық сарап­шының сөзінен туындаған алты тармақты қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

Біріншіден, Қытай өзін Үнді-Тынық мұхиты аймағын­дағы басты фаворит ретінде көрсеткісі келеді. АҚШ-ты ығыстыру мақсатында ол өзінің әскери күштерін не­гізгі құрал ретінде пайдалануы мүмкін. Қазіргі кезде Қытай өзінің әскери-теңіз күштерін модернизациялауда және барлық күш-жігерін жаңа жерүсті әскер құруға, суасты қайықтарын жаңартуға және ұшақ тасығыш бағ­дарламасын дамытуға жұмсауда. Бұл мақсатқа жету үшін ол аз уақыт ішінде біраз ілгерілеушілікке жетіп отыр.

Екіншіден, Қытай АҚШ әскерін басып озған жоқ. Жалпы шығындарды есептесе, Қытай әлі де Америкадан артта. Мәселен, Қытай әскері белгілі аймақта ғана шоғырланса, АҚШ әлемнің біраз елінде әскери активке ие. Алайда Қытай Корея, Жапония мен Вьетнамды қосып алып есептегендегі қаражатпен тең ақша жұмсайды екен. Фунайоленің сөзінше, АҚШ әлі де ойлап табу мен жасап шығаруда алда келе жатса да Қытай кей салада алға шыққан. 

Үшіншіден, «АҚШ қуанышқа немесе өкінішке орай, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік қақты­ғыстардың барлығында бас көрсетті. Ал Қытайдың әскери сынағы Америкадан аз. Бұл көрсеткіш қарулы күш­тің қуаттылығы жарысында» ерекше орын алады», – дейді Фунайоле. Алайда Қытайдың алға ілгерілеудегі бір кем­шілігі – кадр санын көбейту. «Қару қуаты жарыста» технология мен шығын ерекше орын алғанымен, әскери­лер саны да жоғары маңыздылыққа ие. Ал бұл тұста Қытай артта екені анық.

Төртінші, Фунайоле Ресей мен Қытайды «одақтас» деп санамайды. Оның сөзінше, Ресей мен Қытай серіктес ретінде жұмыс істеп, кей мәселелерде басқа елдерге қара­ғанда жақынырақ болғанымен, АҚШ пен оның одақтас елдеріндегідей қарым-қатынас жоқ.

Фунайоле бұл пікірінің дәлелі ретінде Батыс елдері, соның ішінде АҚШ Украинаны жақтаған кезде Қытайдың бейтарап саясатын сақтауын алға тартқан.

Бесіншіден, Фунайоле АҚШ әскери қуаты бойынша Қытайдан қалмас үшін тереңірек зерттеу керек. «Мәселен, алдағы уақытта Қытай «катапульт» жүйесі арқылы жүзеге асатын үшінші ұшақ тасығышын іске қосады. Бұл озық технологияның нәтижесі болмақ. Ал қытайлық әскер бұл қаруын теңіз күшіне қосқанда барлық әлем бұл туралы жар салады. Қытайдың ойлап тапқан қаруына қарсы тұратын қорғаныс жасау үшін және әскери қуаттылықта есе жібермеу үшін Қытайды тереңірек зерттеу керек», – дейді ол.

Алтыншыдан, Фунайоле бір ай бұрын жаңа жүйені сынап және одан ешқандай кері жауап алмауға болады деген пікір болғанмен, қазіргі таңда бұл нәрсе мүмкін еместігін алға тартқан. Қазіргі кезде әлем елдерінің біріккен одақ құруы жиілеген. Дегенмен сол одақтардың ішінде АҚШ-тың одағы берік екенін Ресейдің Украинаны басып кірудегі қазіргі ахуалы дәлелдеп отыр.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: