Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ПСЕВДОСАЛАФИЛІК АҒЫМДАРМЕН ЖАҢАША КҮРЕС МӘСЕЛЕЛЕРІ

13.11.2020

969 0

Қазіргі  рухани дағдарыс заманында көптеген ұлттар тарих бетінен ұлт ретінде жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ұлтты сақтайтын оның тілі, діні, ділі екені анық. Алайда оны сақтап, халықтың санасында бекем ұстау жолындағы тартыс мәселесі тарих сахнасынан түскен емес. VІІІ ғасырдан бастап Түргеш қағанаты кезеңінен ислам дінін қабылдаған қазақ даласы ислам дінінің сүнниттік бағытын ұстанып келеді. Ата-баларымыздың  ханафи мазхабы мен матуруди ақидасында болғанын жырауларымыздың, ғалымдарымыздың, ақындарымыздың, билеріміздің көзқарастары мен еңбектерінде айғақталады. Тарихымызда исламның бірнеше ағымға бөлінген халыққа зардап тигізген кезеңі болған емес. Алайда тәуелсіздік алғанан кейін елімізге ентелеп кірген түрлі ағымдар қазіргі таңда бірқатар ел азаматтарының арасында жік салғанын байқаймыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев дін мен ұлттық құндылықтардың қоғамдағы рөліне баға бере келе «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде: «Барлық халықтар үшін дін – жаулаудың тәсілі мен тәпсірі болғанын еске салудың зияны жоқ. Әртүрлі себептерге байланысты мемлекеттік немесе ұлттық тұтастық идеясы дағдарысқа ұшыраған шақта, елдің қоғамдық және саяси өмірінің сахнасына бүкіл рухани идеяға ұйытқы болып дін шығады. Көп жағдайда сенімнің біртұтастығы тарихтың тайғақ кешулерінде халық тағдырына араша түсіп отырады. Алайда, кейбір жағдайларда мемлекет рөлі баяу да басыңқы болғанда, өмірдің барлық саласында діннің бел алуы сайқымазақтық сипат алып қана қоймайды, сонымен бірге қауып-қатер төндіретін кездері бар. Бұл жеке адамдарға ғана қауіп төндіріп қоймайды, кейде тұтас адамзат үшін де қатерлі», деген болатын.

         Ислам дінін жамылған түрлі жалған ағымдар ашылып, Құран аяттарын өз саяси бағыттарына қарай бұрып алған діни-саяси топтар, экономикалық ортаны басып алу ниетімен минералды ресурстарға бай елдердің маңызды нүктелерінде  түрлі бүліктер ұйымдастырып, аталған орындарда мемлекетке қарсы псевдосалафилер азаматтар топтарын қалыптастыру үрдістерін жүргізуде. Аталған жалған ағымның Қазақстанда «мадхали» және «сурури» ұстанымындағы псевдосалафилік, тәкфір жамағаты сынды бөліністері бар. Бұл бөліну үдерістер саяси себептерден туындағанын осы уақытқа дейін ғалымдар жазуда. Дегенмен, бірнеше жамағатқа бөлінген аталмыш топтардың өзара қарым-қатынасы неге жақсармайды деген сұрақ туады. Аталмыш жамағаттардың оқитын кітаптары да, алға тартатын тарихтағы басты ғалымдары да бір. Алайда саяси көзқарастары мен психологиялық ерекшеліктеріне қарай жоғарыда көрсетілген жамағаттар діни-қоғамдық мәселеге келгенде өзара араз. Діни көзқарастары олардың әрі қарай әлеуметтік және дүниетанымдық көзқарастарының да алшақтауына да әсер етіп отыр. Аталмыш жамағаттардың санасын ұлттық құндылықтар,  дәстүр ұғымдары еш қызықтырмайтыны түсінікті. Ал әлеуметтік қиындықтарды пайдалана отырып,  өз ортасы мен мемлекетке деген өшпенділігін арттырады.

         Қазақстанда псевдосалафилік көзқарастағы азаматтар ортасын талдасақ, аталған идеология жетегіндегі азаматтардың бір топтан екіншісіне өтіп кетуі тәжірибеде бар. Бұл қай жамағат арасында уағыздардың көбірек белсенділігіне қарай болып отыр.   

         Елімізде осы шетін көзқарасқа өтіп кеткен азаматтарды оңалту саласын жүйелендіру бүгінгі күні мәнін жоғалтпаған мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Өйткені жамағатқа айналған топтардың мемлекеттің саяси күші мен экономикалық бағыттарына саяси шабуылдар басталғанда сыртқы күштердің қолшақпары болып кетуі мысалдары бар екенін кейбір елдердің ахуалынан байқауымызға болады.

Псевдосалафилік идеологияның тарихы халифа Әлидің кезіндегі харижиттік атаулармен басталады. Исламның атын жамылған топтардың өз нәпсілеріне қарай дінді бұрмалап, түрлі бүліншіліктер жасағаны туралы Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде: «Менің үмбетім 73-ке бөлінеді, барлығы тозаққа түседі, тек біреуі ғана жұмаққа кіреді» делінеді. «Ол кім? деп сұрағанда: Мен және жамағатым», – деп жауап береді.  Дәстүрлі емес бағыттағы кез-келген жамағаттар көшбасшылары «сол пайғамбар айтқан тура жол біздің жолымыз» деп сендіру арқылы өз жамағаттарын одан әрі қуаттандыруға тырысады. Түрлі жамағатқа бөлінген азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан өзара қарым-қатынасқа түспеуі күннен-күнге өрістеп келеді. Психологияда аз топ өкілдері бір-біріне өзара жақын болатыны туралы теория бар. Бұл тәжірибелік тұрғыда кейбір мемлекеттердің ішінде аз ұлттардың өзара жақын қарым-қатынаста болатынын айтуға болады. Ал мемлекет ішінде тілін, ұлтын, өз ұлтының рухани құндылықтарын жоққа шығарып, өзара жамағатқа азаматтар топтары «Алла жолына, таза исламға шақырамыз» деген  ұрандармен сыртқы күштердің немесе жеке тұлғалардың ықпалымен саяси топтарға айналып отыр. Мысалға алатын болсақ кейбір мемлекеттерде мемлекеттің басына келуші басшылардың түрлі діни топтардың көсемдерімен өзара келісімге келуі арқылы билікке жететінін тарихи деректерден белгілі. Яғни, кез-келген діни экстремизмнің артында мемлекеттің іргесін сөгуге дайын топтар тұрғанын байқауға болады. Сондықтан, елдің руханиятын сақтап қалу үшін, псевдосалафизм жолындағы азаматтардың эмоционалды кеңістігін алмастыру қажет. Яғни, жастарға ұлттық болмысты сіңіру қажет.

        Әлемдегі мұндай теке-тірестер  идеялар тартысының көрінісі екені анық. Аталған тартыстың жемісі жоғары білімділікпен, терең психологиямен, әлеуметтік әрі адамгершілік істермен нәтиже береді. Радикалды азаматтың әлеуметтік және психологиялық қиындықтарының негізінде жан тыныштығын радикалды жалған құндылықтардан алды деп есептесек, оларды да осындай сынды сарапталған жағдайлармен санасуға бейімдеу маңызды. Ал, діншілдік мен радикалдық ұстанымды  насихаттайтын құралдардың тоқтамайтынын тәжірибеден байқаудамыз. Кез-келген радикалды іс-әрекеттердің бастауында саяси, экономикалық, өзгеше құндылықтарды енгізу жатады.

        Псевдосалафизмнің тарихы, өзіне тән идеологиясы, қайнар көздері мен ғалымдары, оның үстіне қазіргі таңда бұл жүйені қолдаушы саяси күштердің барлығы білгілі. Тарихи деректерден идеологиялық күрестердің болатындығы және оның заман ағымына сай өзгеріп отыратындығы анық. Уахабизм идеологиясының ислам құндылықтарымен және әр халықтың дәстүрімен еш қабыспайтынын ескерсек, дәстүрмен біте қайнасқан дәстүрлі танымның баяндылығы мәңгілік болатындығы анық.

         Отанның мәңгілігі, құндылықтың мығымдығы өміршең күрестің нәтижесінде орнығады. Жалпы құрылыммен қатар жекелеген жұмыстардың маңыздылығы ешқашан маңыздылығын жоймайды. Өйткені құндылық көпшілікпен құндылығы артады. Көпшіліктің белсенділігін жекелеген тұлғалар арттырмақ. Қоғамдық жұмыстарда жекелеген жұмыстар жалпылама сипат алмақ. Сондықтан жеке тұлғалармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарының негізгі бағыты елдің рухани байлығы мен болмысын насихаттау болып табылады.

Жарас Ахан,

Тарихшы-дінтанушы

ҚР Дін саласындағы республикалық

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: