«Валюта суреттерін салу оңайға түскен жоқ. Сурет композициялары бірден шыға қоймайды. Талай рет қайтадан жасап қалпына келтіргенше қиналасың. Көз шаршайды. Бір-екі сағат демалып, қайтадан жұмысқа кірісесің. Англияға келгенде фирма суретшілері эскиздерімізді көріп аң-таң болды»…
Бұл – төл теңгеміздің дизайнерлерінің бірі, белгілі суретші, Сыр перзенті Ағымсалы Дүзелхановтың сөзі.
Бұдан 27 жыл бұрын төл теңгенің дүниеге келетінінен қалың ел хабарсыз кезде бір жыл уақытын теңгенің безендірілуіне арнаған суретші сол кездегі төгілген тер, ұйқысыз күндер, көз майын тауысқан сәттерді қазір тек жылы естеліктермен еске алады. Әйтпесе, ол күндер оңай болған жоқ. Тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш валютасы! Тәуелсіздікке қол жеткізген елдің енді өз валютасы айналымға шықпақ. Мұндай жауапкершілігі ауыр жұмыс кез-келгенге артылмасы анық. Жауапты сәтті абыроймен алып шығу керек. Таразы басында мемлекет намысы тұр. Осындай жүгі ауыр жауапкершілік оның көз іліп, мызғып алуына мұрша бермейді. Көз сәл демалса болды, қайта іске кіріседі. Барша жұрт қуанатын іс жасап жатқанда қайдан ұйықтасын?! Өз ісіне жауапкершілікпен қарап әрі тиянақты жұмыс істеу, шыдамдылық пен қажыр-қайрат оған бала күнінен ата-әжесі берген тәрбиемен бойына сіңген. Бір сәт балалық шаққа саяхат жасады. Бала күнінде әжесінің жанында ою ойып отырушы еді. Әжесінің әндетіп отырып ою оятыны, көздің жауын алатын күміс әшекейлері оны сұлулыққа құштар етті. Әже қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, киіз үй жабдықтары бала қиялын ұштай түсті. Әжесінің қолғанатына айналған кішкентай баланы бір уақытта Англия шеберлерін тамсандырып, қазақтың төл теңгесін безендіруге атсалысады деп ол кезде ешкім де ойламаған болар. Біздің қаламымызға арқау болған кейіпкер Ағымсалы Дүзелханов – Сыр топырағының перзенті, Қазалы ауданында дүниеге келген. Құмның ортасында ойнап өскен, ата-әжесінің баласы.
Сонымен Англия шеберлері қазақ суретшілеріне неге таңғалды? Теңге дизайны қалай жасалды? Сәл шегініс жасайық. Себебі суретшінің мүддесіне сіңірген еңбегін айту үшін ең әуелі әже тәрбиесінен аттап кетсек қиянат болар. Себебі әлемге есімі әйгілі суретшінің бұл жетістігі әже тәрбиесімен астасып жатыр…
Әжесінің баласы
Үйдің тұңғышы. Тұңғыш болу баланың маңдайына жазылған бағы деп саналатын ол кезде. Ата-ананың тұла бойы тұңғышы өз баласы емес. Әкесі оны балам деп емірене алмайды. Дүниеге інім келді деп санайды. Себебі тұңғыштың ата-әжеге тиесілі болуы – қазақтың жазылмаған заңы. Ата-әженің баласына ата-анасының сөзі де жүрмейді. Ал ата-әженің баласы болу – бар баланың маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Бар тәттіні аузына тосып, әжесінің айналып-толғанған мейіріміне қанып өскен баланың тәрбиесіне ешкім де күмән келтіре алмайды. Қазақта «ата-әженің тәрбиесінде өскен бала ғой» деп ерекше құрмет білдіріп жататыны бекер емес. Себебі ата-әже мектебі бала тәрбиесіне немкетті қарамайды. Еркелетіп өсіріп-ақ баланың бойына бар құндылықты сіңіретін, жүрегі мейірімге толы, жаны таза ұрпақ тәрбиелейтін сол кездегі ата-әжелердің тәрбие мектебіне қайран қаласың. Бала Ағымсалының балалық шағы тіпті, қызық! Қаладан алыс ауылда, ата-әженің ортасында өсті. Ауылдың құмына аунап, суына шомылып, өрістен қайтқан малдың у-шуын қызықтап, киіз үйде жатып ап, жұлдызды аспанды қызықтаған, әжесінің небір ертегілерін тыңдап ұйқыға кететін оның балалық шағының естелігі таңғажайыпқа толы. Әжесі Жарқын ажарлы, ісмер болатын. Оның киген киімі, құлағындағы сырғасы, саусағындағы құсмұрын жүзігі, қос білегіндегі оюлы білезігі де өзіне сондай жарасымды еді. Бала Ағымсалының көз алдына әже бейнесі осылай қалыптасты. Қартайған шағында да еңсесі тік қалпы, еңбектен қол үзбеген әжесі кішкентай Ағымсалыны еңбекқорлыққа, қолөнерге баулыды. Бір ауылдың қолөнер мектебіндей болған әжесіне ою оюға көмектесуге де жарап қалды. Киіз үйдің көздің жауын алар жабдықтары, әже қолынан шыққан әсем бұйымдар бала Ағымсалының бойындағы талантты ұштады. Табиғаттың сұлулығына тойып өскен ол сол сұлулықты қағазға түсіруге құштар болды. Атасы Жансүгір түрлі-түсті бояу мен қылқалам үшін жүз шақырым алыстағы аудан орталығына арнайылап барып келді. Бұл күні одан артық бақытты жан жоқ. Айналадағы сұлулықтың барлығы, судағы балық, ұшқан құс, тіпті ауыл адамдары ақ қағазға сурет болып салына бастады…
Мәскеу мектебі
Балалық шақтағы бұл қызығушылық үлкен арманға жол ашты. Әскери борышын өтеп келген жас жігіт Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Училищені үздік аяқтап, В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына түсті. Үлкен орта оның білімін де, таным көкжиегін де, кеңейте түсті. Мәскеудегі белгілі музейлер мен көркемсурет галереялары, түрлі көрмелердің ортасында жүріп көзбен көру болашақ суретші үшін нағыз академия болды. Бірде Мәскеудің тарихи музейіне жол түсті. Мұнда ежелгі сақ шеберлерінің туындыларын бірінші рет көрді. Сол сәттен бастап жас суретші өз ұлтының тарихын туындыларына арқау етуге қызыға бастады. Қазақ тарихындағы батырларды сомдау үшін әрбір детальді іздестіріп жинауға ұмтылды. Суретшінің ізденісі туралы өнертанушы, техника ғылымының кандидаты Роза Жүсіпова: «Жазушы, сценарист, «Томирис» кітабының авторы Болат Жандарбековтің ұсынысы оның тарихи туындыларды кескіндеуге талпынысын аша түсті. Тарихи тақырыптарды қылқаламына арқау ету сақтардан басталып, «Ғұндар», «Ежелгі түркілер», «Жоңғарлармен шайқас кезінде» атты тақырыптарға жалғасты. Сондай-ақ Абылай хан, Әбілхайыр хан, Томирис портреті талантты суретшінің қайталанбас туындысы» деп жазады.
1992 жыл. Министрлер кабинетінің шешімі
1992 жыл. Жауапты сәт. Министрлер кабинеті тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгені шығару жұмысына суретшілер, дизайнерлер тобын құруға шешім қабылдады. Қазақстан дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов басқарған топта сол кездегі «Жалын» баспасының бас суретшісі Меңдібай Алин, дизайнер Зайрулла Ғабджалилов, Ағымсалы Дүзелханов бар. Үлкен жауапкершілік артылған топ жұмысы басталып кетті. Қазақтың тұңғыш теңгесінің эскизін жасау оңай шаруа емес. Жыл он екі ай, күн мен түнге ұласқан жұмыс нәтижесін берді.
Тұңғыш Президент бейнесі неге жасалмады?
Теңгенің алғашқы жоба эскиздері түрлі талқылаудан өтеді. Түрлі эскиздер министрлер мен ғалымдардың, тарихшылардың талқысына түседі. Эскиз ішінде еліміздің тұңғыш Президентінің бейнесі өтпей қалады. Себебі…
– Алғашқы эскиздерді Алматы қаласында жасадық. Түрлі идеялар болды. Министрлер, ғалымдар, тарихшылардың қатысумен қайта-қайта талқыланды. Еліміздің табиғат көріністері, көне заман ескерткіштері, жаңа сәулет ғимараттары ұсынылды. Сонымен қатар еліміздің тұңғыш Президентінің бейнесі де ұсынылды. Алайда Елбасының өзі қарсы болды. Ең соңында белгілі тұлғалар бейнесі енгізілген эскизді комиссия мүшелірі қолдады, – дейді Ағымсалы Дүзелханов.
Ұйқысыз күндер немесе Англия суретшілері аң-таң болған сәт
Эскиз мақұлданған соң суретшінің ұйқысыз күндері басталды. Қазақтың ұлттық валютасының суретін салу. Барша қазақты қуантатын күн де алыс емес. Шаршау, қиналыс, осы сәтті ойлағанды бәрін ұмыттырып, шабыт сыйлайды.
– Валюта суреттерін салу оңайға түскен жоқ. Сурет композициялары бірден шыға қоймайды. Алғашқы эскиздері болса да талай рет қайта жасап, қалпына келгенше қиналдық. Көз шаршайды, қате кетеді. Мұндайда бір-екі сағат демалып, қайта кірісеміз. Компьютердің жоқ кезі. Бәрін қолмен жасадық, әріптерге дейін қолмен жаздық. Англияға келгенде фирма суретшілері эскиздерімізді көріп аң-таң болды. Сөйтсек олар сол кезде-ақ қолмен сурет салмайды екен. Компьютер, принтер арқылы жұмыс істейді екен. Теңгенің суреттері дайын болған соң дизайн композицияларын құрастыру жұмысын төртеуміз бірігіп жасадық. Әртүрлі эскиз сызып, фирма мамандарымен ақылдасып, ең жақсы шыққанын тапсырдық, – дейді суретші.
Англиядағы көңіл-күй. Микроскоппен сурет салу
– Тәуелсіз елдің алғашқы валютасын дайындаудамыз. Кеңес Одағының ақшасы құнсызданып, халықтың тұрмысы төмендеп қалған кез. Тезірек өз теңгемізді жасауға үлкен шабытпен жұмыс істедік. Уақыт тығыз. Үкімет тезірек аяқтауға жоспар берген. Біздің жұмыс істейтін офисіміз Лондон қаласынан үш сағаттық жерде орналасқан. Жолға уақыт кетеді. Мен фирма басшыларына түсіндіріп, қонақүйден шықпай жұмыс істеуге рұқсат алдым. Сурет құралдарын, қағаз, үлкен микроскопты қонақүй бөлмесіне әкеліп берді. Енді теңгенің суреттерін нағыз шығатын көлемінде салу керек болды. Көлемі өте майда суреттер. Микроскоп арқылы сурет салуға мәжбүр болдым. Бұрын-соңды микроскоппен сурет салып көрмегем. Акварель кистінің бір ғана қылымен барлық суретті салып шықтым. Қиын да қызықты жұмыс болды, – дейді суретші.
Әже баласының арманы
Біз суретшінің бір ғана жетістігін жаздық. Төл теңгеміздің жарыққа шығуына үлес қосқан суретші. Қылқаламды серік еткен оның мұнан өзге қаншама жетістігін айтып тауыса алмаспыз. Бір кездері Мәскеу мұражайларын, суретшілер көрмесін аралап, тамсанып армандаған ол бүгінде есімі әлемге белгілі суретші. Осы өнерге қызыққан жас буынға бағдар ретінде бірнеше әдістемелік оқулық жазды. 2000 жылы БҰҰ ұйымдастырумен өткен халықаралық «Глобал-АРТ-2000» байқау көрмесінде лауреат атанып, әлемнің 100 елінен қатысқан 33 үздік суретшілер қатарына енді. 2002 жылы Қазақстан туралы тарихи картиналар сериясы үшін Президент жарлығымен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткері. 2016 жылы «Құрмет» орденімен наградталды.
– Бала кезімнен суретші болғым келді. Алғашқы салған суреттерім ауылдағы жан-жануарлар, ою-өрнектер, киіз үйлер. Кейіннен адамдардың бейнесін ұқсатып салуға тырыстым. Әжем ауылдың бар қыз-келіншегіне ою ойып беретін, мен көмекшісімін. Суретші болуыма осы жағдай себепші болды деп ойлаймын,– дейді ол.
… Киіз үйдің ішінде немересіне ыңылдап отырып ою оюды үйреткен дана әжесі сол кезде жанында болашақ белгілі суретші отырғанын білмеген де болар. Адамның жақсы қасиетін бойына сіңіріп, мейірбандылыққа, қарапайымдылыққа, еңбеккорлыққа тәрбиелеген әже мектебі бәрінен де мықты. Тұңғышын ата-әженің алақанына салатын ұлттық тәрбиенің мәнісі де осында болар.
P.S. Бүгінде суретші Ағымсалы Дүзелханов 69 жаста. Алматыда тұрады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!