Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік толғауы : үшінші он жылдық

14.12.2021

5916 0

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, өз тағдырын қолға алғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде қазақ елін төрткүл дүние таныды. Алпауыт мемлекеттер мойындады.

Еліміз тәуелсіздік ала салып, бірден дамыған елдердің қатарына қосыла қоймағаны белгілі. Ол үшін біраз уақыт керек еді. Әлем жұртшылығына беймәлім елдің келешегі бұлыңғырлау көрінгені де жасырын емес. Кезінде бұл туралы талай саясаткер өз пікірлерін ашық білдірген. Алайда халқымыз алдан шыққан қиындықтарға мойыған жоқ. Бұл жайында Елбасы: «Тәуелсіздік алған кезде бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика едік. Экономика әлсіз, өнді­рістер мен зауыттар әбден ескіріп қалған. Ол уақытта мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қиын болатын. Еліміздің өзі түгілі аты да әлем елдерінің көпшілігіне бейтаныс еді. Алайда біз еш уақытта мойыған емеспіз», – деген еді.

Міне, бүгінде біз қиын кезеңдерді артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік. 30 жыл жүргізілген сарабдал саясаттың арқасында экономикамыз жыл санап дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мұнда бірінші он жыл­дық еліміздің аяққа тұрып, етек-жеңін жинаған маңызды кезең болды. Ал екінші он жылдық қаншама елмен байланыс орнатып, ішкі және сыртқы саясатта маңызды шешімдер қабылданған, әлемдік аренада өз орнын нығайтқан тұс. Ал үшінші он жылдық Қазақстанның нағыз даму кезеңі болды десек қате айтпаймыз.

Газетіміздің алдыңғы сандарында бірінші және екінші он жылдық туралы тарқатып жазылды. Бүгін біз үшінші он жылдыққа тоқталмақпыз. Сонымен үшінші он жылдық, 2012-2021 жылдар аралығында Қазақстан тәуелсіздіктің арқасында қандай жетістіктерге жетті? Әр жылға жеке-жеке тоқталып, саралап көрейік…

Еліміз үшін 2012 жыл айтулы оқиғаларға толы болды. Олардың ішінде ең маңыздысы – «Қазақстан – 2050» Стратегиясы еді. Тәуелсіздік күні Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегия­сы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады.

– 2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпы­ұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орын­ды иеленді. Енді Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға керек – деді Жолдауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Тәуелсіздік толғауы : үшінші он жылдық

Бұл жолдау тек экономиканың ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саланың да өркен­деуіне бағытталды. Халықты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру, басқарушылардың біліктілігі, сот және құқық қорғау жүйесі, адам капиталы, зейнет жүйесі, индустриалды жобалар, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылды. Осы жылы Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып, он мыңдаған жұмыс орындары құрылды. Дәл осы уақытта Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті.

Сонымен қатар 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасы қазақстандық спортшылардың жар­қын жеңістерімен есте қалды. Бұл додада боксшы Серік Сәпиев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, велошабандоз Александр Винокуров т.б. спортшыларымыз ел абыройын асқақтатып, Олимпиада чемпионы атанды. Ал 22 қарашада Парижде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетіндігі жөнінде шешім қабылданды. Бұл да Қазақстанның әлем елдері ішінде өзінің салмағы бар екенін көрсетті.

2013 жылда да айтуы сәттер аз емес. Бұл жыл Тұңғыш Президент жариялаған «2050 Стра­тегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыс­тардың қолға алынуымен ерекшеленді. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XX мерейтойлық сессиясы өтті. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан тари­хында тұңғыш рет жергілікті билік ор­гандары басшыларының сайлауы өтті. Бұл жыл осылайша ел ішінде жаңа өзгерістер орын алып, даму жолында тың өзгерістер енгізілген кезең ретінде есте қалды.

Ал 2014 жылы Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуро­палық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Тамыз айында Үкіметте қайта құру жұмыстары өтті. 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Осы тұста энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды. Мұның барлығы ел дамуы жолындағы маңызды шешімдер еді.

Тәуелсіздік толғауы : үшінші он жылдық

Осы жылдағы елеулі сәттің бірі – Ресейдің Сочи қаласында ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындары. Елеулі сәт деу себебіміз, Олим­пиадада қа­зақстан­дық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медальға ие болды. Ал бұл – осы спорт түрінен Қазақстанның Олимпиададағы тұңғыш жүлдесі еді. Жалпы Сочи Олимпиадасына 88 ел қатысты. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынға табан тіреді.

2015 жылы да айрықша есте қалған оқиғалар көп болды. Бұл жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен есте қалды. Айтулы мерейтойға арналған іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде жыл бойы үзбей ұйымдастырылды. Тараз қаласында Қазақ хан­дығының 550 жылдығына арналған монумент ашылды. 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. 2 қыркүйек күні үшінші қазақ ғарышкері – Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ал 27 қыркүйек күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 22 минуттан астам уақытқа созылған баяндамасын қазақ тілінде оқыды. Сөйтіп, ресми алты тілге ғана «есігі ашық» БҰҰ мінберінен барша әлем алғаш рет қазақ тіліне құлақ тосты.

2016 жыл – ел Тәуелсіздігінің ширек ға­сырлық мерейтойы атап өткен жыл. Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланып, бұл мереке елімізде тұңғыш рет атап өтілді.

Тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойын­дарында боксшы Данияр Елеусінов, жүзгіш Дмитрий Баландин және ауыр атлет Нижат Рахимов жүзден жүйрік шығып, Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ ел тарихында тұңғыш рет қазақ қыздары Олимпиада жүлдесін жеңіп алды. Бұл дода да ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл, балуан Элмира Сыздықова және боксшы Дариға Шәкімова қазақтың даң­қын асқақтатты. Жарыс қорытындысында қазақстан­дық спортшылар 3 алтын, 5 күміс және 9 қола, барлығы 17 жүлде иемденді.

Тәуелсіздік толғауы : үшінші он жылдық

2017 жыл да ел тарихындағы айтулы кезең. Жылдың басты жаңалығы – елімізде ЭКСПО көрмесінің өтуі. ЭКСПО – жаһандық оқиға екені әмбеге аян. Бұл жылы көрме «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтті. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға Елордаға әлемнің әр түкпірінен 3 миллион адам келді. Осы тұста айта кететін бір жайт, Қазақстан – ТМД мен Орталық Азия елдері арасында ЭКСПО көрмесін өткізу үшін таңдап алынған бірінші мемлекет.

Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматыда ХХVІІІ Қысқы Универсиада өтті. Оған 57 елден 1,6 мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар жалпы ко­мандалық есепте ІІ орынды иеленді. Ал сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада қо­ғамдық сананы жаңғырту мақсатындағы алдағы жылдардағы міндеттер айтылды. Соған сәйкес, киелі орындар географиясын жасау, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру, т.б. бағыттарда жұмыстар басталды.

2018 жыл үшінші он жылдықтағы айтулы сәттер болған шақ. Бұл жылы Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтілді. Наурыз айында Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялады. Мұнда халықты баспанамен қамта­масыз ету, жалақыны көтеру, газдандыру, т.б. мәселелер көтерілді. Ал қараша айында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақала тарихи сананы жаңғырту мақсатында тәуелсіздік жылдарында үзбей жүргізіліп келе жатқан жұмыстарды одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам ретінде қабылданды.

Бұл жылдың шежіресіндегі тағы бір үлкен оқиға – Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары. Олимпиадада қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева қола жүлдеге ие болды. Қазақстан Олимпиадаға қатысқан 92 елдің арасынан 28-орынға ие болды.

Ал 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 проценттен астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. Осы жылы ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан аталды. Сондай-ақ бұл жыл әлемді әбігерге салған COVID-19 инфекциясының таралуымен есте қалды. Бұл жалғыз біздің емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін оңай болған жоқ.

Ал 2020 жылы елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығы, Алтын Орданың 750 жылдығы сынды мерейтойлар жалпыхалықтық деңгейде аталып өтті. Алайда 2019 жылы басталған COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты көпте­ген жоспарларға өзгеріс енгізілді. Бұл жыл әсіресе еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы күрес жолында жаңа тәжірибе жинады және сабақ алды. Ал Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды.

Тәуелсіздік толғауы : үшінші он жылдық

2021 жылдың жөні бөлек. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Сондай-ақ Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін айтты. Бұл туралы «Мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз бұл мерекелерді өте мағыналы өткізуіміз керек», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Әне-міне дегенше бұл жыл да бітті. Алайда 2021 тарихи жылдардың қатарына қосылды.

Сөз соңы. Қорыта келгенде, үшінші он жыл­дықта ауыз толтырып айтарлық, айтулы оқиғалар көп болды. Бұл жылдары әлемде ұлтымыздың абыройы артып, беделі өсті. Біршама одақтың мүшесі болып, ел үшін маңызды шешімдер қабылданды. Қуанышты сәттер елдің келешекке деген ұмтылысы мен үмітін арттырды, қиын-қыстау кезеңдер еліміздің шыдамдылығы мен төзімділігін көрсетті. Алда тағы бір айтулы жыл, айтулы сәт күтіп тұр. «Күн сөнгенше сөнбейтін» қазақ елі осылайша болашаққа адымдай бермек.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: